Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда жасыл қалаға айналуы керек

08.04.2023, 20:10 509

​Халқының бірлігімен, тату тірлігімен, қастерлі қазына өнерімен Алашқа үлгі Сыр елінің бас қаласы – Қызылорда күн өткен сайын құлпырып, бүгінде өзінің көркем келбетімен, тазалығымен көз сүйсінтіп келе жатқаны анық.

​Бұл тұрғыда ұдайы ұйымдастырылатын көгалдандыру және тазалық шаралары шаһардың әсемденуіне зор септігін тигізеді. Биыл да көктем шығысымен тазалық акциялары басталып, оған он мыңға жуық қала тұрғыны мен мекеме қызметкерлері қатысты. Арықтар аршылып, көшелер тазартылып, тал егу жұмыстары қарқынды жүргізілді.

​Қызылорданы жасыл желекке айналдыруды мақсат еткен бүгінгі акцияда қала әкімі Асылбек Шаменов өзі бастап тал екті. Тағзым алаңынан бастау алған экологиялық жоба аясында аумақтарға 3000 түп қара тал, сыр талы, терек, клён, туя, ясин секілді өңір климатына төзімді тал көшеттері отырғызылды.

​Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен егілген талдарды күтіп-баптауға Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне маусымдық жұмысшылар алынды. Қазіргі таңда отырғызылған жасыл желекке техникалық су ұңғымалары арқылы аяқ су жіберіле бастады. Өткен жылы қалада және оған қарасты кенттер мен ауылдық округтерде барлығы 33 дана жер асты су ұңғымасы қазылып, іске қосылған еді. Осы игілікті іс биыл да жалғасын тауып, облыстық бюджеттен бөлінген 337 млн. теңгеге 14 ұңғыма бұрғылануда.

​Айта кету керек, тазалық акциясы басталғалы тоғыз мыңға жуық тал отырғызылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: