Ерігіп отырып әлеуметтік желіге жан баласы танымайтын бір фото салдым.
Сәлден кейін жұрт суретке «комментарий» жаза бастады.
— Мынау кім ербиіп тұрған? Ұсқыны жаман екен. Біздің ауылда тура осындай кісі болды. Жыным келеді.
— Үстіне киген киімі түк жараспайды. Колхозник біреу ғой. Бейшара…
— Бұл өзі қазақ па? Қазақша білмейтін мәңгүрт сияқты. Тупой.
— Көрмәдік адамнан аумайды. Есектің миын жегір.
— Мына суреттен менің итім «красавчик» қой.
— Пошымын қарашы өзінше бір керемет сияқты болып тұр. Арсыз неме, кет жоғал!
— Пошел вон. Урод.
— Әкеңнің көрі жаңғыр, арамтамақ.
— Астапыралла өзімен кетсін. Шайтан…
— Көзіңе шөп кіргір, сүмелек.
Ешкімге жазығы жоқ жансыз бейнені қаралаған түсініктеме сөздер тоқтайтын емес. Үсті-үстіне келіп жатыр. Аузына ашса қарғыс жауатындар жиналып қалыпты.
Содан суреттің үстіне «Бұл ауданға келген жаңа бастық» деп, бадырайтып жазып қойдым. Сол-ақ екен:
— Қош келдіңіз, басекем!
— Ақылды басшыға ұқсайды. Жүрегім сезеді.
— «Интеллигентный» адам осындай болады.
— Ажарлы кісі екен. «Келбеті келіскеннен ақыл сұра» демей ме?
— Осы азаматтың ауданға бастық болғаны дұрыс болды. Өте іскер, жұмысына тиянақты жан.
— Білгір маман. Көр де тұр, біздің ауданды жетістікке жеткізеді. Сәттілік тілеймін!
Жазғыштар мен білгіштер әлі жазып жатыр…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дерекөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!