Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталин «ДАЛА ҚЫРАНЫ» деп бағалаған Шаяхметов НЕГЕ ҰМЫТ ҚАЛДЫ?

18.08.2023, 13:39 801

HALYQLINE.KZ 

Жұмабай Шаяхметов 1902 жылы 30 тамызда Ресей империясы Дала генерал-губернаторлығына қарасты Ақмола облысы Омбы уездіндегі Борисов болысындағы № 2 ауылында дүниеге келді. Арғын тайпасының Атығай руынан (бұған дейін жазған Фазыл Кәрібжанов пен Еркін Әуелбеков та осы Атығай руынан). Жұмабай Шаяхметұлының арғы атасы Тоқтамыс Жанұзақов ХІХ ғасырда Омбыдағы сайлауда Абылай ұрпақтарынан басым дауыс жинап аға сұлтан болған. Немере ағасы Хамит Тоқтамысов ресей армиясында болып, бірінші дүниежүзілік соғыста капитан шеніне дейін өскен әскери адам болған.

  1917 жылы Алашорда армиясын құрып, соғыс министрі болған тұлға. 1910-1913 ауыл мектебінде оқиды. 1917 жылы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде оқығанмен бітіре алмай, күн көріс үшін 1917-1919 жылдары байларға жалданып батырақ болады, кейін анкеталарында шаруа отбасынан шықтым деп жазуы қызметінің көтерілуіне себебші болады, әйтпесе қызылдар «контра» деп маңайына жолатпайтын еді. 1921 жылға дейін ауыл мұғалімі болды. Орысша сауаттылығының арқасында 1921-1923 жылы уездік ревком хатшысы болады, 1923-1925 жылдары уездік милиция УгРо-сының бірінші разрядты агенті болады 1925-1926 жылдары Ақмола Губкомының инспекторы, 1926-1928 жылдары «Қосшы» Одағының жауапты хатшысы болады, 1929 жылы большевиктер партиясы ВКП (б) қатарына өтеді және Москвадағы шығыс институтының парсы бөлімінің халықаралық сауда факультетіне түседі.

1933-1938 жылдары ОГПУ-НКВД органдарында қатардағы оперативтік қызметкерден Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД-нің Басқарма бастығының орынбасарына дейін өседі. Міне, осы органда қызмет істеуі Жұмабай Шаяхметовтың әлі күнге дейін есімі ескерусіз қалуына себепші болып отыр. 1937-1938 жылдардағы репрессияға қатысы болды деген ақпар ұзақ жылдар бойы үстемдік құрды және Шаяхметовтың есімі атала бермей ұмыт болуына бірінші себепші болған еді.

Шаяхметов отбасымен

Кей білгіштер Үкілі Ыбырайдың атып өлтіруіне қатысы бар және Мағжан Жұмабаевты тұтқынға алды деп жазған кез де болды. Солай болғанның күннің өзінде облыстық басқарма бастығының орынбасары тұтқындауға бармайтын шығар, ол қатардағы милиционердің қызмет құзырына кіреді. Шаяхметовтың репрессияға қатысы жоқтығын білу үшін, ОГПУ-НКВД структуралық  құрылымын білу керек. Бұл құрылымға ерекше бөлім (контразведка) мен саяси бөлім (саяси қарсыластар халық жауларын анықтау) кіреді.  Ал, Жұмабай Шаяхметов НКВД-нің бандитизм мен наркобизнесті қадағалайтын шекара күзеті кіретін бөлімде қызмет еткен. 1938 жылы Шаяхметовты Москваға арнайы шақырып Қазақстан Компартиясының үшінші хатшысы қылып бекітуінің себебі, жапон-қытай соғысы басталып кеткендіктен, совет үкіметі Қытайға көмекті қазақ жері арқылы көрсету үшін шекара қызметін жетік білетін «күштік құрылым» маманы ретінде Москваның көзіне бірден түсіп органнан шығарып алуының басты себебі осы болатын.

Совет үкіметінің көзіне өзінің іскерлігімен көзге түскен Шаяхметовты келесі 1939 жылдың маусым айында Қазақстан Компартиясының ІІІ Пленумы екінші хатшы қылып сайлады. Осы қызметте жүргенде соғыс басталып кетті. Москвада соғыс басталғанын Молотов естіртсе, Алматыдағы Горкий атындағы паркте 25 000 халықтың алдында екінші хатшы Шаяхметов сөз сөйлеп бар күш жауға қарсы жұмылдыратынын жеткізді. Өзі де біліп айтқан екен, оны Москва «Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің» (ГКО) республикадағы өкілі қылып тағайындады. Жау басып алған Украина, Белоруссия, Молдовия т.б. елдердегі көшіріліп әкелінген заводтар мен фабрикалар Қазақстанға орналастырып, санаулы уақыт ісінде оны іске қосуды басқарып бақылау Шаяхметовтың тікелей міндеті болды, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып ақыры толық іске асырды.

1941 жылы  Алматыға алғашқы эшелонмен эвакуацияланып  келген Украин республикасының жетім балаларының алғашқы легі келгенде радиодан қала халықына асырап алайық деп Үндеу жасап, өзі бірінші болып үш жасар Владимир Мальконы алып, Шаяхметов деп атына рәсімдеп алды. Метркесіндегі ұлты деген жерге қазақ  деп жаздырды.

Соғыс кезінде жау басып алған елден қанша өндіріс орындарын, қанша малды, қанша адамдарды орналастырғанын айтып уақыт алмайық. Тек осыншама ресурсты іске қосу арқылы 1942 жылдың ортасында Қазақ ССР жалпы өнім беру жағынан Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. Соғыс жылдарында басшы қызметке қазақтың жігіттерін тарта бастады,  Д.Қонаевты Қазақ ССР үкіметінің өндіріс жөніндегі орынбасары қылып, Риддерден Қ.Сатбаевты алып келіп геология-кен институтының директоры қылды. Сондай-ақ,  Илияс Омаровты, Жұмабай Ташеновты, Шахмардан Есеновты т.б. басшылық қызметке тағайындай бастады. 1943 жылдың желтоқсанында елдің еңсесін көтеру мақсатында республикада бірінші ақындар айтысын өткізіп, оған жыр алыбы Жамбыл қатысып, бата берді. Соғыс кезінде елге көшіріліп келген ЖОО орындарының педагогикалық кадрларын алға тартып, 1944 жылы Сталиннің жеке қабылдауында болып 4 институтты ашуға қол жеткізді. Олар: Құрманғазы атындағы консерватория, ЖенПИ, Қазақ физкультура институты мен химия-технология институты еді. Соғыс жылдарында көшіп келген өндіріс орындарының 700-ден астамын Қазақстанда қалдыруға қол жеткізді, көшіп келген киностудиялар базасында «Қазақфильм» кинстудиясы ашылды, бәрін айту мүмкін емес. Соғыс жылдарындағы тылдағы ерен еңбегі бағаланып ең жоғарға марапат – Ленин орденімен марапатталды.

1946 жылдың басында Г.Борковтың орнына Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болды. Сталин Шаяхметовтың ұлы жеңіске қосқан үлесін жоғары бағалады. 1946 жылы жазында Тушинодағы авиация парадында сөз сөйлегенде қасында отырған Шаяхметовты «Дала қыраны» деп атады, ал совет ұшқыштарын «Сталиндік қырандар» деп атағанын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Дүниежүзінің «халықтар көсемі» атанған Сталиннің «Дала қыраны» деп атауы қызғаныш туғызып, Шаяхметовты ұмыттыруына екінші себеп болды.

Жұмабай Шаяхметовтың 1946-1954 жылдары Қазақстанды 8 жыл бойы басқарған кездегі елдің экономикасы мен халықтың әл ауқатын арттырудағы ерен еңбегін тізіп жазбай-ақ, басты еңбегі соғыстан соң Ресей мен басқа республикаларда орын алған репрессияның екінші толқында адам шығынын болдыртпай өтуіне себепші болғанына тоқталайын. 1947 жылдың 21 қаңтарында «Правда» газетінде СССР-дегі екінші адам КПСС ОК идеология хатшысы А.А.Ждановтың «Қазақ ССР-нің  Ғылым Академиясындағы «Тіл және әдебиет институтының саяси қателіктері Туралы» мақаласы шыққаннан кейін ғалымдар Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ. Сәтбаев т.б.  қудалауға ұшырады. Тарихшы Бекмаханов ісімен МГБ айналысқан соң, оны 25 жылға соттап жіберді (Сталин өлген соң ақталды). Әуезов жұмыстан қуылғаннан кейін оны тұтқынға аланатынын біліп, Москваға бой тасалай тұруына жағдай жасады. Маленков Қаныш Сәтбаевты орнынан алып тастағанда, орнына Д.Қонаевты Академия призиденті қылып сайлатуға қол жеткізді. 1948 жылы совет үкіметінің бірінші орынбасары А.Косыгиннің жеке қабылдауында болғанда Қазақстанды электрификацияландыру мәселесін айтып, республикадағы 193 ауданның  757 колхозы мен 164 совхозына электр жарығын жүргізді.

         1953 жылдың 5 наурызында Сталин қайтыс болған соң оның орнына келген Никита Хрущев Шаяхметовты Сталинмен жақсы қарым-қатыныста болғаны үшін орнынан алу мәселесін ойлап жүрді. 1954 жылы Қазақстанда Тың жерлерді игеру туралы мәселені арнайы қарағанда Шаяхметов бірден қарсы болып: «Никита Сергеевич, қазақ жерінің құнарлы топырағы қалың емес, ол жерлер бос жатқан тың жерлер емес, мал жайылымы үшін ғана қолайлы, сондықтан Қазақстанды астықты алқапқа емес, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы» – деп айтқанымен, тындамай, Шаяхметовты орнынан алып тастап, бірінші және екінші басшы қылып П.Понаморенко мен Л.Брежневті жібереді. Ж.Шаяхметовты 1954 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы қылып жібергенімен, Тарасенко деген бірінші орныбасары Москваға арыз жазып, Шаяхметов жұмыстан ерте кетіп қалып жүр дегесін, келесі 1955 жылы орнынан алады,  орнына Шымкент облысының екі ауданының жерін Өзбек ССР-іне өткізіп жіберген Ысмайыл Юсупов келген болатын.

Жұмабай Шаяхметовтың жұмыстан ерте кетіп жүруіне ауруы меңдеп кеткені себепкер еді. 1949 жылы  29 тамызда Семейде бірінші атом бомбасын ашық аспан астындағы сынағына Қазақстан басшысы ретінде қатысқан болатын. Радиация өтіп кеткендіктен мидің рак ауруына ұшыраған. 1956 жылы Сталиннің жеке басқа табынушылығын айыптаған партияның ХХ сьезінде Ж.Шаяхметовты КПСС Орталық Комитетінен шығарып тастады. 1964 жылы әйелі өмірден өтеді. Миына екі рет операция жасағанмен сәтсіз аяқталады. Шаяхметовтің совет үкіметі берген Москвадағы бір бөлмелі пәтерінде болған министр Мұзафар Дайыров оның адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын көреді. Брежневтің орнына Қазақстанның бірінші басшсы Д.Қонаевқа осы жайды айтқанда, ол естімегендей кейіп танытып үндемей қалған. Өліп қалсам әйелімді жерлегендей денем Москвада қалып қоймасын деп, Алматыға келгесін 1964 жылы  6 ақпанда қазақ елін үздіксіз 8 жыл басқарған және ұлтым деп соққан алып жүрек тоқтады. Өз саясатына қарсы келгені үшін Шаяхметовтың есімін Хрущев барынша ұмыттырудың негізін салып кетті. Сол кезде жарық көрген «Үлкен Совет Энциклопедиясына» елімізді сегіз жыл басқарған Шаяхметов есімі кірмей қалды. Бұл «БСЭ» кейін 8 рет қайта жарық көргенде де, есімі тағы да ілінбей қалуына себеп, совет одағын 18 жыл басқарған Л.Брежнев пен қазақ елін басқарған Д.Қонаевтың игеру біздің еңбегіміз деп, Шаяхметовпен қоса Хрущевтің де есімін атамайтын болды. Бұл Шаяхметовты ұмыттыруға негіз болған үшінші себеп еді. 1960 жылдардың соңында Өзбек ССР-і мен шекаралас Келес ауданының жаңадан құрылған совхозына обком хатшысы болған Шаяхметовтың есімін бермекші болғанда Қазақ ССР Компартиясының Орталық Комитеті қарсы болды.

2002 жылдың  20 қарашасында Шаяхметовтың туғанына 100-жылдығына байланысты Қазақстанға белгілі адамдар Талғат Бегелдинов, Қасым Қайсенов, Бикен Әшімов, Шота Уәлиханов, Сағдат Нұрмағанбетов, Ермек Серкебаев т.б. ҚР басшыларына Жұмабай Шаяхметовтың есімін  Алматы мен Петропавловск қаласындағы бір көшеге және республиканың бір ауданына беру туралы Үндеу жариялағанмен, үнсіз құтылып кетті. Тарихта Қазақстан деген ел болған емес, мемлекетті мен құрдым деп есптейтін НӘН өзінен басқа қазақтың ел басқарған қайраткері болғанын аузына да  алғысы келмей, ұмыттыруға тырысты. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Шаяхметовты ұмыттыруға себеп болған төртінші себеп еді.

Сөзімнің соңында осындай алып тұлғаның отбасы туралы айта кетейін. Ж.Шаяхметовтың зайыбы Майнур Ғалиқызы Шоқабаева (1907-1964)  жеті бала туғанмен, екеуі жастай шетінеп кетті. Ұлы Равиль (1927-2000) инженер-металлург, техника ғылымының кандидаты, ұлы Ноэль (1931) судмед сарапшы, антрополог, Москвада тұратын қазіргі жағдайын білмедім. Қызы Алма (1934-2013) географ, әкесі туралы «Қызының көзімен» деген естелік кітап жазған, ұлы Тарғын (1946-2006).

Ашық дереккөзден алынған фотода Жұмабай Шаяхметов 1951 жылы СССР Жоғарғы Кеңесінің 3-ші шақырылымының 2-ші сессиясын жүргізіп отыр солдан оңға қарай: Ворошилов, Якубов, Шверник, Шаяхметов, Яснов, Сталин. Екінші фотода отбасымен, москвалықтар Жұмабай көкемізді «сұлу қазақ» деп атаған.

Бақытжан Абдул-Түменбай тарихшы, журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: