Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күре жолды кеңейту – кезек күттірмейтін мәселе

18.05.2023, 11:00 385

Қазақстан  Республикасының  Премьер-министрінің  бірінші  орынбасары  Р.В.Склярға

ДЕПУТАТТЫҚ  САУАЛ

Құрметті  Роман  Васильевич!

Өзіңізге мәлім, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының 812 шақырымы Қызылорда облысының аумағынан өтеді. Оның Түркістан мен Қызылорданы жалғап тұрған бөлігі 4 жолақты, ал Ақтөбе облысына дейінгі 566 шақырымы 2 жолақты болып салын­ған. Әдепкіде күре жолды жобалағанда Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы көлік қарқыны төмен деген қорытынды шығарылған. Соның нәтижесінде, автожолдың «Қызылорда-Ақтөбе» бағыты II техникалық санатқа жатқызылып, бүгінге дейін аймақтағы халық­аралық  автомагистральдің  жарты  бөлігі  сол  күйде  қалып  отыр.

Алайда қазір экономикалық әлеует өзгерді, көлік тасымалының көлемі біршама артты. Күре жолдың облыс үшін маңызы да, мәселесі де күн тәртібіне көтерілген. Олай дейтініміз, автожолдың 2 жолақты бөлігі көптеген қиындық туындатуда. Оған себеп – жолдың техникалық сипаты мен жол қауіпсіздігінің сын көтермеуі. Осы ретте, аймақтағы күре жолды кеңейту кезек күттірмейтін мәселе екенін айтқым келеді.

Кез келген жол құрылысын салу немесе кеңейту екі индикаторға байланыс­ты  екені  белгілі:

1. Жолдағы көліктердің қарқыны;

2. Жол қауіпсіздігі.

Алдымен, «көлік қарқыны төмен» деген сипаттама бүгінгі ахуалға сәйкес келмейді. Бүгінде «Қызылорда-Ақтөбе» бағытындағы автомобиль жолындағы жүк көліктерінің қарқыны жыл сайын 10%-ға өсіп отыр. Осы күні күре жолда тәулігіне 10 мыңға жуық автокөлік жүреді. Әсіресе, халықаралық тасымалмен айналысатын жүк көліктерінің саны басым. Жасыратыны жоқ, тар жолда жүйткіген жеңіл көліктер тізбектелген жүк көлігін басып озу үшін қарсы бағытқа шығуға мәжбүр. Салдарынан көлік апаты  көбейіп, қайғылы оқиға саны ұлғайды.

Екінші индикаторға келетін болсақ, автомагистральдегі жол-көлік оқиғаларына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, полиция қызметінің мәліметінше, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолында 2017-2022 жылдары 402 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Басым бөлігі (243 оқиға) Қызыл­орда – Ақтөбе бағытында болған және соның салдарынан осы аралықта 162  адам (Түркістан бағытында 66 адам) қаза тапқан. Яғни қайтыс болғандардың 71%-ы, ал жарақаттанғандардың 70%-ы (немесе 549 жолаушы) осы жолда тіркелген. Биыл алғашқы 3 айда 5 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 12 адам дене жарақатын алған, 7 адам көз  жұмды.

Жалпы, қарсы бағытқа шығып кетуден болатын жол-көлік апат­тары 4 жолақты Түркістан бағытымен салыстырғанда 2 жолақты Ақтөбе бағытында 5 есе көп болады. Әсіресе, Арал ауданындағы Қамыстыбас, Қазалы ауданындағы Ойынды ауылдарының тұсы және Қармақшы ауданындағы Иіркөл, Кемесалған, Диірментөбе елді мекендері мен Жалағаш ауданындағы Таң  ауылының  маңы  қауіпті  аймақ  қатарында.

Тағы бір ескеретін жайт, аймақтағы ауылдардың басым бөлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында орналасқан. Сәйкесінше, жол жиегінде қоршау болмағандықтан ауыл тұрғындарының  төрт  түлігі тасжолды кесіп өтіп, көлік апатына себеп болып  жатыр.

Сондықтан «Қызылорда – Ақтөбе» бағытын I санатқа ауыстыру экономика­лық-әлеуметтік көрсеткішке оң сипат берері сөзсіз. Әсіресе, мемлекеттің транзиттік потенциалы артып, халықаралық тасымалмен айналысатын жүк көліктерінен түсетін пайда да ұлғаймақ. Жол бойындағы сервистік қызметтің ілгерілеуіне, кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ, жол апатын азайтудың бірден-бір  мүмкіндігі  болары  сөзсіз.

Жалпы,  күре  жолды реконструкциялауға  қатысты мемлекеттік тұжырым  бұрыннан  бар.

Мемлекет  басшысы  сайлауалды бағдарламасында 2030  жылға  де­йін 8  мың  шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті автожолдар­ды сапалы салу мен реконструкциялау міндетін қойған болатын. «AMANAT» партиясы да республикалық автожолдарды салуды және  реконструкциялауды  басты  назарда  ұстап  отыр.

Қазіргі таңда 3600 шақырым жол жаңартылуда. Реконструкциялаудан өтетін қалған 4 400 шақырым жолдың ішіне «Ақтөбе – Ұлғайсын» бағыты және Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына дейінгі аралық та кіреді. Биыл «Ақтөбе-Ұлғайсын» жолын қайта жаңарту жұмыстары жоспар­ланып отыр. Бұл жол алдағы уақытта ІІІ санаттан І санатқа ауыс­тырылады, яғни 4 жолақты жол салынады. Жөнделетін автокөлік жолының  ұзындығы – 262  шақырым.

Ал күре жолдың «Қызылорда – Ақтөбе» бағытының жобалау-сметалық құжаттары тек 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Реконструкциялау жұмысының қашан басталары белгісіз. Уақыт өткен сайын азаматтардың қауіпсіздігіне алаң көбейіп, экономикалық пайданың қосымша тетігі  қолдан  кететінін  ұмытпағанымыз  жөн.

Осы айтылған мәселелерді ескере келе, мына ұсыныстарды қарауыңыз­ды  сұраймын:

Бірінші. «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы автожолды 2 жолақтан 4 жолаққа (ІІ санаттан І санатқа ауыстыру) дейін кеңейту аса маңызды.

Екінші. «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы жолды реконструк­циялау жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттарына биыл қаржы көздерін тауып, әзірлеуді бастаған жөн.

Үшінші.  Келесі жылдан бастап жол құрылысын учаскелерге бөліп, кезең-кезеңімен жүзеге асыруға болатынын қаперіңізге саламын.

Осы депутаттық сауалды заңнамада белгіленген мерзімде қарас­тыруыңызды  сұраймын.

Құрметпен,

Мархабат  ЖАЙЫМБЕТОВ,

«AMANAT»  партиясы  фракциясының  депутаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: