Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Көрші әже»

07.04.2023, 9:05 320

HALYQLINE.KZ

«Көрші хақысы – Тәңір ақысы» деген ұлағатты сөз бәрімізге белгілі. Оған қоса ел арасындағы мына әңгімені де қамтып өтсем.

Бір адам үй сатып алмақшы болып, саудаласыпты. Үй иесі елде жоқ бағаны айтыпты. Мұны естіп таңданған оған «Бұл – үйімнің емес, көршілерімнің бағасы» десе керек. Сөздің төркінін ұғынған саудаласушы тілге келместен сұраған пұлын беріпті.

Біршама уақыт бұрын Астанаға көшкен көршіміздің үйін ерлі-зайыптылар сатып алды. Жаңа көршілерімізді ерулікке шақырдым, жастары бізден мүшелге кіші, жайдары мінезді жандар екен. Таныстық. Кенет… жаңадан көшіп келген көрші келіншектің атын естігенде көңілім қобалжып кетті. Орынкүл, яғни, менің анам аттас екен. Ал, әйелім болса орнынан тұра сала өзінен жасы кіші келіншекке сәлем салды. Бұл оның марқұм анама, қайын енесінің есіміне білдірілген құрмет болатын. Сол күннен бастап мен де, жұбайым да көрші келіншекті «мама», немерлерім мен келіндерім «көрші әже» атап кетті. Орекеңнің жолдасы Нұрлан да өзім сияқты мұғалімнің баласы екен. Нұрланның әкесі Ертас ағамыз Жаңақұрылыс ауылындағы мектепте ұстаз, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, анасы Күнқияш апай сол білім ордасында ұзақ жыл қарапайым еңбек етіп, зейнеткерлікке шығыпты. Қазіргі таңда Ертас аға бес уақыт намазын қаза қылмайтын көрінеді. Нұрлан мен Орынкүлдің отбасында Берік, Ернар есімді қос ұлы мен Ақерке атты қызы бар. Баршасы – білімге құштар жастар. Берік пен Ернар арнаулы орта оқу орнын бітірсе, Ақерке №70 «Жанқожа баба» атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.

Әңгімесін ата-енесі, қайын апасы, қайнысы туралы жақсы лебізден бастайтын Орынкүлдің келін ретінде қос қарияға, қайын жұртына деген құрметіне риясыз сүйсінемін. Кеудемді «қазақтың әр келіні осындай болса» деген ой кернейді. Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқытушысы Орынкүл Шүйіншалиева өз мамандығын бәрінен жоғары қоятын жан. Бәлкім, бұлай болуына «ұстаздардың ұстазы» атанған Ертас ағаның әсер етуі. Көршімнің күнделікті сабағына, қосымша зерттеу жұмыстарына мұқият дайындалып отырғанын жиі көреміз. Осындайда Ыбырай атамыздың «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі жадыңа оралады. «Ұстаздық еңбегіне табыс тілеймін, көрші әже» деп іштей тебіренеміз.

«Жақсы көрші – саяң, жаман көрші – шаян» демекші, біз тұратын Сырым батыр көшесінің тұрғындары өте керемет адамдар. Тіл-көзден сақтасын. Айғай-шу, ұрлық-қарлық деген мүлде жоқ. Бірімен-бірі туыстай араласады. Мұндай татулықтың өмірде жиі кездесетініне жуырда тағы да көзім жетті.

Ташкент қаласында Мадина Сайдуллаевна есімді эндокринолог дәрігердің қабылдауында болдым. Кабинет иесі сымбатты, биязы мінезді адам екен. Менің Қазақстаннан келгенімді естігенде ерекше ілтипат білдірді. Оның себебі де бар болып шықты. Балалық шағында Мадинаның үй іші перзенттері есейіп кеткен ерлі-зайыпты қазақтармен көрші тұрыпты. Үйлерінде кішкентай бала болмағандықтан олар да Мадиналарға қатты бауыр басқанға ұқсайды.

– Үйіне жиі баратынбыз. «Көрші әже» атап кеттік. Біз барған сайын баласынбай қазы-қарта қосып ет асып беретін. Туған әжеміздей жақын тұттық. Арада қаншама жылдар өтсе де сол қазақ апайды, «көрші әжені» әлі күнге ұмыта алар емеспін, – деген Мадинаны қызыға тыңдадым. Кеудемді мейірімді бейтаныс қазақ анасына деген мақтаныш сезімі билеп алған-ды.

Аман болыңыздар, көршілер!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: