Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүректегі жаңғырық

14.12.2023, 9:50 262

HALYQLINE.KZ

 (толғау)

Асылдар дайын сүрлеу жағаламас,

Алыптар жеңіл жүкті арқаламас.

Алашымның жасампаз бейнесіндей,

Астанама құт қонған қайталанбас!

Сүйіншіден басқа жоқ бұйымтайы,

Салтанатты хош көріп ұрандайды.

Сарыарқаның төрінде тоғыстырып,

Сан ұлтты сағынышпен құшақтайды!

Тұлғалар талантымен дараланар,

Тыныштық күллі әлемге пана болар.

Татулықты ту еткен Қазақстан,

Тәуелсіздік даңқымен бағаланар!

Ақ ниетпен атады әр таңымыз,

Ақ батамен тыныстар өр халқымыз.

Ақ жауынды аймалап қолшатырсыз

Ақорда шашуымен шаттанамыз!

Намыс пен нартәуекел жымдасқанда,

Нар жолында жүк қалмас аттанғанда.

Найзағайсыз күнің де күркіремес,

Ниетімді қолдай көр Хақтағала!

Арманымыз айналды ақиқатқа,

Асқақтады абырой шартарапта.

Алақаны қызғанша қол соғады,

Адамзат Елордама таңғалғанда!

Еңсем биік, қашанда ниет бейбіт,

Екпіндетіп бәйгеде тұлпар құйғыт.

Ешкімге есе жібермес көшбастарым,

Еркебұлан ұрпағым олжаңды күт!

Лағыл тас көз арбайтын тереңдегі,

Ләззатын сұлулықтың сезінтеді.

Лебізім бақ құсындай қалықтасын,

Лайым түгенделгей өңімдегі!

Ой мен іс нәтижемен теңеседі,

Ортағы көп орнымен кеңеседі.

Омырау даналыққа тән құбылыс,

Отаншыл болашақпен үндеседі!

Рақым нұры жаусын төрдегіге,

Ризамыз алыс-жақын тілекшіге.

Реңінен күн күлген шаһарымыз,

Рәміздей еркелер ертеңіме!

Дамуға тапқыр талап жарасады,

Дәмеңе мүмкіндігің жанасады.

Дәйегі – бұл заманның жаңашылдық,

Дәуірдің тілін тапқан алға озады!

Астана мазмұнына балама дөп,

Алтынның құймасында жалатпа жоқ.

Алақайлап ен дала, баба тарих,

Аруақтар исінеді армысың деп!

Жаңа жолда жұтынып күлімдейсің,

Жер шарының жұбаныш гүліндейсің.

Жұлқынған жаһандану мінбесінде,

Жік сезсең жымдастырып бүтіндейсің!

Атағыңа мәз болып тасынамын,

Арманымдай аялап табынамын.

Ай мен Күндей үйлесім сезінгенде,

Астана аруыма асығамын!

Сымбатыңа сүйсінді сәулетшілер,

Сыбағаңа сұқтанды дәулеттілер.

Сәттілігің тәңірдің сыйлығындай,

Сертіңді бақылайды періштелер!

Ақжолтай ғасырымның тұмарысың,

Атойлап аламанда топ жарасың.

Аспандап әнұраным шырқалғанда,

Арайлап атқан таңдай құлпырасың!

Жаңабай  КЕМАЛ,

Арал  қаласы

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: