Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сөз тапқанға қолқа жоқ!..» немесе реформа керек

11.12.2023, 16:55 521

HALYQLINE.KZ

Бұл  да    тарих

Менің қайталаудан жалықпайтын сөзімнің бірі «Егер ауызбіршілігіміз болғанда ғой…» деп басталатын. Шынында да, ауызбіршілігіміз болғанда ғой! Орыстың боданында болмай, өз заңымызбен, өз дәстүрімізбен өмір сүрер едік-ау!

Қазір біз бәріне де риза емеспіз. Билікке де, депутаттарға да, құқық қорғау жүйесіне де, ең аяғы кейде өзімізге де риза емеспіз. Өйткені, бұлар өмір сұранысына жауап бере алмайтын дәрежеге дейін құлдырады.

Тарихқа үңілсек, сонау уақытта, қазақ жеріне алғаш аяқ басқан казактар мен қара шекпенділер қаптаған шақта, әділдік үшін орыс қаңғылары шенеуніктеріне емес, қазақтың билеріне жүгінгендерін байқаймыз. Өйткені, халық қалауымен сайланған қазақ билері өздерінің әділдігімен, іскерлігімен орыс соттарына қарағанда, көш ілгері болатын. Әсіресе, істі тез шешудегі шеберлігі баршаны тәнті ететін-ді.

Кейін Кеңес үкіметі тұсында тектілерімізді қоғадай жапырып, халқымызды қырды. Мінезімізді күрт өзгертті. Тектілігімізді жоғалта бастадық. Өмір сүру жолында бір-бірімізге деген мейірім суыды. Қазақпын деуге арланатын күйге түстік. Қит етсе, бір-бірінен бірдеңе жырып қалуға құмар, бір-біріне көмек қолын созуға дәрменсіз, бейшара құлдық сана қалыптасты.

Кейбіреулер Кеңес Одағы кезінде құқық қорғау жүйесі әділ еді дер! Ол – сол кездегі жүйеге терең бойлай алмағандықтан туындаған түсінік. Қазақта: «Жапалақты тасқа ұрсаң да, жапалақ өледі. Таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледінің кері келеді» деген сөз бар. Біздің қазақ бұрында да, қазірде де сол жапалақтың күйін кешіп келеді. Кеңес үкіметінің тұсында талай орыстың қазаққа соқтығып, нәтижесінде есесін жібермеген қазақтың талайы нақақтан-нақақ сотталғанын көргенбіз. Ал, ақшасы бар қазақ пен ақшасы жоқ қазақтың қақтығысында, ақшасы бар қазақ екі жеп биге шықса, қалтасы тесік қазақ сотталып кете беретін еді. Сонымен қатар, бұрын малды байлар малын қорғау үшін ұры ұстаса, Кеңес заманында соттар жанына «ақша табар» бәлеқорлар ұстағаны ешкімге де жасырын емес еді.

Сөзім дәлелді болуы үшін, сонау кеңестік кезеңге сәл көз жүгіртіп көрейін. Соғыс ардагері, белді мекеменің белгілі азаматы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, төрт құбыласы түгел Арал тұрғыны зейнеткерлікке шыққан соң, өзінше көше тәртібін ретке келтіруді қолға алуды мақұл көрген. Өйткені, қанша айтылса да, көшеге түнделетіп кірдің суын жасырын төгіп кету тыйылмай-ақ қойған. Бақылауды күшейткен ардагер «Аңдыған алмай қоймайды» дегендей, ақыры кінәліні ұстапты. Сөйтсе, заң бұзушы алыстан келмепті. Өзінің құдайы көршісі екен. Ардагер бұл әділетсіздікке шыдамай, әлгінің шешесінен бір мәрте басып жіберсе керек. Содан дау басталыпты.

Әлгі құдайы көршісі нағыз арызқой, бәлеқор екен. Онысымен қоймай, соттармен ымы-жымы бір нағыз қолшоқпар болып шығыпты. Арыз жазылып, тексеру басталыпты. Күнде шақыру, күнде тексеріс! Алты ай өтсе де, сандалыстың түбі көрінер болмапты. Әбден шаршап-шалдыққан ардагер жүруден де қалыпты. «Не жаздым күйге түскен» бейшара ардагер біршама үнсіздіктен кейін сотқа:

– Айналайын, мен не жазып қойдым соншама, айтшы?! Әлде мұның шешесінікі жұрттынікінен бөлек пе?! – депті, шаршаңқы үнмен әбден сілесі қатқан ардагер шарасыз күйде.

Соңғы сот отырысында шешімді оқыған сот төрағасы ардагердің бұзақылығы үшін 7 сом 50 тиын айыппұл салыпты. Мұны естігенде, ардагер қатты ашуланғаннан, шалқасынан түсе жаздапты.

– Сонда бір боқтағаным 7 сом 50 тиын тұра ма?! – депті ашулана сұрап.

– Иә! – депті, сот төрағасы да әлденеден үмітін үзбей.

– Онда, мә 15 сом ақша! Уәж нәрсеге бола, алты ай сандалтқан сенің де шешеңді..!

Айғай-шу шығарғанмен, айыппұлы төленген сот ештеңе істей алмапты. Әрі қазақта: «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген бар. Сот болса да, қаны қазақ қой!

Міне, көрдіңіздер ме, біздің құқық қорғау жүйемізде осы үрдіс әлі күнге жалғасын тауып келеді. Ескі Қазақстанда да, Жаңа Қазақстанда да орыс империясының, Кеңес үкіметінің үлгісімен келе жатқан өнегенің өзгерер түрі көрінбейді.

Оған айғақ ұшан теңіз, тек соңғы уақытта орын алған бірерін ғана атап өтсек. Миллиардтап ақша жеп, аз ғана уақыт қамауда боп, түрмеден босап шығып, әйелін ұрып өлтірген бұрынғы министрдің іс-әрекеттеріне, қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырған рекордшы Марат Жыланбаевтың күмәнді сотталуына, тағы осындай толып жатқан істерге құқық қорғау жүйесінің шала әрекеттері сеп болып жатқаны ешкімге жасырын емес.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кейбір жауапсыздығы, осы аталмыш мекемелерге деген сенімнің халық арасында тым азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұндай үрдіске көз жұма қараудың енді қажеті жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта аталмыш мекемелерге тез арада реформа жасау күн тәртібінде тұруы тиіс.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: