Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл халқы қоғамдық көліктің аздығы мен қаңғыбас иттің көптігіне алаңдайды

20.09.2023, 11:30 465

HALYQLINE.KZ

Апта басында Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шаменов қалаға қарасты кент, ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, халықтың талап-тілегін тыңдады.

Қала басшысы алдымен 31 мыңнан астам тұрғыны бар Тасбөгет кентіне барды. Мұнда биыл облыстық және қалалық бюджет есебінен 1 млрд 811,2 млн теңгенің жұмысы атқарылуда. Мысалы, «Шаухаман бағы» аталып кеткен аумаққа қала бюджеті есебінен 15 млн теңгеге абаттандыру жұмысы жүргізілген. С.Сейфуллин мен Ә.Сапарбаев көшелеріне асфальт, 14 көшенің белгіленген бөліктеріне қиыршық тас төселген. Қазір «Бақәділ» ЖШС кенттегі 7 көше мен «Сабалақ» саяжайындағы 18 көшеге орташа жөндеу және тас төсеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған жол саласындағы жұмыстарға облыстық бюджеттен 731,6 млн теңге бөлінген. Құны 542,1 млн теңгеге есептелген денешынықтыру-сауықтыру кешені биыл пайдалануға беріледі. Мердігері –  «Интегрострой» ЖШС. Ал, «Сабалақ» елді мекені мен Тасбөгет кентін электрмен жабдықтауға 29,5 млн теңге бөлінген. Рахмет жырау көшесіндегі бес қабатты 53 пәтерлі тұрғын үйдің инженерлік желісі мен абаттандыру құрылысына облыстық бюджеттен  33 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, кенттің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағытында облыстық және қалалық бюджеттен  134,5 млн теңге тұратын жеті сметалық жоба әзірленген.

Кент тұрғындары Асылбек Шаменовке атқарылып жатқан жұмыстарға ризалығын білдіре келе, кент әкіміне көмек беруін өтінді. Айтуларынша, түнгі мезгілде кейбір жас жігіттер Тасбөгеттің көрнекі жерлеріндегі орнатылып қойған бұйымдарды, жарықшамдар мен орындықтарды сындырып кететін көрінеді. Бұған қоса төселіп қойған брусчатканың үстінде көлікпен жүреді екен. Қала әкімі тиісті сала басшына тапсырма беріп, жағдайды бақылауға алатынын жеткізді.

Қала әкімімен кездесуге келген Белкөл тұрғындары кент шетіндегі көшелерге жарық бағаналарын орнатуды сұрады. Мұнан бөлек, кент клубының орнына жаңа ғимарат қажет екендігін жеткізді. Асылбек  Өмірбекұлы өз кезегінде барлық ұсыныстарға қатысты нақты шешімдер қабылданатынын айтты.

Белкөлдік кәсіпкер Майра Ізбасқанова  кір сабын мен сым жуғыш жасауды қолға алған. Ол кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен көмек алғысы келеді екен. Жиын барысында  қалалық кәсіпкерлік бөлімінің маманымен жолығып, жұмысын жандандыруға бағытталатын мүмкіндіктерді қарастыруға уағдаласты.  

Кәсіпкер Майра Ізбасқанова

– Кәсіп бастауды 2022 жылдың аяғында қолға алып, бизнес жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Наурыз айында қажетті станок пен шикізат және т.б. керекті заттар алуға 4 млн теңге жеңілдетілген несие алдым. Қазір сабынның үш (200, 240, 300 грамм – авт.) түрін шығарып жатырмыз. Сабынға қажетті шикізатты Тараз, Шымкент және Алматы қалаларынан әкелеміз. Станок 1 сағатта 500 сабын шығаруға қауқарлы. Алайда, қазір сабынды көп мөлшерде алатын тұтынушы табылмай тұр. Белкөл мен Қызылорда қаласының кейбір дүкендері өнімді аздап алып жатыр. Сапасы өте жақсы. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтуға күш саламын, – дейді кәсіпкер.

Кентте биыл облыстық және қалалық бюджет есебінен 297,1 млн теңгенің жұмысы атқарылуда.

Теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпір құрылысына облыстық бюджеттен 2022 жылы 251 млн теңге қаржы бөлініп (2023 жылы 109,4 млн теңге бөлінген), құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, наурыз айында ел игілігіне пайдалануға берілді. Жерұйық, Путейцева тұйығы, Әбдіқадыров, №2, 4, 6, 9 көшелеріне қиыршық тас төсеу жұмыстарына 42,3 млн теңге бөлініп, жұмыстар толықтай аяқталды. Сарыарқа, Путейцева көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстарына 47,2 млн теңге бөлініп, «АйкоСтрой» ЖШС  асфальт төселуде.

Орталық көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға (тротуар) 24,1 млн теңге және Бірлік көшесінің мектепке дейінгі аралығына жаяу жүргіншілер жолын салуға 15 млн теңге қаржы бөлініп, қазір құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталды. Бірқазан елді мекеніндегі орталық көшеге 39,1 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталды.

Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында жоба-сметалық құжаттамасы мен сараптама қорытындысын әзірлеу үшін облыстық және қалалық бюджеттен 2,5 млн теңге бөлінді. 2024 жылы 200,8 млн  теңгелік бірнеше жоба  жүзеге асырылады, – деді қала әкімі.

Бұдан әрі Асылбек Өмірбекұлы бастаған топ Қарауылтөбе ауылдық округіндегі күрішке орақ түсу рәсіміне қатысты.  Биыл Қызылорда қаласы барлығы 9079 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Атап айтқанда, 4136 гектарға күріш, бидай – 119, қант құмайы – 75, көкөніс – 1331, картоп – 500, бақша өнімдері – 990, жаңа жоңышқа – 249, ескі жоңышқа 1679 гектарға егілді. Егілген бидайдан 107,1 тонна өнім жиналып, оның өнім беру көрсеткіші 9 центнерден келді. Биыл бұл ауылдық окугте электр бағаналарын орнату, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, көшеге қиыршық тас төсеу, 150 орындық ауылдық клуб салу секілді жұмыстарға 1 млрд 204,4 млн теңгенің жұмысы атқарылған. Тұрғындар ауылда дәрігерлік нысан салуды, ауыл көркінің сәнін қашырып тұрған апаттық екі қабатты үйлерге газ кіргізу, сондай-ақ, жабайы иттердің көптігін, оларды ату мәселесін қозғады.

Қосшыңырау ауылдық округіне келген қала басшылығына тұрғындар қоғамдық көліктің жайын айтты. Бұл – жоғарыда атап кеткен Белкөл мен Қарауылтөбеге де таныс жайт.

– Биыл облыс әкімінің қолдауымен қаламызға 300 қоғамдық көлік алуды жоспарладық. Қазіргі кезде оның 180-і халыққа қызмет етуде. Бұйырса, жақында келетін 120 автобуспен бұл мәселенің шешімін табамыз, – деді Асылбек Шаменов.  

Қазіргі кезде округтегі Досан елді мекеніне медициналық бекет құрылысын салуға, 12 көшені абаттандыру жұмысына, жол жөндеу мен газдандыруға бюджеттен 1 млрд 168,1 млн теңгенің жұмысы атқарылуда.

Қызылжарма ауылдық округінде де жыл өткен сайын көптеген істер атқарылуда. Мәселен, биыл 1 млрд 288,6 млн теңгеге округтегі 28 көше жөндеуден өткен. 24 көшеге жарық бағанасы орнатылған. Р.Батырбаев көшесі мен К.Сексенбаев көшелерінің қиылысына бағдаршам қойылып, 89 көшеге электр желісін тарту жұмысының сметалық құжаттамасы әзірленген. Жалпы сыйымдылығы 1440 текше метр болатын 3 ұңғыманы бұрғылау жұмысының жобасы дайындалып, сараптама қорытындысын алуға жолданды. Шаһар басшысымен кездесуге келген көпшілік жайылымды жерлерді көбейтсе деген тілегін жеткізді. Шаменов өз кезегінде жаңадан сайланған әкім Шәріп Әбдірахмановқа  бірқатар міндет жүктеді.

Халықпен кездесу әрі қарай Қызылөзек ауылында жалғасты. Мұнда биыл жергілікті бюджеттен 396,8 млн теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6 көше жөнделіп, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолы түсуде. Осы жұмыстармен қатар, 4 көшенің бойына жарық бағаналары орнатылған.

Демеушілердің қолдауымен орталық алаң аумағына балалар спорттық алаңы салынып, пайдалануға берілген.

Қызылордаға іргелес жатқан ауылдың бірі Талсуат тұрғындары да қала әкімін ықыласпен қарсы алды. Мұнда 138,6 млн теңгеге 13 көшенің электр желілері тартылып, 8 көшенің жолы  орташа деңгейде жөнделген. Балалар ойын алаңы да ретке келтірілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған 150 орындық ауылдық клуб үйі жақын күндері пайдалануға беріледі.

Ақжарма ауылдық округінде биыл жылдар бойы өзекті мәселе саналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бұл күндері нысан аумағында қызу жұмыстар жүріп жатыр. Халық мұның жыл соңына дейін игілігін көреді деген жоспар бар. Тұрғындар ең қажетті жұмыстың атқарылып жатқанына ризалығын білдірді. Талдыаралдағы ауызсудың ұңғымасын қазуға сметалық құжат әзірленіп қойған. Яғни, аталған шаруа да оң шешімін табуға жақын.

Асылбек Шаменов қалаға қарасты кент, ауылдық округ тұрғындарымен кездесуді Ақсуат ауылдық округінде аяқтады. Кездесуде атқарылып жатқан игі істер баяндалды. Бюджеттен 971,9 млн теңгеге 13 көше орташа жөнделіп, 2 аялдама пайдалануға берілген. «Samruk-Kazyna Trust» ӘЖДҚ демеушілігімен 240 млн теңгеге спорт кешені салынған. Ең бастысы, құны 4,8 млрд теңгеге есептелген газ желісі тартылып, тұрғындар «көгілдір отынға» қол жеткізді. Олар басшылықтан ендігі кезекте ауызсу мен аяқсу мәселесін шешуге атсалысуға шақырды.

Шаһар басшы мен тұрғындардың кездесуінде Қызылжарма ауылдық округінен басқа жердің барлығы ашық алаңқайларда өтті. Жиынға келген тұрғындар атқарылып жатқан істерге бейжай қарамайтындықтарын көрсетумен қатар, бірінші кезекке елдің ауызбірлігін қоятынын жеткізумен болды.

Жасұлан  НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: