Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент берген тапсырмалар нақтыланды

24.04.2023, 15:15 369

HALYQLINE.KZ Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен облыс активінің отырысында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңейтілген мәжілістегі Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық дамудың сегіз бағыты бойынша мақсат-міндеттер талқыланды.

Облыс әкімі аталған шаралардың түпкі нәтижесі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, халық табысын ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адами капиталдың жан-жақты дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту екенін айтты.

«Ең бірінші, Мемлекет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру мен баға тұрақтылығына тоқталды. Елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарлары ішкі сұранысты толық қамтамасыз етпейтіндіктен, тұрақтандыру қорлары мен азық-түлік корпорациясының жұмысын күшейтуді тапсырды. Азық-түлік бағасының негізсіз өсу фактілері тіркелген жағдайда баға белгілеудегі делдалдық тізбектерді тексеру жөніндегі өңірлік комиссия дер кезінде тиісті шара қолдануы керек. Өңірде жаңадан көкөніс сақтайтын қоймалар салып, тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылым құру қажет. Қазір тек Жаңақорған ауданында сыйымдылығы 2500 тонна болатын «Жан-Арай» жеміс сақтау қоймасы бар агроиндустриалды кешен іске қосылған. Биыл Қызылорда қаласында «Aray Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сыйымдылығы 4000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, оны жыл аяғына дейін іске қосу жоспарлануда. 2025 жылға дейін облыстың көкөніс сақтау қуаттылығын 21 мың тоннаға дейін жеткізуіміз керек», – деді Н.Нәлібаев.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы жауапты сала басшыларына Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша егін егуге ынта білдірген тұрғындарға жер телімдерін бөліп, қолдау көрсетуді тапсырды. Шағын және орта бизнесті қолдау жұмысы бірінші кезекте халық тұтынатын тауарларға және ішкі нарықты қамтамасыз ететін өндірістер ашуға бағытталуы тиіс. Инвестиция тарту және коммуналдық инфрақұрылым жүйесін жаңарту бойынша нақты ұсыныстар берілуі керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, білім сапасын көтеру және зорлық-зомбылықтың алдын алу, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша да бірқатар міндет жүктелді. Ауылдық аумақтардың өмір сүру сапасын және табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде облысқа бөлінген қаражатты ұлғайтумен қатар, халықты ақпараттандыруға басты назар аудару тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: