Астанада орталық мемлекеттік органдардың басшылары және дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 12-ші отырысы өтті. Іс шараға ЕО елдерінің өкілдері, Финляндия мен Румынияның Қазақстандағы елшілері, Globalia LTD, Deutsche Bahn және Scania Central Asia LLP компанияларының өкілдері қатысты.
Премьер-министр Әлихан Смайлов Еуропа елдерінің баламалы энергия саласындағы тәжірибесі мен жетістіктерін ескере отырып, бірлескен жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екенін айтты. Ол экологиялық күн тәртібі Қазақстан экономикасының негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Айтуынша, 2030 жылға қарай еліміз өзінің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін қазіргі кездегі 4,5%-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Биыл 21 маусымда Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіру бойынша Svevind компаниясының ірі жобасы іске қосылған.
ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын, бұл ретте жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және өзара көлік байланысын нығайту алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Климаттың өзгеруі жаһандық қауіп болып отыр. Еуропалық Одақ 2050 жылға қарай нөлдік зиянды қалдықтар экономикасына көшу жөніндегі міндеттемесі туралы бірнеше рет жариялаған болатын. Біз Қазақстанды осы бағытта компанияларымыз мен банктеріміздің нақты жобалары арқылы қолдағымыз келеді», — деді Кестутис Янкаускас.
Одан бөлек Одақтың еліміздегі елшісі көлік инфрақұрылымын дамыту және Орта дәліз арқылы жүк тасымалдауды арттыру үшін логистикалық үдерістерді оңтайландыру жөніндегі өңірлік бастамаларды жоғары бағалады.
Отырыс барысында логистика және көлік саласындағы өзекті мәселелер, оның ішінде әкімшілік және инфрақұрылымдық кедергілерді жою, ЖЭК-ті дамыту, экологиялық таза отын түрлеріне көшу және басқа да бірқатар мәселе жан-жақты талқыланды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!