Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2020 жылдан бері 255 білім саласының қызметкері парамен ұсталған

08.07.2023, 14:05 329

HALYQLINE.KZ

Қазақстанда соңғы 3 жылда білім саласына 12 трлн теңге бөлінген. Бұл қаржы 2021-23 жылғы бюджет шығынының 20 пайызы. Биыл мұғалімдерге бөлінген қаржы тағы 5 млрд теңгеге көбейген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Педагогтар туралы заң қабылданып, ұстаздар жалақысының артуы коррупцияны да көбейткен. 2020 жылдан бері 255 білім саласының қызметкері парамен ұсталған. Олар мемлекетке 11 млрд теңге шығын келтірген. Антикор 20 өңірде тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова бұл іс жария түрде анықталуы керек деп есептейді.

– Қазіргі кезде еліміздің 20 өңірінде аудит жүріп жатыр екен. Біз аудитті үш бағыт бағыт бойынша анықтауды талап етіп отырмыз. Мектептің толық материалдық-техникалық базасына инвентаризация (мәліметтерді бухгалтерлік есеп бойынша тексеру – авт.) жүргізілу керек. Біз 6500 мектептің материалдық-техникалық жағдайында не бар, не жоқ, несі жымқырылғанын ел болып білуіміз керек. Қазір мектептерде қаржы-есеп бөлімінің саны жетіспейді, – дейді депутат.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтунша, жұмысқа бармай-ақ айлық алып отырғандар бар.

– Білім басқармаларының қызметкерлері мектепке мұғалім ретінде тіркеледі де, мектепке бармай ақша алады. Яғни, ол бақылаушы мекеме болғандықтан, оған директор мен басқа мұғалімдер ештеңе айта алмайды, – дейді Смағұлов.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, білім беру саласында 343 құқық бұзушылық тіркеліп, 255 адамының қылмысы әшкереленген. Олардың мемлекетке келтірген 11 млрд теңгесіне 1500-2000 орындық 4-5 мектеп салуға болар еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы ақша жымқыруда бухгалтерлердің қомайлығы басым дейді.

– Ақтөбе қаласындағы мектеп бухгалтері бір жыл бойы 200 млн теңгені шотына аударып отырған. 2018 жылдан бастап есептесек, ол 395 млн теңге жымқырған. Анықтағанымыздай, бұл азамат күнделікті, кейде араға күн салмай шотына ақша аударып отырған, – деді Асхат Жұмағали.

Қазақстанда жоғары аудиторлық палата республикалық бюджеттің жұмсалуын тексеруге құқылы. Депутаттар алдағы уақытта Үкіметке әкімдіктерге бөлген қаражаттың тиімді жұмсағанын тексеретін ұсыныс енгізуді жоспарлап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: