Дана халқымыз «көш жүре түзеледі» деген бір ауыз сөзімен-ақ шыдамдылық, уақыт, жетістік, нәтиже дейтін ұғымдардың мән-мағынасын түсіндіріп беріп кеткен. Расында, ел де, көш те, тіпті құрылыс та, даму да жүре келе, көре келе түзеледі. Қызылорда жұртшылығы ондаған қабатты үйдің көлеңкесінде жүрмесе де күніге көркейіп, құрылысы қарқын алған қаланың қазіргі әсемдігімен мақтанады. Яғни алға жылжу бар. Аймақта жылына бірнеше миллиард теңге құрылысқа жұмсалады. Басты мақсат – заманауи, көрікті шаһар жасау. Бұл мақсатқа бірте-бірте жетіп келеміз. Бұған дейін республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден әлеуметтік нысандарды салуға қаражат бөлінсе, енді қаламызға ерекше рең беретін орталық алаң жаңғыртылатын болды. Апта басында қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай осыған байланысты БАҚ өкілдеріне түсіндірме берді.
– Қазіргі таңда облыстық бюджеттен қажетті қаражат қаралып, орталық алаңды қайта жаңғырту жұмыстарын істеп жатырмыз. Оның ішінде «Аманат» партиясының аумағы, субұрқақ пен Әйтеке би көшесінің маңайы, Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін құрылыс жүретін болады. Бұл жұмыстар шілде айының 20-сында басталады, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Қалған қаражат демеушілер есебінен болады. Мердігер мекеме – «Техоснастка-ремсервис» ЖШС, – деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Орталық алаңның кейінгі бейнесіне қарасақ, көз тояды. Макеттегі өмірді армандап қалмау үшін құрылысты жүргізетін мердігер мекеме барын салуы қажет. Себебі бұл түгел қаланың келбетін көрсететін жоба болғалы отыр. Жоба бойынша субұрқақтар аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарықдиодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндемелер орналастырылады. Ы.Жахаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады. Бұл жаңалыққа қала тұрғындары да қуанышты екенін білдіріп, нәтижесін асыға күтетінін айтты.
– Күніге кешке орталық алаңды немереммен жаяу аралап өтемін. Бірақ жердегі қоңыр түс көңіл күйіңді басып тұратындай көрінетін. Өзге қалалардың орталық алаңында түрлі орындар бар деп қызығушы едік, болашақта салынатын алаңға қарап, тамаша болатынына көзім жетіп тұр. Ашық түстер мен көздің жауын алатын дизайн таңдалыныпты. Өзім қаншама жыл үй ішінің эскизін дайындайтын маман болып қызмет атқарғанмын. Себебі, ол адамның өзін ұстауы мен коммуникациясына әсер етеді. Ендігі суреттегідей дүние жасалса, оған ештеңе жетпейді деп ойлаймын. Бәрі халықтың қамы үшін ғой. Қаламыздың көркі үшін. Барлығына алғыс айтамын! – деп пікір білдірді қала тұрғыны Елена Арыстанқызы.
Барлығын қойшы, көшелер ғана емес, жаяу жүргіншілер демалатын орындар да көріктенеді. Көпқабатты үйлердің ғана құрылысы емес, жаңаша үлгідегі субұрқақ пен жастар жүруге арналған орын жаңартылады. Осының өзі көңіл қуантпай ма?
Осылайша, Қызылорда қаласындағы орталық алаңды қайта жаңғырту жобасы қала үшін айтулы оқиға ғана емес, оның заманауи келбетін қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, қанатымыз кеңге жайылып келеді. Ал мұның бәрі елін ойлаған патриот ұл-қыздың және қарапайым халыққа жанашыр демеушілердің көмегімен болып отыр. Қызылорда қаласы өзінің жарқын да табысты даму жолын ары қарай да жалғастыратынына сенімдіміз!
Халық-хабар
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!