Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал – аграрлық салаға айрықша назар аударған аудан

16.03.2023, 10:40 229

«Ауылға барсам, апамды сағынам» деп Сыр бойына танымал журналист Ержан Қожас «Жылы жүрші» кітабында  жазған екен. Осы кітапты автордың өзі ырымдап, маған сыйлаған еді. Жолға шыққанда бұл кітапты оқып отырып, жаңағы «Сағынғанда сары апам» әңгімесі әсерлі шыққан екен дедім. Оның себебі автордың өмірінде болған оқиға менің өмірімдегі сәтпен ұқсас келді. Менің әжем де сырқаттанып қалып, бізді іздеген болатын. Жай жағдайы­мызды сұрауға хабарластым деген әжеміз «ауылға келіңдер, сағындым» деп айта алмаған екен. Келесі күні ауылдан  суық  хабар  келген  еді.

Жалпы, әжем кенже ұлының бала­лары болғаннан кейін бе, бізге деген жылулығы басқаша еді. Ешқашан жекіп сөйлемейтін, тіпті үй тірлігіне араластырмайтын әжемнің біз деген махаббаты өзгеше болды. Бір күні інім балықтың қылтығын жұтып қойғанда жаны шыққанын көрсеңіз ғой. Міне, сол әжемнің арамыздан кеткеніне біраз болды. Теңізі тартылса да, тарихы жоғалмаған ауданға жол тартқанда, ең алдымен, әжемнің иісін сағынғаным рас. Сол сәтте осы кітапта қолыма түскенін қараңызшы? Автор айтпақшы, менде ауылға барсам, әжемді сағынам. Ал, әжем еңбектің адамы болды. Әжеме деген сағынышты басу үшін теңізбен бірге тыныстап ғана қоймай, ауыл шаруа­шылығының бүгінін көріп қайтуды жөн  көрдім.

Мемлекет басшысы аграрлық салаға баса назар аударғанын білеміз. Оның себебі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Бұл бағытта ауданның 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы» жасалыпты. Бұл жол картасы 3 бағытта жүзеге асырылмақ. Арал аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Жәнібек  Жұба­нов  бұл жобаның мақсатын тереңі­рек тарқатып, 3 бағытқа да тоқталып өтті.

– Мақсаты – агроөнеркәсіп кеше­нін, ауыл шаруашылығы секторын дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтермен өзін-өзі қамтамасыз ету.

Бірінші бағыт – мал шаруа­шы­лығын дамыту бойынша 11 жоба, негізінен мал басын асылдандыру, ет және сүт бағытындағы ірі қара малын өсіру, мал бордақылау алаңдарын салу  және  мал  өнімдерін өңдеу цехта­рын ашу. Барлық жобаның құны 760 миллион теңгені құрайды, іске асырған жағдайда 61 адам тұрақты жұмыспен  қамтылатын  болады.

Екінші бағыт – егін шаруашылығын дамыту бойынша 16 жоба, ауданда егіс көлемін арттырып, өзімізге қажетті азық-түлік өнімдерімен және мал азығы дақылдарымен қамта­масыз ету. Іске асыру бағытында 126 адамды тұрақты және маусымдық жұмыспен  қамтитын  боламыз.

Үшінші бағыт – балық шаруа­шылығын дамыту бойынша 3 жоба. Бұл бағыттың  негізі  ауданымызда то­ғанда балық шаруашылығын өсіру, жобаның құны – 32 миллион теңге, жоба аясында 9 адам жұмыспен қамтылады, – деді  ол.

Аралдың экологиялық жағдайын бүкіл ел, тіпті әлем біледі. Оның зардабы да аз емес. Әжем кезінде «осы теңіздің қайтадан қалпына келіп, тәуір болғанын көрсек екен, шіркін-ай? Не де болса, бар болсын, ақұдай» деуші еді. Теңіздің тәуір болуына күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Әрине, табиғатты басқару мүмкін емес. Барында бағалай алма­ғанның машақаты көп болатыны сөзсіз. Дегенмен, аралдықтар теңізді ғана емес, тұрғындардың әл-ауқатын да естен шығармапты. Бағанағы «Жол картасы» аясында 30 жоба іске асырылып, шамамен 792 миллион теңге инвестиция мен 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз ету күн  тәртібіндегі  жоспар  екен.

Әңгімемнің әлқиссасы әжемнен басталған екен, әрі қарай да солай болсын. Жылда жазғы демалысты әжемнің жанында өткізетінбіз. Қала­ның тіршілігін көрген бала «әже, осы сіздер немен күн көресіздер? Бізде күнде таң атысымен ата-анамыз жұмысқа кетеді. Сіздер тек төрт түлікпен әуре болады екенсіздер» деп айтатыным бар еді. Сол кезде әжем аралдықтардың ең негізгі жұмы­сының бірі – мал шаруашылығы деп жауап беретін. Әлі күнге дейін мұндағы жұрт атадан мұра болып қалған кәсіпті игеріп келеді. Мәселен, былтыр 100 бас тұратын мал бордақылау алаңын салу жобасы бо­йынша Қарақұм ауылдық округі­нің тұрғыны жеке кәсіпкер Н.Мамита­нов өз қаражаты есебінен 21 мил­лион теңгеге мал сою пунктінің және  сыйымдылы­ғы  200 бас (150 бас – МІҚ, 50 бас – жылқы) ауыл шаруа­шылығы жануарын бордақылайтын алаң құрылысының жұмысын аяқтады. Ендігі кезекте, қажетті мал басын және оларды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында жеңілдетілген несие алу жұмыс­тары жүргізіледі екен. Сондай-ақ, мал  тұқымын асылдандыру мақсатында асыл тұқымды шаруашылық құру және «Сыбаға» бағдарламасымен 3 жыл көлемінде 300 бас мүйіз­ді ірі қара малының аналық басын сатып алу жобасына байланысты Аманөткел ауылдық округінен жаңадан «Жа­рыл­ғасын» шаруа қожалығы құрылды. Шаруа қожалық «Арал ырысы» несие серіктестігі арқылы 19,8 миллион теңге көлемінде несие алып, оған 44 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры сатып алынған. Бүгінде шаруа­шылық 2 адамды жұмыс­пен қамтып отыр. Бұған қоса, ветерина­риялық қызмет көрсету орталық­тарын ашу жобасы бойынша Арал қаласының тұрғыны жеке кәсіпкер Ш.Қолдасова аудан  орталығынан «Жақсат» коммуналдық базары жанынан 5 миллион теңгеге несие алып, ветеринариялық қызмет көрсету орталығын ашқан. Бүгінгі күні 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, халыққа қызмет етуде. Мал шаруашылығына қатыс­ты жаңалық мұнымен тоқтамайды. Әрине, ақ қағазға көсіліп жазуға болады. Алайда егін шаруашылығына қарай сөзімізді  сабақ­тасақ. Әжем, бұл тақырыпта  мүлде  айтпаған  екен.  Бәлкім, есімде  жоқ  па?

– Биылғы  жылы суды тиімді пай­да­лану әдістеріменде суды аз қажет ететін қондырғыларды пайдалануды қолға алдық. Оған дәлел, Сек­сеуіл кентінен А.Боханов және Ақирек ауылдық округінен А.Қаныбетов және шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіпкерлер «подпленка» әдісімен барлығы 11 гектар жерге бақша дақылдарын ексе, Атанши  ауылдық округінде жеке кәсіпкер  Е.Төреханов 10 гектар жерге су ұңғымасының  суын  пайдалана отырып,  тамшылатып  суару  әдісімен бақша, көкөніс дақылдарын орналас­тырды. Аманөткел ауылдық округінде «Camel Pro» шаруа қожалығы  80  гектардан астам жерге жаңбыр­латып суару қондырғысы арқылы жаңа жоңышқа  тұқымын  септі.

Бұдан басқа, «Жол картасы» аясын­да Ақирек, Аманөткел, Бек­бауыл, Жаңақұрылыс, Жетес би, Қара­терең, Бөген, Райым, Мергенсай ауылдық округтерінде және жоспардан тыс Сексеуіл,  Жақсықылыш кенттері мен Атанши ауылдық округінде егістік жұмыстары қарқынды жүрді. Жалпы, бүгінгі күнге егістік жұмыс­тарын жүргізу бойынша барлығы 12 жоба  іске  асырылды.

Осы жұмыстардың нәтижесінде, ауданымыз егін шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұған дейін, ауданда барлығы 180 гектар астам жерге егіс егіліп келсе, табысталып берілген жерлерге барлығы 704,2 гектарға түрлі егістік дақылдары орналастырылды, – деді бөлім  басшысы  Жәнібек  Жұбанов.

Аралды айтқанда тағы нені еске түсіреміз. Әрине, балық. Әжеммен тілдескенде жарты ғасыр бұрын Аралдың  жағалауында 2 балық ком­бинаты, 10  балық зауыты, 70-ке жуық   балық  қабылдау  бекеті болған-ды. Жалпы, балықтың спецификалық дәмі бар ғой. Кез келген адам оның кереметін түсіне бермейді. Дей тұр­ғанымен, Аралдың балығын ұнатпайтын қазақ жоқ шығар, сірә!? Арал теңізінде 30-дан аса кәсіптік бағалы балық түрі ауланған. Олардың қата­рында бекіре, қаяз, жайын, ақбалық, шемайке, тісті, алабұға, шортан, сазан, айнакөз, тыран, торта, табан, қызыл қанат, шабақ, мөңке, дөңмаңдай, камбала т.с.с. тізбектеп айтуға болады. Бүгінде балық шаруа­шылығы кәсібін ауданда дөңгелетіп отырғандар аз емес. Жеке кәсіпкер Аманкелді Есимовтің Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі тоғанда балық өсіру жобасы­ның  өзі – бір төбе. «Ақ­бөгет балық  тоғаны көлі» барлық жер көлемі – 100 га, тоғанның  көлемі – 56 га, көл тоғанынан бөлек қолдан өсіретін 2 балық тоғаны бар. Ал, жеке кәсіпкер  Шалғынбай  Алматбаев Қарақұм ауылдық округі, Ерімбетжаға елді мекеніндегі тоғанда балық өсіру жобасымен айналысады. Тоғанның көлемі – 10 мың шаршы метр, көл тоғанынан бөлек өсіретін 1 балық тоғаны бар. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Фарида Каракулова Бекбауыл ауылдық округіндегі қолдан балық өсіру тоғаны бар. Тоғанның көлемі – 20 га. Қазіргі таңда, тоғанға балық шабақтары жіберіліп, оларды өсіру жұмысы жүргізілуде. Бұл үш кәсіпкерден бөлек, «Жол картасы» жобасы аясында біршама кәсіпкер балық өсіру кәсібімен айналыс­пақ.

Елдің даму  динамикасы кенжелеп   қалмас үшін ауыл шаруа­шы­лығы саласының маңызы зор. Сол себепті  Арал ауданының алдыға қойған  мақсаттары  халықтың тұрмысын жақсартуға  үлес  қосатыны  белгілі. Стратегиялық  тұрғыдан  аралдық­тар  өзін  көрсете білді. «Алда­ғы 3 жылдық  даму «Жол картасын» ауыл шаруа­шылығы құры­лымын қатыстыра отырып, әлеуетті инвесторлар мен бизнес-қауым­дастықтарды, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғамның басқа да институттарын жұмылдыра отырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткі­земіз» дейді жауап­ты мамандар. Әжемді еске түсіріп, теңізбен бірге тілдесіп қайттық. Арал ауданында ауыл шаруашылығы саласы аймаққа оң серпіліс әкеліп жатыр. Жолсапарымызда  оған  әбден  көз  жеткіздік.

Азамат  АБИМОЛДА,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: