Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КҮРЕ ЖОЛДЫҢ МАШАҚАТЫ немесе «еститін» Үкімет жолаушылар жайын неге ойламайды?

22.06.2023, 11:00 478

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 565 шақырым көлік дәлізі ІІ санаттық жолға жатқызылып, соның салдарынан 2017-2022 жылдары осы екі арада 243 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 162 адам қаза тапқан.

Автожүргізушілер жоғарыда  аталған  екі аралық­тағы күре жолдың енсіздігін, жылдамдығы баяу көлікті басып озу аса қауіпті екенін айтып  келеді.

– Бұл трассада алдың­дағы көлікті басып озу өте қауіпті. Жүк көліктерінің бір­нешеуі қатар жүріп келе жатса, тіпті қиындай түседі. Себебі, оның  алдына шығу үшін қарсы бетке өтуің керек. Жол апатына көбіне осындай жүк көліктері себеп болады. Бұл жеңіл көліктерден мүлде қауіп жоқ дегенді білдірмейді. Кейде көресіні солардан көреміз. Оған қоса трассаның бойында төрт түлік малдың тұруы, оны кесіп өтуі секілді әркеттер де апаттық оқиғаға өз әсерін тигізеді, – дейді  Жандос  Ибраев.

Үкімет үйі талай адамды жер жастандырған тасжолды кеңейту мәселесіне атүсті қарап келеді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың уәжі осындай тұжырым жасауымызға  себеп  болып  отыр.

 Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтың дабыл қағып, маңызды жолдың жай-күйін  шешпекке қойылған сауалына көңіл көншітпейтін жауап келді. Роман Скляр жайбарақаттық танытып, автожолды I  санатты жолға айналдыру, яғни кеңейту жұмысы 2030 жылға шейін созылатынын жеткізді.

– Бүгінгі күні «Батыс Еуро­па – Батыс Қытай» авто­мо­биль жолының «Ақ­төбе – Қызылорда» учас­кесін 4 жолақты қозғалысы бар, I техникалық санатқа кезең-­кезеңімен көшіру бо­йынша жұмыс жүргізілуде. Іске асыру мерзімі – 2023-2030  жылдар. Мәселен, I  кезеңді  іске асыру шеңбе­рінде (2023-2025 жж.) ұзындығы 262 шақырым­дық «Ақтөбе – Қара­бұтақ – Ұлғайсын» авто­жолын ре­конструкция­лау  жоспар­лану­да, оған 42,4 млрд теңге мөлшерінде, оның  ішінде 2023 жылы –2 млрд  тең­ге, 2024 жылы – 30 млрд теңге, 2025 жылы 10,4 млрд теңге ақшалай қара­жат көзделген. 94 шақырым­дық жоба-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама 2023 жылдың мау­сым айының соңына де­йін аяқталады. Оның қорытындысы бо­йынша құры­лыс жұмыс­тарын жүргі­зуге конкурстық рәсімдер жүргі­зілетін болады. Автожолдың қалған 162  шақырымы  бо­йынша жобалық-­сметалық құжаттама  әзірленуде, ол биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады. II кезең­ді іске асыру шеңберінде (2025-2030 жж.) «Қызылорда – Ұлғайсын» автожолын (4 жолақ) реконструкциялау бойынша жұмыс жүргізі­летін болады. Жалпы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолының «Ақ­төбе – Қызылорда» учаскесін реконструкциялау Үкіметтің тұрақты бақылауында, – дейді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Әрбір істі жобалап іске асыру әрекеті куантарлық жайт. Дегенмен, бұл жолдың мүмкіндігі әуелден біліне бастағанда-ақ жіберген кем-кетікті дер кезінде түзеу­ге болар еді. Алайда, оны осы күнге дейін назардан тыс қалдырып келді. Бұл аздай, бюджеттен қарас­тырылып  отырған   42,4 млрд теңге­нің  биыл 2 млрд теңгесі ғана  бөлінеді екен.  Үкімет күре жолды 2030 жылға де­йін кеңейтеміз деп жүргенде биылғы жылдың алғашқы  3 айында 5 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 12  адам  жарақат алып, 7 адам қаза тапты. Сонда, «Жаңа Қазақстанның» еститін Үкі­меті бейбіт заманда 2030 жылға дейін қанша адамның өмірі үзілетінін ойламай, «өлсең, өміре қап» деп отыр ма?

Жасұлан  НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: