Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теміржолдың тарланы

10.04.2023, 11:50 855

HALYQLINE.KZ

Жүрсіннің әкесі Нұрбай ақсақал өмір бойы локомотив депосында машинист болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққандықтан, 1977 жылы мектепті бітірісімен «әкемдей машинист боламын» деп, Қазалы станциясындағы теміржол колледжіне оқуға түсіп, «машинистің көмекшісі» деген мамандықты алып шығу бойынша әскер қатарына шақырту алды.

Жүрсін Жұбаназаров 1979-1981 жылдары Таулы Алтай өлкесінің орталығы Барнауылға таяу жердегі Ақташта әскери бөлімде БМП-нің (жаяу әскердің бронь машинасы) механик-жүргізушісі қызметін ефрейтор шенімен абыройлы атқарып, қыстың алғашқы айында елге оралды. 1982 жылдың қаңтарында Қазалы локомотив депосына мамандығы бойынша қызметке тұрды, өзі қалған мамандықты тез игеріп кеткендіктен, не бәрі 2 жылдан соң тепловоз машинисі болды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Жүрсін қатарының алды болды, үздік машинист ретінде сол кездегі Батыс Қазақстан теміржол Басқармасының «Алғыс хаты», «Құрмет грамотасы» және ақшалай сыйлығымен марапатталды. 1981-1985 жылдардағы ХІ бесжылдықта алған жоспарын асыра орындағаны үшін облыстық ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Үздік машинистке деген сұранысқа байланысты Байқоңыр қаласына қарасты «Төретам» станциясына ауысып, әскери алаңға әскерилерді таситын маневр тепловозының машинисіне ауысты. Осы жылдары Алматы қаласындағы теміржол институтының сырттай бөлімінде оқып, «Теміржолдың инженер-механигі» мамандығы бойынша диплом алып шықкан соң, Жүрсін теміржол саласында басшылық қызмет атқара бастады. Қазалы темір-бетон зауытында шебер, цех бастығы болды, бір кезде өзі оқыған колледжде «аға шебер» болып қызмет те істеді. 2003-2014 жылдары «Казжелдортранспорт» АҚ-да инспектор, инженер-технолог болса, осы мекеменің атауы өзгерген соң 2014-2022 жылдары «ҚазтемірТрансервис» ЖШС Қазалы филиалында инженер қызметінде болды. 2023 жылдың наурыз айынан бастап ЦВП-10 (орталық вогон паркі) мекемесінде инженер болып қызмет істеп келеді, енді санаулы күннен кейін зейнеткерлікке де шыққалы отыр.

Жүрсін Нұрбайұлы қалаған мамандығы бойынша өмірінің ең жемісті жылдарын теміржол саласына арнады, бұл жерде оның алған марапаттарын атап жатуды жөн көрмедім, ол туралы сөзге сараң өзі де айта бермейді. Жүрсінің басты қасиеті – теміржолдың бітпес қарбалас жұмысында қарамағындағы жұмысшылармен қарым-қатынаста тіл табысып, өзара сыйластық пен адамгершілік деген сөзге кір келтірмей, өзіне тапсырылған жұмысты дер кезінде орындап, «теміржол – ел экономикасының күретамыры» деген қанатты сөздің босқа айтылмағанына адал еңбегімен өз үлесін қосқан теміржолдың тарлан тұлғасы.

Осындай сүйегі асыл азаматтың отбасын да жастарға үлгі етуге болады. Зайыбы Гүлжаһан Әлмаханқызы Төремұратова ПосПО мекемесінде сатушы болып қызмет істеген зейнеткер, екеуі алтын асық пен күміс қасықтай ұл-қыз тәрбиелеп, барлығына жоғары білім алып беруге жағдай жасады. Үлкен ұлы Нұрғиса Нұрбаев Қызылорда қаласында тұрады, оқушы кезінде Қазалы аудандық музыка мектебінің «баян» сыныбында білікті ұстаз Қонысбек Оразалының шәкірті болды, республикалық және халықаралық байқаудың бас жүлдесіне ие болған еді. Қазір облыстық «Ақмешіт» фольклорлық ансамбльдің жетекшісі, келіні Айгерім Қабдешқызы Қорқыт Ата атындағы университетте оқытушы, екі ұл мен қыз тәрбиелеуде. Өздерімен бірге тұратын екінші ұлы Нұралы Нұрбаев «Қуат Амлон Мұнай» компаниясында шебер оператор, яғни вахталық қызметте, келіні Эльмира Жақсылыққызы теміржол колледжінде қызмет істейді, төрт немересі бар. Қызы Ғазиза №234 мектепте информатика пәнінің мұғалімі, күйеу баласы Нұртуған Байқазақұлы Атыраудағы вахталық қызметте, үш жиен немересі үйіне келген сайын бір жасап қалады.

Осы жерде Жүрсіннің құдалары туралы ерекше тоқталып айтуға болады. Жүзі мен жүрегі жылы Жүрсіннің пейіліне қарай құдаларын да Құдай қосқандай екен. Үлкен келіні Айкерімнің әкесі Қабдеш Шағыров – Қызылорда облыстық құрылыс басқармасында басшылық қызметте болған еңбек ардагері, белгілі шежіреші-журналист, бірнеше кітаптың авторы, құдағиы Нәзия – сауда саласының ардагері. Қолындағы келіні Эльмираның әкесі Жақсылық Жиеналиев Локомотив депосының білікті маманы, құдағиы Жақсыгүл – теміржол колледжі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары. Жүрсіннің қызы Ғазизаның барған жері ауданнан тысқары жерге белгілі Омаровтар әулеті. Құдасы Байқазақ Омаров әнші-термеші, шежіреші-жырау, атақты асаба, егер арыдан қозғайтын болсақ, Байқазақтың әкесі Берекет Омаров Арал ауданына қарасты «Қызылжар» елді мекенінің іргетасын қалап алғашқы ауыл кеңесінің төрағасы болған, ақын-жырау, шежіреші ретінде «Қазақстан» телеарнасы арнайы түсірген түсірілімі алтын қорда сақтаулы, құдағиы Роза – ауданға белгілі кәсіпкер.

Енді мақаламның соңына әдейі қалдырып, Жүрсіннің отбасындағы басты қазынасы 96 жастағы Нұрбай ақсақалға ерекше тоқталғым келеді. Нұрбай әкейдің өмірде көрмегені жоқ болса да, тағдырдың тепкісін мойнымай көтерген сүйегі мықты адам. Олай дейтінім, ХХ ғасырда қазақ халқының басына түскен қасіретті 1932-1933 жылдардағы аштықты басынан өткерген адам, әке-шешесі аштықтың құрбаны болғасын бала Нұрбай жалғыз өзі қалды. Аштық елдің бәріне бірдей түскесін, туыстарын «тасбауыр болды» деп айта алмайды, далада қалған алты жастағы бала Қазалы қаласында жетімдерге арналған үй бар дегенін естіп, қарашаның қара суығында әрең барып есігінің алдына жетіп құлап, аман қалған еді. Ержеткен соң, жетімдік әсерінен кез келген жұмысты атқарғандықтан еті тірі болып өскен Нұрбай әуелі паровоз, сосын тепловоз жүргізушісі болып, қызметінде абыройлы болып зейнетке шықты, тек өкініштісі құдай қосқан жары, Жүрсіннің анасы Жахима Жолмырзаева 1991 жылы кенеттен қайтыс болып кетті. Анасының адал сүтінен нәр алған Жұбаназар мен келіні Гүлжаһан екеуі жүзге таянған Нұрбай ақсақалды әлпештеп бағып отыр.

Қазіргі нарық заманында адамгершілік құндылықтар құлдырап, ақша бірінші орынға шығып үстемдік құрып тұрғанда «қазақ отбасы қандай болуы керек?» деп сұраса, мен Жүрсін мен Гүлжаһанның отбасын көрсетер едім.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: