Қызылорда облысында автогаз кәдімгідей қат болып отыр. Сұйытылған мұнай газы (СМГ – ред.) дәл қазір жанармай құю бекеттерінде тек талонмен немесе шектеулі түрде ғана сатылып жатыр. Қала аумағында автогаз таппай сенделіп жүрген көліктер қарасы тым көп. Олардың бәрінің көкейінде «СМГ тапшылығы қашанға дейін созылады, автогаздың аздығы бағаның қымбаттауына себеп болмай ма?» деген алаңдаушылық басым.
– Неше күннен бері қала аумағында автогаз жоқ. Күні кеше 10-нан аса жанармай құю бекетін араладым. Барлығы дерлік тек талонмен құйып жатыр. Бірнеше сағат іздеп, талонсыз автогаз сататын жер таптым, оның өзі 1000 теңгеге ғана құйып берді. Ол да дұрыс шығар, өзгеге де жетуі керек. Десе де, көпшілік ортада әртүрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып жатыр. Нақты түсіндіріп беретін адам бар ма? Автогаз тапшылығы салдарынан бағасы қымбаттап кетпей ме? – дейді Бағдат Мұхтарұлы есімді қала тұрғыны.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті тергеп-тексерулер бөлімінің басшысы Ерлан Карибаев облыс көлемінде сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу бойынша баға тұрақты екенін, жыл аяғына дейін бағаның өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін айтып отыр.
– Қызылорда облысы бойынша сұйытылған мұнай газ (бұдан әрі – СМГ) көлемі 2023 жылдың 4-тоқсанында 25 субъектіге 22818 тонна қаралған. Алайда, «ҚазГерМұнай БК» ЖШС-нің зауытында техникалық ақаулар болуына байланысты газдың жеткізу көлемін 1300 тоннаға жуық қысқартып, 21518 тонна СМГ бөлу жоспары қайта қаралған.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне сәйкес, 4 тоқсан 2023 жылға облыста әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында бекітілген газ бөлініс көлемін комиссия отырысында қайта қарап, осы жылдың қараша және желтоқсан айларына СМГ көлемі қайта бөлінді.
Осы ретте, комиссиямен қабылданған шешімді ҚР Энергетика министрлігіне бекітілген жеткізу жоспарына тиісті өзгерістерді енгізу туралы хат жолданған, – дейді ол.
Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлы келіссөздер нәтижесінде облысқа 504 тонна көлемде газ келетінін, оның 288 тоннасы осы уақытта жолда екенін жеткізді.
– Облыстағы газ тапшылығына байланысты әкімдікпен жұмыс тобы құрылды. Бұл топпен, газды тиеп-жөнелту пунктінен бастап, автожанармай құю станцияларын толтыруға және одан әрі түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі процеске бақылау жүргізуде.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының кіреберіс тұстарында блок-посттар және газ толтыру станцияларында кезекшіліктер орнатылды. Бұл шаралар осы жылдың соңына дейін қолданыста болады.
Бұдан бөлек, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, қосымша 504 тонна көлемде газ бөлінді. Қазіргі уақытта, осы көлемнің алғашқы 288 тоннасы жолда.
Бұл көлемді теміржол көлігі арқылы тасымалдайтын болғандықтан, оны облысқа алып келу сәйкесінше уақыт алады. Осыған қоса, «Саутс Ойл» компаниясынан жалпы 104 тонна газ көлемі бөлініп, тиісті операторларға жеткізілді, – деді ол.
Облыс аумағында осы күні СМГ көбіне талон арқылы босатылып жатқандықтан, қолма-қол ақшаға автогаз құйып жатқан газ бекеттері санаулы-ақ. Ол жерлердің өзі белгілі бір мөлшердегі шектеумен ғана сатып отыр. Сондықтан, сол маңдарда ұзын-сонар көлік кептелісі туындаған.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!