Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 29 наурызда Парламент сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру туралы мәселелер қаралды. Жиында ведомство басшылары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді. Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы айқындаған 8 басымдық бойынша нақты шаралар қабылдап, оны сапалы іске асыру қажеттігін атап өтті.
Бірінші басымдық «Іскерлік белсенділікті ынталандыру» бойынша ашық салық жүйесін қалыптастыру, теңгерімді бюджеттік саясатты жүргізу, кәсіпкерлікті қолдау өте маңызды. 2023 жылға облыс бюджеті 520,7 млрд.теңге көлемінде бекітілсе, нақтылау нәтижесімен бүгінде ол 542,3 млрд.теңгеге жетті. Оның ішінде облыс бюджетінің өз кірістері 75 млрд. теңгені құрайды. Осыған орай, Қызылорда облысы бойынша кірістер департаментіне биылға жоспарланған облыс бюджеті кіріс көлемінің уақытылы түсуін және жыл ішінде кіріс көзін ұлғайту шараларын жүзеге асыру тапсырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Елдің өндірістік әлеуетін барынша арттыру» басымдығын жүзеге асыру үшін геологиялық барлау және кеніштерді игеруге инвестиция тартуды айтқан болатын. Мәжілісте жаңа мұнай кен орындарын зерттеудің уақытылы аяқталуын және «Сырдария» бассейніндегі зерттеу жұмыстарына қажетті қаржының бөлінуін пысықтау тапсырылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарауға баса назар аударды. Осы ретте тозған электр, жылу, су және кәріз желілерінің үлесін азайтуға, автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды дайындау өте маңызды. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде биылға жылу желілерін қайта жаңғырту үшін 7,6 млрд. теңгенің 6 жобасына, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту үшін 1,9 млрд. теңгенің 6 жобасына қаржы бөлінді. Енді құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, бөлінген қаражатты уақытылы игеру керек.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау және өңір мектептерін материалдық-техникалық жабдықтау бойынша тапсырмалар жүктелді.
Президент басымдық берген тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға егін егу науқаны қарсаңында гидротехникалық нысандардың, каналдардың дайындығын, инфрақұрылымның жәй-күйін зерттеуді, каналдарды тазартуды, су насостарымен жеткілікті қамтамасыз етуді тапсырды. Жиында саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту жөнінде бірқатар міндет қойылды. Облыс әкімі бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын арттыру үшін биыл 11 спорт нысанының құрылысы жүргізілетінін, Қызылорда қаласының сол жағалауында «Көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының» жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінгенін хабарлады. Облыс елді мекендерінде 5 ауылдық клуб салынуда, ал Қызылорда қаласында жыл соңына дейін көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілмек.
Осыған орай, облыстық мәдениет және спорт басқармасына «Өнер орталығында» өтетін концерттік бағдарламаларға көпшіліктің көңілінен шығатын туындыларды енгізу жүктелді.
Аймақ ерекшелігін киноиндустрияны дамыту арқылы насихаттау мүмкіндіктерін қарастыру, жергілікті әдебиет және өнер иелерін қолдау, ынталандыру бойынша ұсыныстар беру тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!