Желтоқсанның 16-сы, тура Тәуелсіздік мерекесінде отандасымыз Шавкат Рахмонов «UFC 296» турнирінің аясында қарсыласы Стивен Томпсонды 2-раундтың соңғы секундтары қалғанда қылғындыру әдісімен жеңіп, Тәуелсіздіктің 32 жылдығына ерекше тарту жасады. Бұл – Шавкаттың UFC төңірегіндегі 6-шы жеңісі.
2019 жылы аталған промоушенмен келісімшартқа отырған Рахмонов өткен жекпе-жектен кейін жартылай орта салмақтың рейтингінде 5-орыннан 3-орынға көтеріліп, титулды жекпе-жекке біртабан жақындады. Жартылай орта салмақ дивизионының қазіргі чемпионы – британдық Леон Эдвардс. «UFC 296» кардының басты жекпе-жегінде американдық шоумен Колби Ковингтонмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңісті жұлып әкетті. Кейбір пабликтер Эдвардстың титулдық шайқастағы келесі қарсыласы палестиналық, рейтингте 2-ші болып тұрған Белал Мухаммад десе, енді бірі отандасымыз Шавкат Рахмоновты титулдық күреске лайық санап отыр. Спорт букмекерлері Шавкат Рахмоновтың Леон Эдвардспен жекпе-жегіне 1.909 коэффициент берсе, ал Белал Мухаммадқа 4 коэффициент беруде. Бұл дегеніміз Шавкаттың титулдың келесі иегері атану мүмкіндігі Белалға қарағанда әлдеқайда жоғары екендігін білдіреді. UFC промоушенінің президенті Дана Уайттың өзі Шавкаттың перспективасын жоғары бағалады. Спорт журналистерінің Шавкат Рахмоновтың титул үшін өтетін жекпе-жек жайында қойған сұрағына былай деп жауап берді.
– Шавкаттың Вондербоймен жұдырықтасудың орнына күресуді жөн көргені мені қатты таңғалдырды. Себебі, бұған дейін Стивенді ешкім партерде қылғындыру әдісімен жеңбеген еді. Бірақ, Шавкаттың бұл қолынан келді. Рахмонов – әлі жеңіліске ұшырамаған жауынгер. 18-0 – оның қандай дәрежедегі спортшы екенін көрсетіп тұр. Эдвардстың келесі қарсыласы атануы әбден мүмкін, – деді Дана Уайт турнирден кейінгі баспасөз конференциясында.
Стивен Томпсонмен болған жекпе-жектегі Шавкаттың стиліне кей жанкүйер наразы. 29 жастағы спортшының күреске ден қоюмен қатар жұдырықтасу өнері де жақсы еді. Тіпті аяқпен де жақсы қимылдайтын. Дегенмен, Томпсонға қарсы күресуді жөн көрді. Сөйтсек, отандасымыз жекпе-жекке дейін тобық жарақатын алып, сонда да мойымай шыққан екен. Сондықтан, тұрып төбелесудің қиынға соққанын айтады. Өзінің кардтан кейінгі сұхбатында «Мен турнир басталмас бұрын тобығымды ауыр жарақаттап алдым. Тіпті, дәрігерлер жекпе-жектен бас тартуды ұсынған. Алайда, мен мойымауды жөн көрдім. Сондықтан, аяқпен мүлде теппедім, тек тіземді пайдаландым. Бірақ, шегінерге жол жоқ, Құдайға шүкір, жеңіске жеттім» дейді отандасымыз.
Сондай-ақ, Шавкат Рахмоновтың қазақ тіліне деген ерекше құрметі көпшілікті қуантты. Баспасөз конференциясы бастала салысымен тек қазақша сөйлеп, қойылған сұрақтарға қазақша жауап беріп отырды. Журналистердің тілдік барьер жөнінде қойған сұрағына «Шыны керек, басқа тілдерді меңгерген, әрине, жақсы. Дегенмен, маған қазақша сөйлеудің өзі жеткілікті. Басқа тілде сөйлей алмағаным үшін ұялмаймын. Менің ана тілім – қазақ тілі» деп күллі әлем көз тіккен конференцияда сенімді түрде жауап қатты.
Шавкат Рахмоновтың келесі қарсыласы әлі белгісіз. Бұл тек тұжырымдама ғана. Неде болса белдіктің ауылы әлі алыс емес. Көптеген спорт эксперті, экс-спортшы Шавкаттың потенциалына сенімді. Бұл жекпе-жектен кейін Шавкаттың кәрі құрлықтағы танымалдылығы одан әрі арта түсті. Монтаждалған түрлі видеолар әлемжеліні жаулап жүр. Шавкат бауырымыздың аяқ алысына тәнтіміз, көз тимесін. Аталған промоушенде Шавкатпен қатар белдесіп жүрген Азат, Асу секілді батырларымызға да алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тілейміз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!