Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киллер атып өлтірген «ҚАРА МЕРГЕН»

18.04.2023, 9:00 1126

HALYQLINE.KZ

1994-1995 жылы болған бірінші шешен-орыс соғысында орыс әскерінің құрамында болған 18 жастағы Владимир Максимұлы Колотов елінің тәуелсіздігі үшін соғысқан қаншама мұсылман бауырларымызды өлтірген ұлты эвендікті осылайша «якут Володя» деп атап кетті. Сібірдегі Көшімхан елін жаулап алғаннан кейін, осы жерлерге ие болған орыстар Сібірдің байырғы халықтары бурят, хакас, тува, ханты, долган, чукча, ненай, т.б. халықтарды көзге ілместен ұлты эвен Колотовтың Якутскіге таяу жерде тұрғанына байланысты «якут Володя» деп атап кетті.

Володя Колотов ел түкпіріндегі бұғылар бақташысы болуымен қатар, жас та болса қазақтар айтқандай «құралайды көзден атқан» мерген еді. Бүтін теріге ақша жақсы төленетін болғасын, бұғылардың қас жауы қасқырды көзден атып машықтанған болатын. Соғыс басталғаннан хабарсыз Володя тұзы мен патроны таусылғасын күздің соңғы айында Якутскі қаласындағы аңшыларға арналған дүкенге келгенде, телевизордан шешен сарбаздары өздерінің астанасы Грозный қаласы үшін шайқастарда орыс солдаттарын қынадай қырып жатқанын көреді, әскери комиссариатқа барып соғысқа жіберуін сұрайды. Жолда атасынан мұраға қалған 1891 жылғы үлгідегі шығарылған Мосин винтовкасын милициялар тартып алмақшы болып КПЗ-ға бірнеше рет қамағанмен, военкомның анықтамасын көрсетіп отырып, Грозный қаласына бір айға жуық уақытта әрең жетеді.

Соғысқа өз еркімен келген ерекше жас жігіт туралы естіген Грозныйдағы РФ әскер қолбасшысы, өзіміздің Арал қаласынан шыққан генерал Лев Рохлин де естіп штабына шақыртып алып жеке сөйлеседі, диалогін қысқартып берейін.

– Шәй ішесің бе?

– Әрине ішемін, ыстық шай ішпегелі үш күн болды…

– Мына қырғын соғысқа не себептен келдің, Колотов?

– Телевизордан біздің солдаттарды ана жақтағы мергендер атып өлтіріп жатқанына шыдамадым. Маған ақша керек емес, тек белгілі (тайник) орынға ас-су мен оқты қалдырып кетіп отырса болды.

– Мына су жаңа СВД-ны (снайперская винтовка Драгунова) ал.

– Жоқ керек емес, өзімнің атамнан қалған мынау винтовка да жарайды, тек отыз-ақ патроным қалды, – дейді.

Осылайша ол алғашқы жорығына кетеді, Грозныйдағы көптеген қираған ғимараттың шатыры мен жертөлесіне күндіз жасырынып, түнде жорыққа шыға бастады. Тек барлаушылар «тайникке» барған кезде ондағы заттардың жоқ екенін біліп, якут Володяның тірі екенін біліп отырды.

Бірде генерал Рохлин штабындағы радист: «Лев Яковлевич, әуе толқынында шешендер «қара мерген» пайда болғанын айтып, соны құртуға еріктілерді жіберіп жатыр» деді. Содан бастап радиоэфирде «қара мерген» жыры хит болды. Оны құртуға шешен бауырлар бар күшін салғанмен, әккі аңшы бой алдырмады. Сол кездегі Шешенстан президенті Асылан Әлиұлы Масхадов «қара мергенді» өлтірген адамға 30 000 доллар ақша беретін бұйрығын да шығарды. «Қара мергенді» ұстау үшін таңдаулы жасақты жұмылдырды, 1995 жылдың ақпан айында дала командирі Шәміл Басаевтың «абхаздық» батальоны Грозныйдың «Минутка» алаңында тығылып жатқан «қара мергенді» ұстау үшін шабуылға шыққанда орыстарға да керегі сол еді, ашық алаңға шыққан оларға оқ жаудырып, батальонның төрттен үш бөлігін жойып жіберді. Сол кезде Шәміл Басаев «кім қара мергенді өлтіретін болса, Шешенстанның батыры атағын алып беруге уәде берді». Әр күн сайын жиырма сарбазды көзден атып өлтіріп отырған «қара мергеннің» көзін құрту үшін Абхазия мен Қарабақтағы соғыста атағы шыққан, араб мергені Әбубәкірді жалдауға мәжбүр болды. Осылайша араб пен якуттың жекпе-жегі басталды. Әбубәкірде ағылшындардың «Бур» деп аталатын түнді жарық қылып көрсететін оптикасы бар винтовкасы мықты еді. Якут Володяның қателігі бұтындағы шалбары мақта салынып сырылып тіккен совет солдатының сары сырмақ шалбары мен сары фуфайкасы еді, егер камуфляж кигенде түнгі көру оптикасына ілінбейтін еді, өз позициясын өзгертіп жатқанда Әбубәкір шүріппені басып қалды, оқ иығына жалап тигенімен шалқасынан баспалдаққа құлап түсті, бірінші ойлағаны: «винтовкам сынып қалмаса екен» деді, өзі аман қалғандай виновкасы да сынған жоқ. Жекпе-жек мұнымен аяқталған жоқ. Якут Володя араб Әбубәкір өзін атып өлтіргеніне сенімді болу үшін өзіннің «қолтаңбасынан» бас тартты, яғни көзден атуын тоқтатып, бастан атып өлтіре бастады. Сондықтан болар араб Әбубәкір «қара мергенді» өлтірдім деп, босаңсып кетті, екі күн бойы аңдыды, үшінші күні түнгі оптикасы ай сәулесімен шағылысып қалғанын байқап, шүріппені басып қалды, оқ Әбубәкірдің оң көзінен кіріп, шекесінен тесіп шықтты. Шамасы Шәмілдің жеке танысы болуы мүмкін, ол өлген арабтың денесін күн батқанша жерлеу үшін алып келуге 16 сарбазын кезек-кезек жұмсағанмен, барлығын да Якут көзден атып өлтірді.

Ертеңіне генерал Рохлиннің штабына барып: «Көктем жақындады, бұғылардың төлдейтін уақыты болды, ауылымда екі жас інім қалды» деп сұрағанда, Рохлин босату туралы бұйрыққа қол қойып тұрып: «Колотов, қанша жаудың көзін құрттың?» деп сұрағанда: «362» деп жауап берді.

1998 жылы генерал Рохлинді атып өлтіріп кеткенін радиодан естіген Володя үш күн, үш түн бойы спирт ішіп, өліп кете жаздайды. «Якут Володяның» басына тігілген отыз мың доллар өз күшін жоймағанын білетін әскери адам оның мекенжайын берді, бұғылар жайылымдағы қарбалас жұмыс үстінде жүргенде киллер келіп 2000 жылы атып кетті.

Міне, әскери қызметін адал атқарған мерген қапыда қаза тапты, тіпті оның ұлты эвен болса да, якут деп атауының өзі кемісіткенге жатпай ма? Олар тіпті оның өлгеннен кейінгі даңқын да қызғанып, ерлігін жоққа шығарып, «якут Володя» ол ойдан шығарылған жиынтық образ» деп тұжырым жасалып та қойылды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Ашық дереккөзден алынған фотода: «Қара мерген» мен генерал Л.Рохлин.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: