Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақынның батасы

17.11.2023, 10:15 261

HALYQLINE.KZ

Екі мың төртінші жылдың күз айында Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауы өтіп жатты. Біздің округтен Мұхтар Шаханов ағамыз және «Шапағат» компаниясының басшысы Мадияр Алдоңғаров, тағы да төрт-бес адам сайлауға түсіп жатқан болатын. Үгіт-насихат жұмыстары қызып, доданың мәресі жақындаған кез. Біздің «Қалжан ахун» шаруашылығы көктемде топан судың кесірінен қиындық туындап, инвестор шаруашылықтың пайда әкелмейтінін біліп, салған дүниесін алып кеткен. «Шаруашылықты мен аламын, егер маған дауыс берсеңдер» деп Алдоңғаров басшылармен келіскен көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, Барысбай нағашым бастаған шаруашылық ұжымы «Шапағатты» қолдап отыр. Ал, Мұхтар ағамызға билік салқын қарап отырған кез. Осындай екіжақты пікір қалыптасып тұрғанда, жүйелі кестеге сәйкес, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге Мұхтар ағамыз келетін болды. Ауылда ол кісі келетін күні, сол сағатта шаруашылықтың бас инженері Нұрым Тәжібаевтың ұлының сүндет тойы болып жатты. Ол кезде тойға ауыл түгел баратын. Клубта тек бюджет қызметкерлері ғана жиналды. Шаруашылық басшыларының кездесуге құлқы жоқ. Оларды да түсінуге болады. Шаханов «мен депутат болған жағдайда, құр уәде бере алмаймын» деп ашық айтқан. Алдоңғаровта қаражат бар. Оған өткен шаруашылықтардың жағдайлары алғашқыда жақсы болды. Кездесуде адам жиналмаса, елге сын болайын деп тұр. Клубын құлыптап, кездесуді ұйымдастырмай қашып жүрген әріптестерімді де естіп жатырмын. Оған менің арым жібермеді. Ол – «Мұхтар Шаханов».

Амал жоқ, тойды уақытша тоқтатып, тойшыл қауымды клубқа қалайда әкелуге бет бұрдым. Тойдың қызып жатқан ортасына барып, үй егесіне ескертіп музыканы ажыраттырдым. Аула толған адам. Нұрекең де – елге сыйлы үлкен әулеттің көшбасшысы. Қарсы болмады. «Ау, ағайындар елге халық ақыны Мұхтар Шаханов келіп жатыр, кездесуге жүріңдер» деп дауыс ұлғайтқышпен хабарландыру жасадым. Тойдың шырқын бұзғандай болдым. Наразы дауыстар әр жерден шыға бастады. «Біреудің тойын бұзып, ақын ақша бола ма?» дегендей. Көп адам ақынның атын естігеннен бе, үнсіз тұрды.

Әлі есімде, қаладан келген ақ жаулықты үлкен кісі ортаға суырылып шығып: «Мұхтар Шаханов осы ауылға келіп тұрса, онда не тұрыс, түсіңдер алдыма» деп еді, үлкенді сыйлап қалған аңқылдаған ақ көңіл ауыл адамдары-ай, біреуі қарсы келмей тойды тастап жүре берді.

Мұхаңның қасында облысқа белгілі дәрігер, сенімді өкілі Тұрғанбай Маханов болды. Кездесу керемет өтті. Үгіт-насихат болған жоқ. Ақын сайлау туралы бір ауыз әңгіме айтпады. Жақында шыққан «Қажымұхан мен бөденелер» деген кітабымен таныстырып, өлеңдерін оқыды. Кездесу соңында: «Халқым, депутаттыққа түсіп жатқан кандитаттар не берсе де алыңдар, маған қарап инвестордан айырылып қалмаңдар» деп қорытындылады.

Көлікке мінейін деп тұрғанда: «Мұха, бір өтінішім бар» дедім. Мен мына жұртты тойдан қалай алып шыққанымды жасырмай қысқаша баяндап бердім. «Болып жатқан той егесі ауылдың арқалы азаматы еді, бір минутқа кіріп, баласына бата беріп шықсаңыз жақсы болар еді» дегенше, «онда жол баста» деп көліктің алдына мінгізіп алды. Мұхаңның қасындағы серіктері уақыттың тығыздығын айтып қарсы болып еді, ол кісі мән бермеді. Оқиға бұлай кілт бұрылғанына, өзім де сасып қалыппын. Машина қозғалам дегенше Нұрымға хабарлап үлгердім. Дастарқан басына қонақтарды жайлап, қазақтың дәстүрі бойынша қойдың басын тартып құрмет көрсетілді. Мұхаң тойға себепші болып жатқан Қазыбек баламызды ортаға шақырып, көрімдігін қолына ұстатты. Қол жайып, тойға жиналған кісілердің алдында батасын берді. Нұрекең де көлденең келген халық ақынына шапан жауып, қонақкәдесін көрсетті. Ақын бата берген той ауыл тарихының бір беті болып қалды.

Ақынның табағын алып, батасын алған Нұрекеңнің келіні Эльмира сол күні ұлды болып, атын атасы Қажымұқан деп қойды. Қазір Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті, Қазбек оқу орнын бітіріп, облыс орталығында қызмет істеп жүр. Кейін біліп жатырмын, тойдағы топ бастаған ақ жаулықты Фатима анамыз облысқа белгілі заңгер, полиция полковнигі Хұсайын Қоразбаевтың анасы екен. Мұхтар ағамыз екінші айналымнан өтіп депутат болды. Сыр бойына келгенде телефонына хабарласып, ауылға шақырдым. Бұл жолы өз ауылында, ағайын-бауыр арасында отырғандай сезініп, шабытпен өлеңін оқып, риза болып қайтты. Бала кезімізден өлеңін оқып, әнін айтып өскен біздің қатарымыз ол кісіге «Қазақстанның Еңбек ері» атағын бергенде қатты қуандық. Бұл көштің бағыты түзеле бастағаны ма деген үміт пайда болды бізде.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: