Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистиканың бүгіні мен ертеңі екшелді

12.02.2024, 15:50 353

Соңғы кезде журналистердің де, журналистиканың да мәселелері көп айтылып жатыр. Қазір талқыланып жатқан «Масс-медиа туралы» Заң қабылданса, барша БАҚ өкілі үшін негізгі құқық пен мүмкіндіктің қалғаны болғалы тұр. Заң аясында өзгертілуі қажет тақырыптар турасында конференциялар өтіп, кеңес жүргізіліп келеді. Осыған байланысты өткен аптада «Болашақ» университеті және «Сыр медиа» ЖШС басшылығының ұйымдастыруымен «Қазақ журналистикасының өзекті мәселелері» тақырыбында жиын өтті. Аймақ журналистері бас қосқан кездесуге «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, академик Бақберген Досмамбетов жиналғандарға сәттілік тілеп, сөз алды.

  • Журналистика – бұл өзі ерекше сала. Барлық дүниеден хабардар болатын, жаңалықтарды қалт жібермейтін мамандардың саласы. «Болашақ» университетін құрып, кейін осы журналист мамандығын оқытуды бастағанда, оның бүгінінен бұрын келешегін ойладым. «Болашақты» бітірген түлектер болашақта алпауыт ірі концерндерде жұмыс істеп, біздің де, елдің де мақтанышы болатынына сендім, қазір біршама шәкіртіміздің есімі аймақ қаламгерлері қатарында зор беделге ие. Осы мамандықты ашқаным – жетістік болды деп ойлаймын. Әр саланың өз ауыртпашылығы болады ғой, бұл да қазір өз мәселелсін талқылап, күрделі қиындықтарды шешуді жолға қойған сала. Сондықтан, осы саланың болашағы кемел боларына сенемін, – деді Бақберген Сәрсенұлы.

«Сыр медиа» ЖШС директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев аймақтағы мерзімді басылымдар шығаруда ең ірі медиа холдинг саналатын «Сыр медиа» серіктестігі туралы айтып, газет процесі жайлы ақпараттармен бөлісті. Һәм баспасөздегі жазылым жайында пікірін білдіріп, осы саладағы мәселелерді сөз етті. Одан бөлек, серіктестік құрамына кіретін мерзімді БАҚ журналистері мен газет дизайнерлерін қолдау мақсатында жалақымен бірге үздік жұмыстар таңдап алынып, оларға қосымша қаламақы беріліп, қолдау керсетіліп жатқанын атап өтті. Жиын барысында «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетінің редакторы Нұрлан Көбегенұлы «Болашақ» университетінде журналистика мамандарын даярлаудағы ерекшеліктер жайында айтты.

Жалпы, «Болашақ» университетінде журналистика мамандығы 2012 жылы ашылды. Содан бері 200-ден астам маман тәрбиеленіп шықты. Олардың алды қазір еліміздің беделді ақпарат құралдарында қызмет етеді. Бұл қатардағылар одан әрі толыға беретініне сенім мол. Осыған қарап, салада жетістіктердің мол екенін аңғаруға болады, – деді ол.

«Болашақ» университетінің оқытушысы, ардагер-журналист Айткүл Шалғынбаева журналистердің құқығы мен кейбір мәселелерін қозғап, олардың қоғамдағы рөлі биік болу керектігін тілге тиек етті.

Мемлекеттік тапсырыс журналистердің көзқарасына әсер етпегені жөн. Мамандар әркез еркін, қалаған кезінде мәселелерді көтеріп, түйіні тарқағанша тереңіне бойлаған абзал. Сондықтан журналистерде білім ғана емес, ерік-жігер де болуы тиіс, – деді.

Медиа нарығы дәстүрлі және жаңа медиа болып екіге бөлініп тұр. Осы тұста дәстүрлі медиа қанша қаласа да, жаңа медиаға жете алмайтыны айқындалады. Сол үшін дәстүрлі медиа жаңа медиаға икемделуі тиіс. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев ой білдірді.

Қазір әлемде ақпараттық майданның әсері қатты екенін білеміз. Осыны ескерсек, отандық журналистиканың тоқтаусыз дамығаны қажет. Ал бұл жерде дәстүрлі журналистика мен жаңа медианың таласы шығады. Әрине, дәстүрлі журналистиканың мықтылығына сөз жоқ, алайда мамандар жаңа медианың артықшылықтарын уақытында игеріп алғаны жөн, – деп топшылады.

Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсіп, «Болашақ» университетінің білім беру бағдарламасына сай құрылған кафедраларын аралады. Ондағы студенттерге жасалған жайлы жағдай мен зор мүмкіндік журналистердің таңданысын тудырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: