HALYQLINE.KZ Қызылорда облысында өткен жылы өңдеу өнеркәсібі 5,6 пайызға өсіп, өнім көлемі 241,7 млрд теңгені құрады. Дәлірек айтсақ, көрсеткіштің өсіміне тамақ өнеркәсібінде «Аралтұз», «РЗА», «Мағжан и К», «Углесбыт», «Қызылдихан», «Ақжарма» жеңіл өнеркәсіпте «Өркен әлем», «Далатекс» серіктестіктерінің, құрылыс индустриясындағы цемент зауыты, «МИР-2001», «LCI-MK» және «Кемикал» құбыр зауытында өнім көлемінің артуы және шыны зауытының өнім шығаруы әсер еткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков баяндады.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібін дамытудағы басты жаңалық – шыны зауытының іске қосылып, қазан айынан бастап өнім өндіруі. 2022 жылы барлығы 32 мың тоннаға жуық шыны өндіріп, Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта өнімді Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыстанға экспортқа шығару жоспарлануда.
– Зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың белдеуін дамытып, 8 ілеспе кәсіпорын құруға жұмыс жүргізіледі. Шыны зауытының тағы бір артықшылығы – индустриялық аймақты дамытуға да серпін береді. Бұған қоса, индустрияландыру бағдарламасы аясында биылғы жылы құны 1 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды. Жалпы алғанда, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста құны 613 млрд.теңгені құрайтын 6,8 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асырылуда. Ал 2010-2021 жылдар аралығында іске қосылған индустриялық жобалармен есепті кезеңде 49 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 25 пайызды құрады, – деді Қамбарбек Амангелдіұлы.
Айта кетейік, өңдеу өнеркәсібі саласында 40-қа жуық кәсіпорын өнімін экспортқа шығарады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!