HALYQLINE.KZ –| Қазалыда еліміздегі жұқпалы індеттің өршуіне байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жеке көліктер мен жаяу жүргіншілердің жүруіне тыйым салынған болатын.
Алайда аудан тұрғындары қауіпсіздік шараларына мән бермей, тәртіп бұзуды азайтар емес. Тіпті, кейбіреулері өзінің жеке автокөлігіне алкогольді масаң күйде отырып, жол-көлік оқиғасының болуына себепші болуда. Абырой болғанда адам аман.
Кеше Қазалы аудандық сотында «TrueConf» мобильді байланыс жүйесін қолдану арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 476 және 608 баптарында көзделген құқықбұзушылықтарды жасаған азаматтарға қатысты әкімшілік істер қаралды.
Сот отырысында анықталғандай азамат Е. төтенше жағдайға байланысты көлік құралдарының жүруіне қойылған шектеулерге қарамай, негізсіз Әйтеке би көшесінің бойында автокөлігін алкогольді масаң күйде басқарып, жол ережесін бұзған. Осылайша, қарсы бағыттағы азамат Ж.-ның басқаруындағы көлікке соғып, жол жиегінде тұрған темір шартақтар мен азаматша А.-ның контейнерлі дүңгіршегіне зақым келтірген.
Салдарынан жәбірленушілердің мүлкін бүлдіріп, материалдық шығын келтірген. Сот қаулысымен азамат Е. ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы 9-тармақшасымен және 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, ӘҚБтК-нің 58-бабына сәйкес түпкiлiктi 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сондай-ақ, азамат Б. жарияланған төтенше жағдайға байланысты көлік құралдарының жүруіне қойылған шектеулерге қарамай, автокөлігін алкогольді масаң күйде басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен және 476-бабы 9-тармақшасымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 18 тәулік әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, автокөлігін алкогольді масаң күйде басқарған азамат К. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігімен және 476-бабы 9-тармақшасымен кінәлі деп танылып, түпкілікті 23 тәулік әкімшілік қамаққа алынды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!