Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайта қауышқан мереке

26.10.2023, 11:40 282

Ешнәрсенің ғайып болып кетпейтіні секілді, орны бар дүние араға жылдар салып болса да, өз ізін қайта салары анық. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 25 қазан – Республика күні мерекесі қайтадан күнтізбедегі қызыл түсті күндердің қатарына қосылды. Атаулы күн былтырдан бері мемлекеттік емес, ұлттық мереке ретінде тойлануда.

– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл са­йын егемендік күнін еліміздің басты мере­кесі ретінде атап өтуіміз керек, – деді Президент.

Араға 13  жыл салып, қазақ даласын қайта  қуанышқа бөлеген бұл қандай мереке? 1990  жылы  қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдан­ды. Сол сәттен бастап-ақ отауы бөлек Қазақстан өз еліне өзі қожа бола алатын мемлекетке айналды. Бұл декларацияны бүгінгі Қазақстанның түпқазығы десек те болады. Себебі аталмыш құжаттың әжептеуір салмағы бар. Ол қандай дейсіз ғой? Осы декларация арқылы Кеңес­тер құрамында болса да, Қазақстанның егемендігі жария етілді. Өз шекарасын шегендеп, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербес­тігі, мемлекеттік рәміздерін жеке-дара қабыл­дауға ерік алды. Өз  қолы өз аузына жете­тін  елдің қатарына енуге талпыныс жаса­ған алғашқы сәт. Еліміздің егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан нақтылана бастады. Онда ҚазКСР егемендігі жария­ланып, Қазақстанның тәуел­сіз мемлекет  ретіндегі саяси-құқықтық негіз­дері  бекі­тілді.

Қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар да қаперге алынды. Жоғары Кеңестің қаулысымен қабылданған құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де қарастырылды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларация арқылы еліміз кеңестік заңдарды қолдануды ысырып, өз Ата заңымызды құруды көздеді. Сондықтан осы қағидаттардың негізінде кейінірек 1991 жылғы 16 желтоқсанда – «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық  заң  қабылданды.

Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Бірақ 2009 жылы бұрынғы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен алынып тасталды. Оған себеп Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланған. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар, бұл құжатта Қазақстанның халықаралық аренада дербес қадамға баруына көптеген кедергі болды. Ашып айтсақ, мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. Алайда уақыт иірімі байтақ елдің бағына тәуелсіз ел болуды жазыпты. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлем мойындаған  елге  айналды.

Алайда бұл күннің елдің мемлекет құру жолын­дағы тарихи қадамының символы екенін ұмытпауымыз керек. Республика күні бүгінде ұлттық мереке қатарында. Ұлттық мерекенің мемлекеттік мерекеден айырмашылығы, ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті  түрде  ресми  іс-шаралар  өткізіледі.

Бірі көрпені әрі тартса, бірі бері тартады. Бірі алып тастаса, екіншісі қайта қосады. Десе де әрбір саяси ойыншының өз түйсігі, пайымы бар. Соған орайластырылған саясат бойынша әрекет етеді. Сондықтан бұл маңызды күн айналасындағы тартыс «кімнің тарысы піссе, соның тауығының» керін кешіп тұр. Бізде тіпті мерекелердің  өзінің  саяси  мәні  бар.

Айтпақшы, соңғы сөзімізді жандандыра түсейік, қазір әлеуметтік желіде халық ұлардай шулап жүр. Дәл осы 25 қазан – Республика күні халық толқып, көшеге шығады, билікке наразы­лығын білдіреді-мыс. Бұның астарында шыны­мен ашынған халықтың жанайқайы жатыр ма, әлде бітпей жатқан тақ таласы ма, оны алда көреміз. Жуық арада жыр болған хиджаб мәселесінің шетін діни ұйымдар ұлттық мәселеге  ауыз салғансып, басқаша саясиландырып жатыр  ма, кім білсін?! Бұрын жұрт желтоқсан айы басталғаннан үрейленуші еді. Халықтың арасына іріткі салушылар неге дәл осы күнді таңдады? Кім  өзінің өктемдігін көрсетіп  жатқан?

Бірақ бұны қауесет дейсіз бе, дақпырт дейсіз бе, өз еркіңіз. Десе де Қазақстан полициясы, Ұлттық ұлан 24-26 қазан аралығында күшейтілген режимде жұмыс істейтінін мемлекеттік арналар арқылы әлдеқашан айтты. Әйтеуір, қаңтарда соққан дауылдай болмай, қайта оралған мерекеміз  «қуаныш»  қалпында  қалса  игі…

НАМАЗШАМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: