Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеке адамның банкроттығы дегеніміз не?

01.03.2023, 10:25 850

Қарыздан құтылу үшін нені білу қажет?

Еліміздің азаматтары 2023 жылғы 3 наурыздан бастап өзін банкрот деп тану үшін өтініш бере алады.

Банктерге, қаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктерге қарызын өтей алмай жүрген жеке тұлғалар биылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш беруіне болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы» туралы заң 2022 жылдың 30 желтоқсанында қабылданды.

Аталған заңның қабылдануына негізі еліміздің әлеуметтік жағдайының нашарлауы, азаматтардың банктер алдындағы берешек сомаларының көбеюі, тұрмыстық әл- ауқатының төмендеуіне әсер етіп отыр.

Жалпы аталған заңның  мақсаты:

– азаматтардың борыштық жүктемесін азайту;

– әлеуметтік шиеленісті жеңілдету;

– қарыздар бойынша төлем жасауға ынталандыру.

Барлық рәсім түрі қарыз алушының бастамасымен ғана жүзеге асады. Яғни, банк борышкердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмайды.

Халықаралық тәжирибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрі енгізілді:

1. Соттан тыс банкроттық;

2. Сот банкроттығы;

3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Рәсімдерге жеке-жеке тоқталатын болсақ:

I. Соттан тыс банкроттық рәсімі жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша жүргізіледі және ол мемлекеттік кірістер органдарымен қарастырылады.

Соттан тыс банкроттықрәсімді жеке тұлғаларға қолданудың бірден бір талаптары:

1) 2 деңгейлі банктер, қаржы ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары болуы;

2) қарызының мөлшері 5 520 000 теңгеден аспауы;

Анықтама: (2023 жылы АЕК 3 450 теңге*1 600).

3) борышкер қарызын соңғы 12 ай қатарынан төлемеген жағдайда қолданылады.

Сонымен бірге Борышкердің меншік құқығында мүлкі, көлігі, сондай-ақ ортақ сатып алынған (жұбайының атындағы) мүлкі болмауы тиіс.

Соттан тыс банкроттық рәсімінің ерекшеліктері:

жеке тұлға соңғы 6 ай бойы Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса және оның берешек сомасы 5 520 000 теңге көлеміне жетпесе де өтініш беруге мүмкіншілігі бар.

Соттан тыс банкроттық рәсімінің тағы да бір ерекшелігі егер, қарыз 5 жылдан артық уақыт мерзімде өтелмесе жоғарыдағы аталған барлық шарттар ескерілмейді.

II. Сот банкроттығы рәсімі сот тәртібімен шешіледі.

Яғни жеке тұлға осы рәсімді қолдану жөнінде сотқа өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады.

Бұл рәсімнің шарттары  жеке тұлғаның барлық банктер, микроқаржы ұйымдары, жеке және заңды тұлғалар алдындағы келісім шарт негізіндегі қарыздары, мемлекет алдындағы салықтар мен міндетті төлемдердер бойынша қарызы ескеріледі.

Осы рәсім барысында жеке тұлғаның атында мүліктер анықталған жағдайда, берешектерді өтеу мақсатында мүліктері аукцион арқылы сатуға шығарылады. Егерде жеке тұлғаның жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болса, онда банк аталған мүлікті алып қоюға толық құқылы.

Ал, егер жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болмаса, ол өндірілуге жатпайды.

Аталған рәсім барысында мүліктерді анықтау және сату жалпы талдау жұмыстарын жүргізу қаржылық басқарушығажүктеледі.

Сот банкроттық рәсімінің мерзімі 6 ай және 6 айға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Рәсімді қолдану барысында мынадай шектеулер қойылады:

1. Әрбір жеке тұлғаға аталған рәсімді қолдану барысында өз меншігіндегі мүліктерді иеліктен шығаруға яғни сатып жіберуге немесе сатып алуға құқығы жоқ.

2. Сонымен қатар шетелге шығуға тыйым салынады.

III. «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» рәсімінде де жеке тұлғаның қарыз сомасын өтеу сотпен қарастырылады:

– жеке тұлғаның қалыптасқан барлық қарыздары 5 жыл көлемінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.

– өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа берілуі тиіс.

– жеке тұлғаның берешек сомасы өзінің меншігіндегі мүліктерінің құнының мөлшерінен аспауы керек.

Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: