Аймақ басшының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, қала әкімі Асылбек Шаменовтың құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшыларымен бірге қала іргесіндегі саяжай тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Бүгінгі кездесулер «Эдельвейс», «Еңбек» және «Сабалақ» саяжайларында өтті. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Эдельвейс» саяжайында 1000-ға жуық халық тұрады. Бұл аумақты инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары аясында 2021 жылы «Эдельвейс» және «Өркендеу» саяжайларының кіреберіс жолына жарық бағаналары орнатылып, олардың тұсынан өтетін магистральды жол салынды. Ал, өткен жылы «Эдельвейс» саяжайына 4,6 шақырым, «Орбита» саяжайына 2,4 шақырым электр желісі тартылды. Биыл қазан айында «Эдельвейс» саяжайындағы ауызсу құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, «Орбита» саяжайында 12,4 шақырым болатын ауызсу құрылысы жүргізілуде.
Тұрғындар кездесуде газ және жарықтандыру мәселелерін көтерді. Бұған байланысты қалалық электр тораптары басқармасына электр бағаналарына жарық шамдар орнату тапсырылды. Сонымен қатар, берілген жер телімдерін қайта зерделеу, игерілмеген учаскелер бойынша қажетті шаралар қолға алынуы тиіс.
Келесі кездесу «Еңбек» саяжайында жалғасты. «Еңбек» саяжайы «Игілік», «Өркендеу» саяжайларынан құралған. Мұнда 700-ге жуық халық тұрады, 2021 жылы 2 шақырымдық 4 көшеге қиыршық тас төселген. Жұмыстар өткен жылы да жалғасын тауып, 7,2 шақырым электр және 6,1 шақырым ауызсу желісі жүргізілді.
Тұрғындарды толғандырған түйткілдің бірі – ауызсу сапасы, жол мәселесі. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы көтерілген мәселелерді хаттамаға енгізуді, жауапты тұлғаларға тапсырмалардың уақытылы және сапалы орындалуын міндеттеді.
Ал, Тасбөгет кентіне қарасты 4000-нан астам тұрғыны бар «Сабалақ» саяжайында электр, ауызсу мәселесі толығымен шешімін тапқан. Жол мәселесі де тұрақты назарда. Аумақта ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын 3 көше асфальттанған. Биылдың өзінде осындағы 16,5 шақырым болатын негізгі 18 көшеге қиыршық тас төселді. Бұл аумақта газ мәселесі өзекті күйінде. Қала әкімі Асылбек Шаменовтың айтуынша, «AЭS and Limited» ЖШС демеушілігімен 100 млн теңгеге табиғи газ желісін тартудың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, қала әкімі Асылбек Шаменов саяжайлар тұрғындары көтерген мәселелерді қарап, арнайы жұмыс жоспары әзірленетіндігін және түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатындығын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!