Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Неге жаңбыр сәл сіркіресе жарық өшеді?

25.08.2023, 8:55 328

HALYQLINE.KZ

Тақырыптағы сұрақтың нақты жауабы белгілі болды. Өйткені, Қызылорда облысында электр желілерінің тозу деңгейі 68 пайызды құрап отыр. Бірақ, бұл көрсеткіш биыл 2 пайызға азаяды. Жалпы, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының пайдалануында 10121 шақырым электр желісі бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында сөз етілген «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында электр желілеріндегі жалпы тозу деңгейін 15-20 пайызға төмендету жоспары бар. Десе де, бұл бір жылда еңсеретін цифр емес.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында облыстағы электр энергиясында атқарылған жұмыстар барысы айтылды.

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның жаңғыртылған және кайта калпына келтірілген нысандарын аралауға облыстық мәслихат депутаттары, «Аманат» партиясының өкілдері, қоғамдық бірлестік басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов электр желілеріндегі нысандар сапалы болу керектігін сөз етті.

– «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, «ҚЭТТК» АҚ 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға тозу дәрежесін 68 пайыздан 66 пайызға дейін төмендету мақсатында қосалқы стансалар мен кабель желілерін ауыстырып жатыр.

2023 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында барлығы 1 миллиард 345 миллион теңге бөлінген. Оның 371,5 миллион теңгесіне ұзындығы 27,04 шақырым 10/0,4 кВ электр желілерін қайта құру және жаңғырту, №9 ОТП-10 кВ екінші секциясын жаңғырту, электр энергиясын есепке алу аспаптарын жаңғырту және АСКУЭ-ге қосу, 1 бірлік автотехника сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыстық бюджеттен 10/0,4 кВ қосалқы стансаларын 35 дана ҚТПБ үлгісіндегі қосалқы стансаларға ауыстыруға, ұзындығы 21,15 шақырым 10 кВ кабель желілерін және ұзындығы 10,5 шақырым 0,4 кВ кабель желілерін ауыстыруға 973,3 миллион теңге бөлінді, – деді ол.

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ пайдалануындағы электр желілерінің жалпы ұзындығы – 10121 шақырым, қосалқы станциялардың саны – 1867 дана.

Компания активтерінің сенімділігін қолдау, техникалық қайта жарақтандыру мақсатында ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және Қызылорда облысы бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бірлескен бұйрығымен меншікті және бюджеттік қаражаты есебінен 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген.

Инвестициялық бағдарламада көзделген жұмыстарды орындау электр жабдықтарының сенімділігі мен жұмысқа қабілеттілігін жақсартуға, электр желілерінің тозуын азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

– Қазіргі таңда «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ бойынша 582 қосалқы станса бар. Оның тозу деңгейі электр желілерімен алғанда 68 пайыз болып тұр. Бұл – облысқа тән статистика. Ал, Қызылорда қаласы бойынша электр желілерінің тозуы 72 пайызды құрап отыр. Осы күні 345 миллион теңгеге 27 шақырым электр желілері жаңартылады. №9 орталық тарату пунктінде екінші секциясын толық алмастыру жұмыстары жүргізілді. Оған қоса 762 электр есептегіш ауысты. Интернет арқылы барлық көрсеткіш бақыланып отырады, – дейді «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының директоры Ерболат Каленов.

Жалпы, қайта құру және жаңғырту жөніндегі жұмыстар берілетін электр энергиясының сапасы мен сенімділігін арттыру, сонымен қатар желілердің нормативтік ысыраптары мен тозуын азайту мақсатында жасалады.

Осы күні мамандар Қызылорда облысының электр желісінің алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр. Мойындау керек, баспасөз туры барысында бірнеше нысанды аралап, атқарылған жұмыстармен таныс болдық. Десе де, ел-жұрттың электр энергиясына деген арыз-шағымы көп. Жаңғыртуды қажет ететін электр желілері аз емес екенін статистикадан да байқауға болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: