Аймақ экономикасы тұрақты даму сатысында. Осы жылдың 10 ай қорытындысымен негізгі макрокөрсеткіш бойынша өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімі – 1,3 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп көлемі – 24,2 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 2,6 пайызға, инвестициялар тарту – 27,7 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі – 21,2 пайызға, көлік және қоймалау көлемі – 8,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 16,7 пайызға және сауда көлемі – 4,3 пайызға артты. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов хабарлады.
- Мұнай өндіру көлемінің төмендеуі салдарынан бірнеше жылдар бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісінің көлемі қайта өсу сатысына шықты. 10 ай ішінде өнеркәсіп саласында 847,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,3 пайызды құрады. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібінің артуы есебінен қалыптасқан. Сондай-ақ, есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 251,8 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 24,2 пайызға артқан. Көрсеткіштің ұлғаюына негізінен металлургия өнеркәсібінде және құрылыс индустриясында өндіріс көлемінің артуы ықпал етті, – деді Данияр Еренғалиұлы.
Өңдеуші өнеркәсіптің ілгерлеуіне облыстағы ірі жобалардың бірі – шыны зауытының өндіріс көлемі де септігін тигізген. Жыл басынан бері зауытта 11,3 млн шаршы метр өнім өндірілген.
Осы жұмыстардың нәтижесінде, облыста өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі бойынша республика өңірлері арасында 1-ші орынға шықты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!