Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада халықаралық жас математиктер байқауы басталды

15.05.2023, 17:45 395

HALYQLINE.KZ Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жас математиктер байқауы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймаққа арнайы келген конкурстың қазылар алқасының төрағасы Асқар Серқұлұлымен кездесіп, білім бәсекесінің жоғары деңгейде өткізілуіне тілектестік білдірді.

«Ең алдымен, байқаудың жоғары деңгейде өткізілуіне қолдау білдіріп, атсалысып жүрген Сізге және Қазақстан Математика пәні мұғалімдері қауымдастығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Байқауға еліміздің, сондай-ақ, көршілес мемлекеттердің жастарын қатыстыруға мүмкіндік жасау туралы ұсынысыңызға сәйкес 2019 жылы тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілді. Ал, былтыр белсенді жастармен кездесу кезінде байқауды облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізу туралы шешім қабылдадым. Бүгін міне, сайдың тасындай іріктелген дарынды жастар Сыр өңірінде ұйымдастырылған білімділер додасына жиналды. Бұл дода жастардың білімін шыңдауға, өзара достық қарым-қатынас орнатуға зор септігін тигізеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Ал, академик Жұмаділдаев облыс әкіміне іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, туған жеріне деген ыстық ықыласын білдірді.

Айта кетейік, байқауға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен 1 700-ге жуық үміткерден өтінім тіркелген. Іріктелген 100 қатысушы байқауда бақ сынауда. Дәстүрлі байқау 2014 жылдан бері Қызылорда қаласының жас математиктері арасында өткізіліп келеді. Бүгінгі таңда облыстағы 295 білім беру ұйымының 47-сі тереңдетілген жаратылыстану-математикалық бағытта оқытады. Барлық ұйымдарда 1 627 математика пәнінің мұғалімі жұмыс істейді. Ғылым мен білімге жаны құштар жастар мен білікті мамандарды қолдау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.

Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының қолдауымен, облыс әкімдігінің ұсынысына сәйкес Қызылорда қаласында 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер құрылысы тізіміне енгізілді. Құрылыс құны 7,9 млрд теңге. Осы тізімге облыс бойынша тағы 1 775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау енгізілді. Олар – №101 Ә.Мүслімов, №2 Абай, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық білім ордалары. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: