Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Менің тоқпағым…

10.11.2023, 11:10 240

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Біздің елде бәрі қызық. Қызық емес ештеңе жоқ. Тоқпағың мықты болса, қара жерге қазықтай қағылып, жаңғақтай шағылып кетесің. Энергетика министрлігінің вице-министрі болып жүргенмін ғой. Өз салам бойынша деймін. Бір күні үкімет басшысы қуырдаққа шақырғандай, жайма шуақтанып:

– Іскерлігің, басшыларға бас изей беретінің ұнайды маған. Ертеңге дайындал, президентке спорт министрі лауазымына ұсынамын, – деді.

– Мен… Менің спортқа еш қатысым жоқ еді, – дегеніме қарамады, мұнысы енді жарамады. Ертеңіне спорт министрі болып шыға келдім. Тоқпағым мықты ғой. Спорт. Олимпиада, резерв, легионерлер, стадион деген сөздерді жаттай бастадым. Көп нәрсені білмесем де, адымдап, аттай бастадым. Жақсы министрлік екен, таңертең жұмысымды жүгіруден бастаймын. Жүгіру деген – спорт қой. Солай жүгіріп жүргенімде, арада жеті ай өткенде, үкімет басшысы шақырып алды.

– Жарайсың, жақсы жүгіреді екенсің! – деді.

– Спортқа қаржы бөлінгенде, артынан жүгіремін.

– Жарайсың!

– Спорттағы жемқорлықтың алдында жүгіремін…

– Осындай еңбекқорлығыңды байқап жүрмін. Президентке білім министрі болуыңды ұсынамын.

– Менің… мұғалім емес еді мамандығым…

– Болмасаң да, ұқсап бақ.

–Мектепте үшке оқығанмын.

– «Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!».

– Шлакоблок та емеспін.

Не керек, білім министрімін. Өмірімде, ғылыми кітаптар оқымаған екенмін, сонда да, өзімді қамшылап, «Министрсің ғой, білімді бол!» деген ойлар тамшылап, қазақ тілінің тыныс белгілерін оқи бастадым. Құдайым-ау, үтірдің қойылмайтын жері жоқ екен. Жүдә жүргіш үтір екен. Қос нүкте деген не пәле? Қаратпа сөз дейді ме? Тырнақша дейді ме? Бәрін жаттап алдым. Енді тарихты оқып жүргенімде, түк бітірмесем де, президент аппаратында істейтін тоқпағым шақырып алды.

– Ауыл шаруашылығы министрі боласың. Мінездемеңді президентке дайындап жатырмын, – деді.

– Ойбай, мен сиыр мен бұқаны ажырата алмаймын…

– Сиырда емшек болады!

– Қай жерінде?

– Арқасында! – деп ашуланды тоқпағым.

– Нан жеймін, бірақ бидай қайда өседі? Тал бұтақтарында ма? – дедім әдейі. Менің мамандығым басқа ғой!

– Бидайды картошка сияқты жерден қазып алады! – деп кекетті ол.

Не керек, ауыл шаруашылығынан мақұрым болсам да, министр болып шыға келдім! Қазір сиырлардың суреттерін жинап жүрмін. Масқараа, сиырларда төрт емшек, бұқаларында бір емшек қана болады екен ғой?

Мұхтар ШЕРІМ,

Шымкент қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: