Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында жүк тасымалын және транзитті дамыту, педагогикалық кадр даярлау мәселелері қаралды.
Ведомство басшылары мен өңір әкімдері атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер жайлы хабарлама жасады.
Нұрлыбек Машбекұлы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында орналасқан сервистік нысандардың 88,6 пайызы ұлттық стандартқа сәйкес келетінін айтты.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің Қызылорда облысына тиесілі аумағы – 810,5 шақырым. Оның бойындағы 53 жол бойы сервистік нысанында 1050 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде 47 нысан, яғни 88,6 пайызы ұлттық стандартқа сәйкестендірілген. Осы көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы алғашқы үштікке кіреді. Нысандар интернетке қосылған және «Google maps», «Яндекс.Карта» жүйелеріне енгізілген.
Стандартқа сай емес 6 кешен бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Оның ішінде 2004 жылы салынған 2 нысан жыл соңына дейін, қалған 4-еуі алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ретке келтіріледі. Алдағы уақытта салынатын жол сервистік объектілер ұлттық стандартқа сәйкес болуын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар атқарылады. Бұдан бөлек, жол бойы кешендерін күтіп-ұстау шығындарының бір бөлігі ай сайын өтелуде. Қызылорда облысындағы жол бойы сервистік нысандарының сапалы әрі үздіксіз жұмыс істеуі қатаң бақылауда болады», – деді аймақ басшысы.
Үкімет жиынынан кейін облыс әкімі арнайы мәжіліс өткізіп, талқыланған мәселелер бойынша негізгі жұмыс бағыттарын белгіледі. Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен бірлесіп, жеке жүк тасымалдаушылардың статистикалық ақпаратын жергілікті статистика органдарына мерзімінде ұсыну тапсырылды. Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы мен «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы филиалына жол желісінің сақталуын тұрақты бақылау міндеттелді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша өңірлік жоғары оқу орындарының басшыларына педагогикалық мамандықтар бойынша оқуын аяқтаған түлектердің тұрақты жұмысқа тұруын қамтамасыз ету тапсырылды. Ал, облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына педагогикалық кадр даярлауға бөлінетін грант санын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуге жауапты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!