Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудандар Бірлік күнін жоғары деңгейде атап өтті

02.05.2023, 17:30 314

«Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Өткен ғасырда тағдыр талайымен тар жол тайғақ кешіп, қазақ даласын паналап келген өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өз бауырымыздай құшақ ашып, қол ұшын создық. Осы тұтастық бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығына айналды. Сондықтан татулықты сақтау бізге жүктелген бабалар аманаты десек, артық емес.

Жаңақорғандықтар Бірлік күнін жоғары деңгейде атап өтті.

«Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Біздің ауданымызда бауырымыздай болып жүрген 600-ге жуық этнос өкілдері бар. Олар түрлі салаларда аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді.Құрметті жерлестер!Біз осындай дархан пейіліміздің арқасында, бүкіл әлемге ынтымағы жарасқан, халқының пейілі кең ел ретінде танылдық.Елімізде салтанат құрған бейбітшілік пен татулықтың арқасында біздің Жаңақорған ауданы тұрғындарын болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұр деп сендіргім келеді.Олай болса, бір шаңырақ астында халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ,бірлік мәңгі жасай берсін! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының борышы болып табылады. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға ат салысайық», – деді аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай орталық алаңда мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Шиелі ауданының тұрғындары мен ардагерлер және ауданымызды мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты. Алдымен, жиылған жұртшылыққа әр түрлі халықтардың ұлттық болмасын дәріптейтін қолөнер бұйымдары көрмесі таныстырылып, кейінен шара мерекелік қойылымға ұласты.

Мерекеге жиналған жұртшылықты аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мұнан соң, мерекелік шара ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Сырдария ауданының орталығында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Шараға аудан тұрғындары мен ардагерлер және ауданымызды мекендейтін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты.

Достық пен бірлік, ізгілік пен еңбек насихатталған салтанатты жиында Сырдария ауданының әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Түрлі ұлттар мен ұлыстар мекен ететін мемлекетімізде өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылымның ұлттар мен ұлыстар, түрлі дін өкілдері үшін маңызы ерекше.

Бүгінде ауданда орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, молдаван, башқұрт, түрікмен, беларус сынды 16 түрлі ұлттан барлығы 463 адам тату-тәтті өмір сүруде. Бір үйдің баласындай татулықты ту еткен бауырластар аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Мұның бәрі халқымыздың берік достығы мен тағылымды татулығының, абыройлы ауызбіршілігінің нақты нәтижесі. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қазақстандықтардың ынтымағын жарастырып, ырысын арттырсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Баршаңыздың отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң, мерекелік шара ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар, тұрғындар арасында спорттық сайыстар мен велошеру ұйымдастырылды.

Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Темірбекұлы Есжанов 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін халықпен бірге тойлады. Мереке қарсаңында аудандағы этнос өкілдерінің киімдерді мен тағамдары сән берген бір шаңырақ астында арнайы дастархан жайылып, аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы бауырластардың тартуын тамашалады. Тәжік ұлтының өкілі Чулаев Искандар қазақ еліне күйеу бала екенін, қазақпен құда болып, бүгінде 22 немересі бар екенін жеткізіп, Жалағаш жұртшылығына алғыс білдірсе, Қаракеткен ауылының тұрғыны әзірбайжан ұлтының өкілі Нурейева Зейнеп аудан басшысына рахметін айтып, “Бәрінен де Жалағашым сұлу” деп ән шырқады. Бірлігі бекем аудан жұртшылығына арналған мерекелек концерт бүгінгі күннің сәнін ашқандай болды.

Жалағаш кентінің орталығына жиналған аудан тұрғындарын Асқарбек Темірбекұлы мерекемен құттықтады.

– Киелі Жалағаш мекенінде сан түрлі ұлттар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірлікпен ғұмыр кешуде. Бұл дегеніміз ұлты басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, Қазақ жеріндегі жүздеген ұлттардың елді бірлікке, жарқын болашаққа шақыратынын білдіреді. Кез-келген ата-ана үшін бала-қасиетті, бала-құнды. Сол себепті баланың көзінде жас, көңілінде мұң болмас үшін әрбір ата-ана маңдай терін сарп етіп қызмет етеді. Дәл сол секілді ел бақытты болу үшін бірлікті ту етіп, ынтымақты, тату өмір сүруіміз қажет. Бірлігі бекем елдің түтіні түзу ұшады. Нағыз достықтың, бауырмалдықтың нышаны болған 1-мамыр құтты болсын! – деді, аудан әкімі.

Мерекеде Жалағаштың аспанын жақсылық жайнап, бірлік күнін бірлікпен тойлады.

Қармақшы ауданының орталығында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлігіміз жарасқан» атты меркелік концерт өтті. Аталмыш іс-шараға аудан әкімі Жандос Еркінбек қатысып, аудан тұрғындары мен қонақтарын ынтымақ пен береке-бірліктің мерекесімен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде ауызбіршілік пен түсіністік, сыйластық салтанат құрған жерде нәтижелі істердің болатынын айта келе, бірлігі бекем елдің іргесі мықты, әрқашан болашағы жарқын болатынын жеткізді. Думанды іс-шарада қазақ халқымен қатар, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің де әндері шырқалып, ұлттық билері биленді. Сондай-ақ, дәстүрлі жыршы-жыраулар жырдан шашу-шашып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, мереке аясында ұлттық қол өнер мен ұлттық тағам көрмелері ұйымдастырылды.

Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінің орталық алаңында қазалылықтар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған ауқымды іс-шара өтті. Бірлігі берекелі, татулығы тұғырлы болған мерейлі мерекеде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, Қазалы халқына жылы лебізін білдірді.

– Сан ғасырлар бұрын тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Дана халқымыз «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаса керек. Расында татулықсыз, бірлік-берекесіз еткен еңбектің жемісі бекер болмақ. Бүгінгідей мерейлі мерекеде әр отбасыға мол бақыт, ашық аспан, бақ-береке тілеймін, – деген аудан басшысы сөзін қорытындылай келе ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар жандарға “Алғыс хат” табыстады.

Бірлік пен татулық, тыныштық пен бейбітшілік күнінде дүйім жұрт әр ұлттың әні мен биіне, өнеріне қанық болып, концерттік бағдарламаның куәгері болды. Орталық алаңға ағылған көпшілік еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын, халықтың ауызбіршілігін тілеп, бір-біріне ізгі тілектерін жеткізді. Қазақстан халқының бірлігі күніндегі іс-шара Қазалы қаласында да жалғасын тапты. Мұнда жиналғандарға түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамы сыйға тартылды. Сондай-ақ, мерекеге орай әннен шашу шашылып, бишілердің әр ұлттың биін билегені қала тұрғындарының көңілінен шықты. Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда Қазалы жеріне түрлі ұлт өкілдері табан тіреп, киелі мекеннен пана тапты. Бір үйдің баласындай етене араласып, бір нанды бөлісіп жеді. Міне, соның нәтижесінде бүгінде жергілікті жерде 11 этнос өкілдері ауызбіршілікте болып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Олар ауданның әлеуметтік, шаруашылық пен өндіріс салаларында татулықпен еңбек етіп, аймақ экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда.Айта кетейік, шара соңында татулық пен бірліктің символы болған ақ көгершіндер ұшырылды.

Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай Арал қаласында салтанатты іс-шара өтті. Ұлтты ұйыстырып, береке мен бірлікке баулитын бұл мереке «Қазақстан – достықтың киелі бесігі» атаумен орталық алаңда ұйымдастырылды. Мәдени-көпшілік шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік мейрамын шаттыққа толы көңіл күйде атап өтті.

Қазақстан халықтарының бірлігі күнін жұрт асыға күтетін жалпыхалықтық мерекеге айналған. Шат-шадыман көңіл-күймен бастау алған мерекеде аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз алып, алаңға жиналған қауымды бірлік мерекесімен құттықтады.

«Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс бастауы» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Осы тұтастық – біздің ел болып еңсе тіктеуіміздің ең негізгі алтын діңгегі. Сондықтан біз үшін бұл мейрамның маңызы мен мәні ерекше. Бұл күн – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, келісім мен достықты дәріптейтін ең салтанатты мереке. Тәуелсіздік – егемен еліміздің ең басты байлығы. Ал сол тәуелсіздікті ұстап тұру үшін ең алдымен татулық қажет. Айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, бақыт тілеймін. Ғасырлар бойы берекелі бірлік пен тындырымды тірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан Айдынды Аралымыз өркендей берсін», – деп ізгі лебізін білдірді.

Мерекелік құттықтаудан кейін аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, ұлттар достығы мен бірлігін дәріптейтін қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: