Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаш ауданында теміржол өткелінің іргетасы қаланды

17.05.2023, 18:10 293

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде теміржол көпірінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Жалпы теміржол өткелі – жалағаштықтарды көптен бері толғандырған мәселенің бірі. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын жаңа құрылыстың басталуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» – деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Кент орталығынан Дәуімбай елді мекеніне теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге бұл мәселе қиындық туғызып келген еді. Жалағаш кентін екіге бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 9 мың, арғы жағында 6 мыңдай халық қоныстанған. Осы тұстан пойыз өткенде жаяу жүргіншілер үшін өте қауіпті. Халықтың өткел салу туралы сұранысы назарға алынды. Кент тұрғындарының екі жаққа қатынауындағы қиын түйін осылайша шешілмек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев жерлестерін жаңа өткелдің іргетасы қалануымен құттықтады.

Айта кетейік, мердігер «Гүлнұр МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын 7 ай ішінде аяқтауды жоспарлауда. Құны 328,7 млн теңге болатын көпірдің ұзындығы 55 метрді құрайды. Аспалы көпірге қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған шахталық лифт орнатылады. Еске салсақ, аймақ басшысы күні кеше Арал ауданында да теміржол көпірінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында да теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынуда. Оған қоса «Бәйтерек» ықшам ауданында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін көпір құрылысы жүргізілуде.Әрі қарай аймақ басшысы Жалағаш кенті М. Шәменов көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба құны 359,1 млн теңге, мердігер мекеме – «Қызылорда жолдары» ЖШС. Қазіргі таңда көшенің ескі асфальт жабындысы қырылып, тас төселген, жаяу жүргіншілер жолының бордюрлары салынуда.

Биыл Жалағаш ауданының Мырзабай ахун, Есет батыр ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталмақ. Аудандағы автомобиль жолдарының сапасын жақсарту үшін 2023 жылға 2,2 млрд теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 559 млн теңгені құрайтын, ұзындығы 9,5 шақырым болатын 6 көше жөндеуден өткізілуде. Ақсу, М.Шәменов ауылдарына газ тарту жұмыстарын бастауға 40 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: