Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ванадий өндірісі мен вандализм «өнері» петроглифтерге қауіп төндіріп тұр

07.09.2023, 11:20 425

Сауысқандық  петроглифтері – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,  Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Орталық Азиядағы ең үлкен және ең көне ескерткіш. Дәл осы баға жетпес байлығымыз бүгінде жойылуға шақ тұр. Оған жақын маңдағы ванадий элементінің жарылыс жасау арқылы өндірілуі себеп болып отыр. Осы күні кен орны алға жылжып, Сауысқандық  шатқалына  небәрі 1 шақырым ғана  қалыпты.

Шиелілік журналист Нұрболат Пірімбет ванадий кен орны дәл осы қарқынын тоқтатпаса, бірнеше жылда еліміздегі ең көне петроглифтерді бүлдіріп тынатынын айтады. Сондай-ақ ол асфальт жолдан арасы екі-үш шақырымдай ғана болғандықтан, мұнда демалушылардың жиі баратынын, олардың арасында вандализмге жол беретіндердің көп  екенін  жеткізді.

– Қаратаудың   Сауысқандық  шатқалынан  бұғының бүгінгі  мекенжайы 2 мың шақырымға ауып  кеткен. Яғни, бұғылар бұл мекеннен 2000 шақырымға Алтайға  қарай  қоныс аударған. Осыдан-ақ Сауыс­қандық шатқалының тарихи маңызын ұғына берсек болады. Ал, ванадий кен орны аталған шатқалдың етегін  орай  жарылыстар арқылы  кен  өндіріп  жат­қанына  бірнеше  жыл  болды. Осы қарқыннан жаңылмаса, кеніш бірнеше жылда бұл жерді бүлдіріп тынатыны белгілі. Ванадий кен орны дәл осы Сауысқандыққа қарай келе жатыр. Арасы 1 шақырымдай ғана қалған сияқты. Бұлай жылжи берсе, бәрін  бүлдіреді. Жарылыстан тастар қозғалып, құлай береді. Тастар  биік  жақпарлана біткен. Көбінің беткі қабаты сыдырылып етекке қарай құлап жатыр, – деді  ол.

Жалпы, Шиелі ауданында экспортқа шығатын өнімдердің бірі – «Бала  сауысқандық  кешенінде  қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы. Биылғы жылдың алты айында 190630 тонна  өнім  Ресей, Ұлыбри­тания, Австрия елдеріне жөнелтілген. Ал, былтыр жыл көлемінде 300712  тонна   өнім  экспорт­талыпты.

Тарихшылар мен жанашыр азаматтар «Сауысқандық шатқалындағы қайталанбас суреттер көзімізше жойылып барады» деп дабыл қағуда. Десе де, осы күні петроглифтердің қорғалу дәрежесі кішкентай тақтамен  ғана  шектеліп тұрғаны жасырын  емес.

– Сауысқандық петроглифтерін алғаш анықтап, зерттеу, құжаттау, мерзімдеу мәселесінде, оның толық қорғау аймағын анықтау, т.б. мәселе бойынша көп жұмыстар атқарып, үлкен ғылыми еңбектер де жариялаған болатынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде кейбір суреттер көзімізше жойылып барады. Бұл – Орталық Азиядағы ең үлкен және ақпараттық құндылығы жағынан керемет нысан. Сақтап қалайық және тез арада сөзден іске көшу керек!

Қазіргі таңда қорғау аймағы жай ғана қағаз жүзінде бекітілгенімен, оның қорғалу дәрежесі 50х50 санти­метр болатын тақтамен ғана шектеліп тұр. Тез арада Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық ашу керек. Әзірше ең болмағанда оны қор­ғауды, қадағалауды сол жерде ванадий өндіріп жатқан мекемеге міндеттеп қою керек сияқты. Мен білетін Қаратаудың орталық бөлігіндегі 20-дан астам үлкенді-кішілі осындай петроглиф орындары «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» ашылып, соның қорғау аймағының ішінде қал­ғандықтан, бұрынғыдай бейберекет келушілер тарапынан бұзылуы тоқ­таған деп айтуға болады, – дейді А.Яса­уи атындағы Халықаралық қазақ-­түрік университетінің «Архео­логия ғылыми-зерттеу институтының» аға ғылыми қызметкері Сағынбай  Мұрғабаев.

Негізі, Шиелі ауданы әкімдігінің тапсырмасымен қорғау аймағының тақталары орнатылған. Ванадий өндіре­тін мекемені былай қойғанда, тауға демалуға барғандар алып жартастарға есімін жазбай қайтпайтын болған. Вандализмнің кесірінен жартас суреттерін таппай қалу мүмкін­дігі  де  жоғары  көрінеді.

Бүгінгі күні Қызылорда облы­сына қарасты Қаратаудың  солтүс­тік-батыс бөлігінде 30-дан астам петроглифтің орны бар. Соңғы зерттеулер барысында Қаратауда Қазақстан бойынша ең ежелгі (тас дәуіріне мезолит, энеолит) жартас суреттері анықталған. Мұндай ерекше  ескерткіштерді  қорғау, сақтау кезек  күттірмейтін мәселеге айналуы керек. Әйтпесе, Сауысқандық секілді петроглифтердің ванадий өндірі­сі мен вандализм «өнерінен» соң  сау  тамтығы  да  қалмауы  мүмкін.

Айтқандай, бұл туралы тарих­шылар неше жылдан бері дабыл қағып  келеді. Жақында  ғана  мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те әлеуметтік желіде мәселе көтерді. Депутат аталған жайт облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бақылауында екенін, тиісті жұмыстар атқарылатынын қоса  кетті.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: