Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өнер – тектің тірегі» атты этно-ретро концерт өтті

15.12.2023, 20:10 310

Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ұлт мақтанышы Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай «Өнер – тектің тірегі» атты этно-ретро концерт өтті.

Қалалық мәдениет үйінің фойесінде алдымен жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов пен театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов 2024 жылдан бастап жаңа мекеме болып өз жұмысын бастайтын Жастар театрының штаттық құрылымы, алдағы жоспарлары мен репертуары тұрғысында кеңінен ақпарат берсе, Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат өнер ұжымының кезекті қойылымына сәттілік тіледі.

Қалалық Жастар театрының сахналауымен өткен тарихи тағылымды қойылым-концерт 1936 жылғы Мәскеу төріндегі қазақ өнері мен әдебиетінің 10 күндігі аясынан сыр шертті.

Жүз жасаған дүр Жамбыл, күміс көмей Күләш, сазды әуенімен сайын даланы тебіренткен Нартай, мың бұралған Шара, сатираның сардары Асқар, күй анасы Дина, Мәскеудегі он күндікті жоғары деңгейде ұйымдастырған ұлт мақтанышы Темір нарком Жүргенов, сол шақтағы Одақ көсемі Сталин образдары көрермен көңілінен шықты. Кеш соңында ерекше қойылымды сахналаған Жастар театрының әртістеріне қала әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

Өнер ұжымына жүрекжарды лебізін білдірген қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев: «Қойылым-концерт барысында Ұлт мақтанышы, жерлесіміз Темірбек Жүргеновтың қайраткерлігінің арқасында жүзеге асқан ерекше сапарда бірге болғандай әсер алдық. Бұл Жастар театрының жаңа биіктерге құлаш ұруының, шығармашылық әлеуетінің, әртістердің деңгейінің өскендігін білдірсе керек. Тәуелсіздік үшін күресіп, ұлттың үкілі үмітін аялаған тұлғаларымыздың еңбегін ұлықтайтын осынау тағылымды шараның Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуі де символикалық тұрғыда өте жарасымды болғандай.

Театр жұмысынан бөлек шаһардың қоғамдық өміріне, қала көлемінде өткізілген барлық мәдени шараларға қатысып, жоғарғы деңгейде өтуіне өз үлестерін қосып келе жатқан өнер ұжымына қашанда алғысым шексіз. Осы ретте, мақтанышпен айтсақ болады аймақ басшысының қолдауымен қалалық Жастар театры жақын күндері өз алдына еншісін алып, Теміржолшылар клубы ғимаратына орналасады», – деді.

Сондай-ақ, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова Жастар театрын жаңа белесімен құттықтап, алдағы уақытта үлкен қолдаулар жасалатынын айтса, Т.Жүргенов қорының төрағасы, еңбек ардагері Сәпен Аңсат қор атынан керегесі кеңейген өнер ұжымына 500 мың теңге сыйақы табыстады және театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер-сценарист Оңталап Нұрмахановқа шапан жауып, өз ризашылығын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: