Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысы сайлау комиссиясының төрағасы сайланды

23.01.2023, 19:30 314

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Жиында Қызылорда облысы сайлау комиссиясының төрағасы таныстырылды.

Қазақстан Республикасы Орталық және облыстық сайлау комиссияларының шешімімен Ерсұлтанов Әділбек Бөрібайұлы Қызылорда облысы сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне сайланды.

Аймақ басшысы биылғы жылдың І жартыжылдығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы және ІІ жартыжылдықта пилоттық негізде аудан әкімдерінің тікелей сайлауы өткізілетінін және өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты 23 ауылдық округ әкімінің сайлауы жоспарланғанын атап өтіп, осыған байланысты ұйымдастырылатын сайлау науқандарының барлығы күшейтілген жұмысты талап ететінін тілге тиек етті.

«Биылдан бастап жаңа өзгерістерге сәйкес облыстық сайлау комиссиясының 7 мүшесі тұрақты негізде қызмет атқаратын болады. Бұл өзгерістер сайлау жүйесінің едәуір күшейуіне және әрбір тұрақты мүшенің жауапкершілігін арттыруға өз септігін тигізеді.

Әділбек Бөрібайұлы еңбек жолын облыстық мемлекеттік архивінің архивисті болып бастап, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, тәжірибесі мол білікті кадр. Облыс әкімі аппараты басшының орынбасары, «Amanat» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі қызметтерін де абыроймен атқарып келді.

Облыс әкімі аппараты басшының орынбасары қызметінде облыстағы сайлау инфрақұрылымын жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарды. Әділбек Бөрібайұлы алдағы еліміз үшін маңызды сайлау процестерінің ашық әрі әділ өтуіне зор үлес қосады деп сенім артамыз», – деді Н.Нәлібаев.
Әділбек Ерсұлтанов 1976 жылы туған.

Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тарихшы-архивтанушы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Қармақшы аудандық қоғамдық өрт сөндіру бірлестігінің жұмысшысы ретінде бастаған. Кейіннен Қызылорда қаласының әкімдігінде жауапты қызметтер атқарды.
Оның ішінде, 2006-2009 жж. Қызылорда қалалық спорт бөлімінің бастығы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмыстары бөлімінің бастығы, Қызылорда қаласындағы №178 орта мектеп директоры және Қызылорда қаласы Талсуат ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарды.
2009-2015 жж. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Қызылорда облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары болды.

Ал 2015-2017 жылдары – Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары болды.
2017-2019 жылдары Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, 2019-2022 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

2022 жылдың наурыз айынан бастап осы уақытқа дейін Қармақшы ауданының әкімі болып еңбек етті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: