Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4-сыныптар тегін тамақпен қамтылады. Бүгінде осы жылдың 9 қаңтарынан бастап, еліміздің барлық мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Бұған дейін тек әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыдан шыққан оқушыларға берілді. Бұл дұрыс болды ма, бұрыс болды ма деп өткенді қазбаламай-ақ қояйық. Десе де, 5-11-сынып оқушыларының тек әлеуметтік көмекті қажет ететіндері ғана тегін түскі ас ішеді. Бүгінде Қызылорда облысында 70 863 бастауыш сынып оқушысына тегін түскі ас беріледі. Әлеуметтік қолдау алатын орта және жоғары сыныптағы 17 382 оқушыға да тегін тамақ аймақта қарастырылған. Бұл – қуанарлық бастама. Бірақ алаңдайтын да жайт бар. Себебі Қазақстанда әрбір бесінші балада артық салмақ бар. Бұның басым бөлігі – қала тұрғындары. Жалпы, артық салмақ адамның өзіне деген сенімсіз болуына әкеліп, ойлау қабілетін төмендетіп, ұрпақ жалғасуын тежейді. Сондықтан мұнымен дер кезінде күрескен жөн. Көбі артық салмақ емес, бұл тұқымнан деп жатады. Ірілік пен семіздіктің аражігін айыру қажет. Бұл – отбасының шектен тыс махаббатынан болатын дерт. Енді мектеп те тамақпен қамтамасыз етеді. Бірақ сапа жағы қалай? Ыстық тамақтың түрлері, оның құрамы қандай? Біз осыны зерттеп көрейік.
Сабақ аптасына 5 күн өткізіледі. Бізге келген ақпарат бойынша бір аптадағы әр күннің түскі ас кестесін ұсынамыз.
Тізбектеп тамақтың құрамын айтқаннан, осылай көзбен тиянақты көрген дұрыс шығар. Қайталап айтамын. Бұл – бір аптадағы тамақтың тізімі. Яғни әр апта сайын мәзір өзгеріп отырады. Оны ата-ана сынып жетекші, мектеп директорларына хабарласпай, e-ashana.kz сайтынан көре алады. Дегенмен, біз бірнеше мектеп директорынан тегін түскі ас жайында пікірлерін білдік.
– Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында, қаңтар айынан бастап мектебімізде барлық бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылып отыр. Құнарлы азық-түлікпен байытылған, витаминдерге бай ас мәзірі ұсынылды. Ас мәзірінде күнделікті мектеп оқушыларының тамақтану рационындағы азық-түліктің барлық негізгі топтары, әсіресе көкөністер, жемістер, нан өнімдері, ет өнімдері, сүт өнімдерінің түрлері қамтылған. Мектеп сайтында тамақтану айдары іске қосылған және онда арнайы ас мәзірі көрсетілген. Әрине, ата-аналар мектеп сайтынан немесе арнайы келіп ұсынылған тамақтың құрамымен таныса алады. Сондай-ақ, мектеп асханасында арнайы ас мәзірі бұрышы ілінген. Мектеп мәзіріне жарма, макарон, сүт өнімдері, ет, балық, шай, дәруменді сусындар кіреді. Айта кету керек, өскелең жеткіншек организмі дәрумендер мен микроэлементтерге деген қажеттіліктің артуына әкеледі.
Мектеп тағамдары ақуыздар, майлар, көмірсулар, минералды тұздар алмасуына қатысатын дәрумендерге бай. Дененің өсуін ынталандырады, терінің қорғаныш қасиеттерін жақсартады. Мектепте дұрыс тамақтану баланың денсаулығы мен жеке басын қалыптастыру үшін өте маңызды екенін бәрі есте ұстауы керек. Сонымен қатар, мектепте уақытылы тамақтану – оқушылардың жақсы оқуына, артық салмақтан зардап шекпеуінің бірден-бір кепілі, – деді Серәлі Лапин атындағы №261 мектебінің директоры Қарлығаш Әбдірахманова.
– Балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін, әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететін игі бастамалар мемлекет қолдауымен қолға алынды. Жаңа оқу тоқсанынан бастап мектеп-лицейімізде 1179 баланы тегін ыстық тамақпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған дейін ыстық тамақ беру әлеуметтік жағдайына байланысты жүргізілген болса, бүгінгі күні бұл мүмкіндікті барлық бастауыш сынып оқушылары сезіне алды. Күнделікті ас мәзірі тамақтану мен тамақ пісіру орнына тазалық жасалынып, дезинфекцияланып отыру көзделіп, іске асуда. Мектеп асханасында ұсынылатын тағамдар сапасы нормативке сай, ыстық тағамдар түрі күнделікті өзгеріп отырады. Тамақтар қуырылмайды, майсыз, буда бұқтырылып, асылып пісіріледі. Салат түрлері үнемі өзгертіліп, ауыстырылады. Салатқа жемістер мен көкөністер сапалы түрде беріледі. Күнделікті арнайы әзірленген ас мәзірі бойынша оқушыларға талапқа сай, дәмді тағамдар ұсынылып отыр, – деді Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицей директоры Айгүл Үткелбаева.
Тегін тамақтың мәзірі де, сапасы да көңілді қуантатыны рас. Ал, өзге елдер оқушыларының түскі асына не ұсынады? Өткенде газетіміздің сайтына бұл тақырып бойынша суретпен өрнектеген едік. Шыны керек, олардың ұрпақтың жағдайын жасауға барынша күш жұмсағанына қызыға да, қызғана да қарайсың. Өйткені елімізде мұндай қолдау болмаған. Мәселен, өзінің мәдени, рухани тоқырауын жеңіп, жаңа ел болып, даму динамикасы қарқынды болған Финляндия мемлекетінде оқушыларға тегін түскі ас беріледі. Қандай тамақтың түрі болса да, мемлекет тарапынан қамтылған. Оларда заң бойынша тамақтың құрамы жоғары стандартта болуы міндеттелген. Түскі аста көкөніс, крахмалды немесе дәнді тағамдар болады. Мәзірде вегетариандық тағамдар да бар. Себебі финдардың арасында ет жемейтіндер жетерлік. Және түскі аста қытырлақ нан да беріледі. Әлемдегі оқушыларға тегін тамақты қарастырған алғашқы мемлекет екенін айта кетейік. Мұндай елдер некен-саяқ. Соның қатарында Финляндиямен көршілес Швеция елі де бар. Бұларда оқушы қанша көлемде тамақ жегісі келсе жей алады. Ал, Еуропадағы Франция мектептегі түскі асқа қатты көңіл бөледі. Тіпті ыдыстары да күн сайын өзгеріп тұрады-мыс. Сонымен қатар, тамаққа сүт қосылып берілмейді. Олар тамақты сумен ішкен дұрыс деп санайды. Француздарға күніне түскі асқа төрт түрлі тағам дайындалады. Оған балғын көкөністер мен ақуыздан жасалған салат, гарнир қосылған лосось және қуырылған брокколи. Бұған қоса, олардың таптырмас атрибуттары ірімшік, джем, нан мен түрлі тәттілер кіреді. Бразилияның заңында да оқушылардың түскі асына қатаң мән беріледі. Оларда тамаққа қосылатын өнімдердің 30 пайызы жергілікті өңірден болуы қажет екен.
Тегіндерді түгендедік, айтылмағаны да бар. Ал, ақылы қызмет көрсетсе де хан мен ханшайымға ұсынғандай ас беретіндері бар екен. Сингапурдың әр мектебінде фуд-корт бар, онда әрбір дүңгіршекте әртүрлі ұлттың тағамдары сатылады. Сингапур – көпэтносты ел. Сондықтан әр ұлттың тағамға қатысты шектеулері де болуы заңдылық. Мысалы, тамилдер сиыр етін жей алмайды және әдетте ащы тағамдарды ұнатады, ал мұсылмандар халал тағамды ғана жейді. Сол себепті әр мектепте әр бала өзінің ұлттық тағамдарын сатып ала алатын фуд-корт бар. Жалпы, фуд-корт – бұл Сингапурдың ұлттық өнертабысы, олар көпқабатты үйдің кез келген ауласында орналасқан, онда тамақ өте арзан. Бұл елде көбі үйде тамақ әзірлемейді. Шындығында, олар үшін үйде тамақ істегеннен гөрі фут-корттағы тамақты сатып алу тиімді. Осы арқылы екі-үш есе шығынды үнемдеуге болады. Азия құрлығындағы Жапонияда мектептегі түскі ас ақылы. Шамамен 30 АҚШ долларын (13 924 теңге) айына бір рет салу қажет. Жапондықтар пайдалы тағамды жеп қана қоймай, оны дайындауға қатысады. Балалар кезекпен тамақ дайындауға, оларға қызмет көрсетуге және үстелдерді жинауға көмектеседі. Бұл оқушыларды еңбекке баулудың бір түрі екен. Осы тұста Румыния мемлекетінің қызық ақпаратын айта кетейік. Олардың түскі асы сағат 3-4 болғаннан кейін мектепте жеңіл перекустар ұсынылады.
ТҮЙІН. Кез келген ел фин мен шведтар сынды бар назарын ұрпаққа бөлуі керек. Егер әрбір іс ұрпақтың жағдайын жақсартуға бағытталса, келешекте олар да ел үшін адал қызмет етеді. Мұндай елде дүниеге келген перзенттің патриоттық сезімі от болып лаулап тұрады. Шетке кетіп өзін дамытуды емес, елде болып халқын байытуды көздейді. Отыз жылды еңсерген ел үшін тегін түскі ас енді берілуі кеш қозғалып жатыр деп айта алмаймыз. Алайда бұл бастама адалынан болса игі.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!