Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сақталмаған салт-дәстүрлер

14.06.2023, 11:32 696

       «Салт-дәстүр», «әдет-ғұрып» дегеніміз күнделікті де үйреншікті нәрсеге айналған жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық тәртіп, реттеуші әрекет пен іс-әрекет. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Қазақ халқында көптеген салт-дәстүрлер мен ырымдар бар. Дегенімен, көбісі ырым мен салт-дәстүрді шатастырып жатады. Салт-дәстүрдің өзіндік ерекшеліктері бар болса, ал ырым жырымдар арнайы тыйымдар үшін қолданылады. Ал енді қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр тәрбиесінің қыр-сырына, оның түйіткелді мәселелеріне тоқталсақ. Қазақ халқында ұмыт қалған салт-дәстүрлер өте көп. Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмаған?

       «Балдыз қалың». Балдыз қалың салты бойынша қалыңдығы қайтыс болса болашақ күйеу төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқы бар. Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Және күйеу ұрын барып, балдызын алатын болып, келіссе, үстіне «балдыз қалың» төлейтін болған. бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, «балдыз қалың»  төленбейді.

       «Бәсіре атау». Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап ен салған жас төлді «бәсіре» деп атайды. Бәсірені сол баланың қажетіне, тойына жаратады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.

      «Көтендестіру». Қазақтың кейбір дәстүрлерінің атауы ерсі болғанмен, түсіне білген адамға берер тәлім-тәрбиесі мол. Солардың бірі – көтендестіру салты. Салт бойынша балалары қырқынан шыққанша, бір уақытта босанған екі әйелге бір-бірімен араласуға, көрісуге болмайды. Осылайша жұқпалы ауруларды жұқтырудың алдын алған екен. Сондықтан 40 күннен кейін екі әйелді қонаққа шақырған үй иесі бірінші келгенін кереге жаққа қаратып отырғызады. Екінші келгенді бірінші әйелмен арқасын тірей отырғызады. Үй иесінің белгісімен екі әйел сол қолымен әкелген қонақ кәдесін сол аяғының астынан өткізіп, оң қолымен иық тіресіп отырған әйелге берген. Осылайша қайта қауышып, еркін араласатын болған. Ал сол салтты үйінде өткізген әйелге сыйлығын берген.

      «Босаға майлау». Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

     «Қазан шегелеу». Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

     «Мойнына бұршақ салу». Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Міне, қазақ дәстүрінен халықтың мінез-құлқын, болмысы мен дүниетанымын, мәдениеті, тілі мен дінін, өмір сүру жолын байқауға болады. Салт-дәстүрлеріміздің ұмыт қалған түрлері қаншама. Қазақ салт-дәстүрін зертеушілер ұмыт болған салттардың қолданысқа қайта енуі екіталай дейді. Сондықтан сақталып қалған дәстүрді жоғалтып алмай, оны алдымен мектеп оқушыларына оқытып, бойларына сіңіру қажет. Ал тарих қойнауында қалған ескірген дәстүрлердің негізін сақтай отырып, заманауи үлгіге орай ұстанса, тез қолдау табады.

Шаттық НИЯЗОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚУ студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: