Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Билет тапшылығы қалай шешіледі?

24.08.2023, 12:00 261

Жылда жаз айларында билет мәселесіне тап келеміз. Өткенде ауылдан анам Астанаға келетін болып, билет іздедік. Жаңақорғаннан Астанаға дейін бірнеше пойыз жүреді. Білгіштер айтқан барлық амал-айлаға жүгіндік. Жоқ! Билет  таппадық.

ДЕЛДАЛДЫҢ   ДӘУРЕНІ  ЖҮРІП  ТҰР

Алдымен Қызылорда қаласынан Павлодарға  дейін (Жезқазған арқылы)  жүретін 117Х нөмірлі пойызынан билет іздедік. Таба алмадық. Сосын Түркістан-Павлодар бағытындағы 046Х нөмірлі пойызынан қарадық. Бір билет шықты.

Амал жоқ, Жаңақорған кентінен Түркістанға дейін автокөлікпен келіп (арақашықтығы 100 шақырым), пойызға отырды. Қайтар жолда «Алматыға барамын» деді.

Астана қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан, ары-бері ағылып жатқан жолаушылар пойызы көп, билет табылар дедік. Бұл қате тұжырым екен. Бірнеше күн Алматы-Астана бағытында қатынайтын пойыздардан билет қарадық. Ақыры үстіңгі орыннан билет таптық-ау. Амал жоқ, жастар орын берер деген үмітпен жолға шықты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пойыз билетінің тапшылығын шешуді тапсырды. Алайда өз шешімін әлі тапқан жоқ.

Ел бойынша жолаушылар тасымалы нарығында 10 компания қызмет етеді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарасты кассаның саны 250 болса, жекеменшік касса 4,5 мыңнан асады. Бүгінде соңғысының дәурені жүріп, қызметі бақылаусыз қалды. Теміржол вокзалындағы кассирлер де түрлі айланы қолданып, реті келсе ақша жасап қалғысы келеді.

Әлеуметтік желінің белсендісі Абай Ескендіров: «Бір адамға 20 билет сатады. Сосын алыпсатарлар вокзал маңындағы жолаушыларға 5 мың теңге қосып пұлдайды. Кассирде қалатыны 3 мың теңге, алыпсатардың пайдасы 2 мың теңге» деп жазды.

Касса жолаушыларға тек жеке куәлік бойынша билет сатады. Алайда алыпсатарлар билетті ертерек сатып алады, әрі 20-30 билетті бірден алады. Билетті өткізудің де жолы көп. Егер делдалдар алаяқтықтың бұл түрімен ұсталса, онда 5 айлық есептік көрсеткіш (12 мың теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Еуропа елдерінде заң қатаң әрі  айыппұл  көлемі – 1000  еуро.

ЖЫЛДАМДЫҚПЕН  ДЕ  МАҚТАНА  АЛМАЙМЫЗ

Жақында Қуаныш Есқабыл есімді азамат круиз-турмен Еуропа елдерін аралап келді. Оның сөзінше, Испанияда да, Францияда да, Италияда да билет тапшылығы сезілмейді. Мейлі ұшаққа болсын, мейлі пойызға болсын билетті кез келген уақытта кассаға барып таба аласыз. Салыстырмалы түрде билеттің бағасы да қолжетімді.

– Түркияның Ыстамбұлынан Францияның Марселіне дейін кемемен жеттім. Сосын Парижге пойызбен бардым. Бұл елдің оңтүстік-шығысы мен солтүстік-батысындағы екі қаланың қашықтығы – 700 шақырым. Пойызбен 2 сағатта жеттік. Енді есептеп көріңіз, Астана мен Семейдің арасы 630 шақырым, пойызбен 12 сағатта жетесіз. Керек кезде билет табу да қиын, бағасы да қалтаға салмақ салады, – деді Қ.Есқабыл.

Еуропалықтар үшін 1000 шақырымды 3-4 сағатта бағындыру қалыпты жағдай болғанмен, бізде ертегі сынды. ХХІ ғасырда өркениетті елдердің бір өлшемі – жылдамдық. Жоғары жылдамдықпен жүретін елдердің рейтингісін зерделедік.

Көш басында Жапония тұр. Бұл елдің «L0 Series Maglev» пойызы сағатына  602 шақырым жылдамдықпен жүреді. Неткен жылдамдық десеңші! Тіпті көз іліспейді-ау, шіркін! Одан кейін Қытайдың «CRRC Qingdao Sifang Maglev» пойызы сағатына  600 шақырымды бағындыра алады. Үздік үштікті Францияның «TGV POS» пойызы түйіндеді. Оның жылдамдығы – сағатына 575 шақырым. Кореяның «HEMU-430X», Италияның «Frecciarossa 1000» және Испанияның «Alta Velocidad Espanola» пойызы жоғары жылдамдықты қатынас құралына жатады.

Әлем елдері рейтингісінде Өзбекстан 17-орыннан көрінді. Бұл – Орта Азия елдеріндегі жоғары көрсеткіш. Ташкент пен Самарқанды  жалғайтын  пойыз  255 км/сағ жүреді.

Теміржол саласының ардагері Хайрулла Сәрсенбаевтың сөзінше, пойыздар жоғары жылдамдықпен жүруі үшін алдымен инфрақұрылымды оңалту маңызды. Яғни рельс жолын халықаралық стандартқа сәйкестендіріп, электр желісін тартып, жолдағы қауіпсіздік үшін арнайы қоршаумен оқшаулануы керек. ХХ ғасырдың басында салынған теміржол желісі жоғары жылдамдықты пойызды қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Егер ҚТЖ жоғары жылдамдықты пойыздар желісін құрғысы келсе, бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесін шешуі керек.

ЖҮЙЕЛІ  ЖҰМЫС  БАР  МА?

Бұл ойды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеев дәлелдеуге тырысты.

– Билеттерге сұраныстың артуы негізінен мереке күндері, жазғы және қысқы кезеңдерде пайда болады. Ұлттық тасымалдаушы билетке сұранысты қанағаттандыру үшін «Күту парағын» іске қосты. Жолаушы кезекке пойыз жолға шыққанға дейін 7 күн бұрын тұрады. Бос орындар пайда болғанда жолаушының жеке кабинетіне SMS хабарлама келеді. Қызметтің бұл түрі bilet.railways.kz сайты арқылы іске асады, – деді ол.

«Күту парағымен» билет тапшылығы түбегейлі шешілмейтіні анық. Мәселе маусымдық мезетте қомақты қаржы табуды әдетке айналдырған адамдардың заңсыз әрекетін тыюмен өлшенеді. Ол үшін заң – қатал, талап – межелі болуы керек.

Қоғамда билетті әртүрлі жолмен алатын алыпсатарлар туралы әңгіме көп. Озық елдердің тәжірибесінде көлеңкелі экономиканы қысқартудың жолы – цифрландыру, яғни жасанды интеллект қызметіне басымдық береді. Нариман Дүйсекеевтің сөзінше, жолаушылар тасымалы саласында ашықтық пен жариялықты жетілдіру мақсатында электронды билет жүйесін дамытып, онлайн-сатылымдардың үлесі 70 пайыздан асты. Bilet.railways.kz сайты мен «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Мұнда билетті қайта сатумен байланысты заңсыз әрекетті орындау мүмкін емес.

Шұғыл жолға шыққан жағдайда «Ауыса отырып жол жүру» қызметін қолдануға болады. Яғни жолаушылар пойыздан пойызға ауысып, межелі жерге барудың мүмкін нұсқасын таңдайды.

Жазғы тасымалдауға дейін жолаушылар вагон паркін дайындадық. Жазғы маусымда Бурабай курорты мен Алакөлге сұраныс жоғары. Астанадан алғаш рет Астана-Достық бағытында «Тальго» пойызы ұйымдастырылды. Пойыз аптасына 2 рет Алакөл курорттық станциясы бағытында жүреді. Одан бөлек, Алматы, Астана, Семей, Өскемен қаласынан Достық станциясына дейінгі бағыттарды қамтиды.

17 маусымнан бастап «Қарағанды-Астана» жүрдек электр пойызының бағыты Бурабай курорты станциясына дейін ұзартылды.

Бұл бастамалар халықтың билетке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында іске асты.

ЖОЛАУШЫЛАР  ЖАЙ  АЙТПАЙДЫ

Теміржол тасымалы саласында сервистік қызмет сапасының артуы заңдылық. Өйткені жыл сайын билеттің құны қымбаттайды. Жолаушылар арасында жол бойы смартфонын қуаттай алмағанына шағымданатындар көп. Жазда – ыстық, қыста – суық болатын ескі вагондар әлі сапта жүр. Бәрінен бұрын, біздің пойыздар уақытынан кешігіп келуді әбден әдетке айналдырып алды. Астана қаласының вокзалдарына тоқтайтын пойыздар 1-2 сағат кешігіп  келетініне  үйреніп  те кеттік.

«Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ билет тапшылығы мәселесімен қатар, жоғары жылдамдықты пойыздар мен сервистік қызмет сапасын арттыруды шешуі керек.

Бұл туралы әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Пікір білдіргеннің басым көпшілігі бұл салаға көңілі толмайтынын білдірді.

Мұхтар Дәрібаев: «Билет жоқ, бірақ мінсең бос орындар көп. Осы сұраққа кім жауап береді. Екінші жағы, вагондар неге жаңармайды?».

Мәрлен Ерлан: «45 күн қалғанда билет алу басталады. Сол мезетте қарасаңыз, пойызда билет болмайды».

Дархан Әлдібеков: «Билетті жеке кассалар алдын ала сатып алады. Сосын үстіне ақша қосып сатады. Бұрыннан келе жатқан бизнестің бірі. Бұған таңғалуға болмайды».

Шолпан Жүнісова: «Жылда осы! Пойызға билет жоқ, автобусқа жарамаймыз, ұшақтың билетін қалта көтермейді. Астанаға жету мұң болып тұр».

Қуандық Танабас: «Теміржол вокзалында алыпсатарлар билетті 10-15 данадан ұстап жүреді. ҚТЖ-дағы келеңсіз жұмыстар осылай басталады».

Руслан Бөлекбаев: «Біздің Үкімет айналдырған 19 миллион халыққа билет жеткізе алмай отыр. Қытай мемлекеті миллиардтарға қалай билет жеткізеді екен, ә?!».

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S. Қалай болғанда да, ҚТЖ саласында қордаланған мәселе аз емес. Жаңа Қазақстанның перспективалы бағыты пойыз қозғалысынан көрінеді. Өйткені бұл сала экономиканың – өзегі, туризмнің – тірегі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: