Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастардың жаңашыл жобалары

11.12.2023, 18:00 339

«Заман – қай кезде болса да білімділердікі». Дінмұхаммед Қонаевтың осы сөзі әлі де өз күшінде тұр. Әрі солай болып қалары анық. Кез келген ғылымды меңгеру үшін тек ұстаз бен кітап болса жеткілікті дейтін уақыт артта қалып бара жатқан секілді. Дамуға, ғылымға бетбұрыс жасауға, өркениетке айналуға технологиялардың қарқыны қатты, адамдардың ізденісі мен оған деген қызығушылықтың да жоғары болғаны маңызды. Соңғы уақытта жастардың ғылымға, ізденіске бетбұрысын арттыру мақсатында түрлі жоба іске асып келеді. Солардың бірі – «Іnno.Fest» жобасы.

 «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру аясында өмірдің түрлі саласында оның ішінде IT бағытын дамыту мақсатында көптеген жоба іске асырылуда. Осы ретте облыс  жастарының IT саласына қызығушылығын арттыру және жобаларына қолдау көрсету мақсатында  «Inno.Fest» Qyzylorda 2023 инновациялық жобалар байқауы қолға алынған.  Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен, Қызылорда облысы «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Inno.Fest» Qyzylorda 2023 фестивалінің  бірінші күнінде 2500 қатысушы мен ІТ, медиа және киноиндустрия саласында  жетістікке жеткен танымал азаматтар бір алаңға жиналды.

Іс-шараның ашылу салтанатында  ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Аманбайұлы арнайы бейнесәлемдеме жолдап, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар  жөніндегі проректоры Майнұр Әбілтайқызы  қатысушыларға сәттілік тіледі. Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлы қатысушыларға 2 күндік фестивальдің өту барысын таныстырды.

  • Биыл төртінші рет өткізілген жобалар байқауы «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» секцияларынан тұрады. Әр бағыт бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде инновациялық жобалар жасап қорғайды, – деді ол.

 Сондай-ақ, әр секциядан үздік шыққан жастарға Astana IT университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университеті және Қызылорда Ашық университетінің оқу гранттары табысталатынын  айтты.

Жалпы, фестивальге аймақ жастарынан бөлек Астана, Түркістан, Байқоңыр қалаларынан келген қатысушылар «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша жобаларын қорғады. Аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару байқаудың басты мақсаты болды. Фестивальде ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттар өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады.

Ал байқаудың екінші күнінде қатысушылар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды бірнеше жоба ұсынды.

Фестиваль аясында 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. І орын – 500 000 теңге, ІІ орын – 300 000 теңге, ІІІ орынға 200 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды. Сондай-ақ, ерекше жобаларымен көзге түскен қатысушыларға республикалық жоғары оқу орындарының 10 оқу гранты табысталды. Байқаудың ең жас қатысушысы 6 жастағы Нұрзерек Нұрадиновке және ең үлкен қатысушы 60 жастағы Мавлютхан Cаматовқа арнайы сыйлық табыс етілді. Айта кетсек, биыл фестиваль 4-ші рет өткізілді. 4 жыл ішінде 9 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды.

«Дәл қазір біздің нарыққа креативті индустрияны қалыптастыратын азаматтар өте керек. Оның ішінде ІТ саласы ерекше маңызға ие! Жасанды интеллект бағытына деген сұраныс бар кезде біз үшін білікті де білімді жастардың жаңа жобалары әркез өзекті. Жақында ғана облыс әкімінің қолдауымен Қызылордада Сеул ғылым және технологиялар университетінің  жасанды интеллект және жоғары математика мектебі ашылды. Келешекте біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Биыл Inno.Fest тарихында алғаш рет Астана ІТ университетінің гранты табысталады. Бұл – жастар үшін айрықша қолдау!»,  – деді Е. Бәкіров.

Рас, жастардың жаңашыл жобалары әркез өзекті. Оны тек қолдай білу керек. Бүгінгі буынды, олардың жаңа идеяларын, тың бастамаларын қолдау біздегі технологиялардың, ғылымның дамуына қосқан үлес деп білеміз. Қолдау бар жерде өсу де, нәтиже де болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: