Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қытайда өтетін дүниежүзілік универсиадаға жолдама алады»

24.05.2023, 10:15 572

Ақтауда ХІІ жазғы Универсиада ойындары басталды. Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі Спорттық іс-шаралар, статистика және талдау басқармасының басшысы Мира Мұхамадиеваға хабарласып, Halyqline.kz сайтына сұхбат алдық.

– Мира Бекқазықызы, Маңғыстау облысына қош келдіңіз! Бүгін басталған Ақтау универсиадасында жеңіске жеткен спортшылар Қытайдың Чэнду қаласында өтетін Бүкіләлемдік жазғы универсиада ойындарына қатыса ала ма?

– Иә, Есенов университеті ұйымдастырып жатқан осы ХІІ жазғы универсиада ойындарында бірінші орын алған спортшылар 28 шілде мен 8 тамызда Қытайдың Чэнду қаласына өтетін дүниежүзілік универсиадаға жолдама алады. Чэнду қаласына баратындар жеңіл атлетика, таеквондо, үстел теннисі, жүзу және дзюдо сияқты спорт түрлері бойынша іріктеледі. Биылғы универсиаданың бір ерекшелігі олимпиада сияқты барлық ойындар бір-ақ қалада өтеді. Бір қалада, 20 спорттық ойын түрінен бір ай бойы өтеді және осы сайыстарда спортшылар түркі универсиадасы мен бүкіләлемдік универсиадаға іріктеледі.

– Жазғы универсиадада жеңіске жеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қалай марапаттайсыздар? Қаржылай ма әлде «Спорт шебері» атағы беріле ме?

– Жеңімпаздарға медаль, диплом беріледі және командалық есепте орын алғандар кубокпен, дипломмен марапатталады. Сондай-ақ бірінші орынға ие болған студенттер бүкіләлемдік жазғы универсиадаға жолдама алады.

– Келесі универсиада қайда өтуі мүмкін?

– Алматы қаласында өтеді деп жоспарлануда, ол жақта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өткіземіз деп ұсыныс білдіріп отыр. Ол бойынша мәселелер шешіліп жатыр. Бір-екі күнде нақтыланады. Осы ойындардың соңында Есенов Әл-Фарабиге Универсиада жалауын табыстайтын болады.

– Универсиадаға негізінен университет студенттері қатысады. Университеттер Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайды. Ал сіздің басқармаңыз – Оқу-ағарту министрлігіне қарасты құрылым. Сәйкессіздіктер жұмыстарыңызға кедергі емес пе?

– Негізі орталығымыз 2000 жылы ашылған болатын. 2001 жылдан бастап біздің орталық жазғы және қысқы универсиаданы өткізіп келеді. Ол кезде бір министрлік болды. Кейін екіге бөлінген соң біз осы универсиаданы Ғылым және жоғары білім министрлігімен келісімшартқа отырып өткізіп жүрміз. Негізі біздің орталық ғылым бағытында және мұғалімдер арасында біліктілікті арттыру курстарын, сондай-ақ спорт шараларын өткізеді. Біз тек студенттер арасында емес, оқушылар арасында да, колледж студенттері арасында да жарыстар ұйымдастырамыз. Оқушылар арасында гимназиада өткізіп, оларды іріктеп, халықаралық жарыстарға апарамыз.
Мысалы, былтыр оқушыларды Францияға апардық. Бүкіләлемдік гимазиадада жеңімпаз болған оқушыларымыз грантқа ие болды. Қазақстан бойынша өздері таңдаған жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсті. Өткен жылдары бітірген оқушылар қазір грантта оқып жатыр. Биыл 11-сыныпты бітіретін оқушыларымыз да грант иеленеді. Өйткені гранттар үш жылға берілген болатын. Себебі гимназиадаға қатысқандар тоғызыншы, оныншы, он бірінші сынып оқушылары болды. Сондықтан оны үш жылға деп бердік. Осындай жұмыстарымызды жалғастыра береміз.

– Шағын ақпаратыңызға рақмет! Алда универсиада бойынша кеңінен сұхбат құрамыз деп сенеміз.

Айбек МҰХАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: