Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұраны да, мұраты да жоқ, қазақ, қайда барасың? МЕМЛЕКЕТТІҢ ИДЕЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ

12.01.2023, 12:00 387

«Ұлттық идеологиямыз қайда?», «Мемлекеттік идеологиямыз әлі қалыптасқан жоқ» деген сөздер осы отыз жыл бойы ең жиі айтылатын сөздер болып қалды. «Қалды», себебі, мемлекет тарапынан бұл сұрақтарға нақты, жан-жақты, тұшымды жауап берген лауазымды тұлғаны көрген жоқпын. Кейбір зерттеушілер «пікір алуандығы, сөз бостандығы бар елдерде мемлекеттік идеологияның болуы мүмкін емес» десе, енді біреулер «әлі ұлт болып қалыптаспаған, кеше ғана отаршылдықтан шыққан, ұлттық құндылықтарынан жартылай айырылған мемлекеттің ұлттық идеясының  болуы – талассыз ақиқат»  дейді…

БҰРЫНҒЫ  ЖАҒДАЙ

Менің ойымша, қазір шартты түрде «Ескі Қазақстан» деп аталатын кезеңнің өзіндік, ерекше бір идеялық құндылық­тары болмаған сияқты. Ол түсінікті де. Коммунистік идеологияны жүргізгендер, сол бір жасанды құндылықтарды мұрат тұтқандар мемлекеттің билігін қолына қайтадан алды да жаңа мемлекеттің құндылықтарын жасақтай алмады, мүмкін, жасақтағысы да келмеген шығар. Аксиомалық деңгейдегі идеологиялық ұрандар («Қазақстан халқының бірлігі жасасын!», «Тәртіпке бас иген құл болмайды», «Бірлік түбі – береке!» т.т.), биліктегі азаматтардың жиналыстарда сөйлейтін сөздеріне тұздық болатын бағдарламалар («Қазақстан 50 елдің қатарына кіруі керек», «Рухани жаңғыру – басты мақсат!», т.т.) болды, олар қоғамдық жерлерге ұран есебінде жазы­лып қойылды, теледидарда сол ұран­дар­дың аясында сан түрлі бағдарлама жасал­ды, көптеген семинар-жиналыс өтті, т.т, бірақ өз басым, бұл «құндылықтарды» тәуелсіздігін алған Қазақ елінің идеология­лық бағытын анықтайтын бағдарламалар деп айта алмаймын. Алғашқысы Кеңес жүйе­сі кезіндегі «Ұлттар достығы жасасын!» дегенмен үйлессе, екінші топтағылар «Американы қуып жетіп, басып озамыз», немесе «Қазіргі жастар коммунизм кезінде өмір сүреді» деген утопиялық алдамшы ұрандардың жаңғырығы болып табылады.

Әрине, коммунистік идеология мен тотали­тарлық жүйеге сай жасалған идея­лық-құндылықтар бір мезетте жоғалып кетпейтіні түсінікті. Бұл кезең, кейде «өтпе­лі кезең» деп те атаймыз, 5-10 жылға созылуы мүмкін еді. Осы оншақты жылдың ішінде мемлекет өзінің идеялық құндылықтарын анықтап, саралап алуы шарт болатын. Және бұл маңызды мәселеге зия­лы қауым, саяси элита, азаматтық қоғамның өкілдері белсенді түрде қатысуы керек еді. Ең бастысы – Қазақ елінің идеялық құндылықтарын жасақтауға елдің Тәуелсіздігі үшін іс-әрекет жасаған, сол бағытта теориялық та, практикалық та жұмыстар істеген азаматтар ат салысуы керек болатын. Себебі, тәуелсіздік мәселесін солар көтерді, солар күресті, демек тәуелсіздік қайтып келген соң, «сендер қандай қоғам жасауды мақсат еттіңдер?» деген сұрақтың қойылуы заңды болатын. Өкінішке қарай, бұндай сұрақ та қойылмады, ол адамдар идеологияны жасақ­тауды былай қойғанда, биліктің маңына да жіберілмеді. Бір сөзбен айтқанда, билікті бұрынғы тоталитарлық жүйеге беріле қыз­мет еткен, Мәскеу­дің айтқанын мүлтіксіз орындайтын, тәуелсіздік үшін саусақтарының ұшын қимылдатпаған топ – Қазақ  республикасының коммунистері алып қойды. Демек, идеялық-құндылықтардың бағыт-бағдарын  солар анықтайтын болды. Олар үшін сол кезеңдегі басты құндылық – билікті ұстап тұру және мүмкіндік болса, биліктен ешқашан айырылмау еді. Сол уақыттағы идеология да осы мақсатқа бағытталды. Қазақстанда «бәрін де қатырамыз, барлығыңды жарылқаймыз, тек сәл күте тұрыңдар»  деген  кезең  басталды.

Тәуелсіздік қайтып келгенде біз­дің мемлекеттің атауы Қазақ Советтік Социалистік республикасы болатын. Бұрынғы коммунистік билік өзінің идеологиялық жұмысын жетпіс жыл бойы ешқандай сынға ұшырамаған, ауыстыру туралы мәселе көтермеген ел атауын өзгертуден бастады. «Советтік» сөзі мен «Социализм» сөзі қолданыстан шыққан уақытта, заң бойынша да, логика бойынша да, «Қазақ республикасы» деген атау қалуы тиіс еді. Бірақ ол бір күннің ішінде «Қазақстан» деген жасанды сөзге ауыстырылды. Меніңше, осыдан бастап, қазақ халқы күткен идео­логиялық бағытқа толық тос­қауыл қойылды.

Егер хронология бойынша сараласақ, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының идеялық құндылық бағыты – ағарту болғаны анық. Шартты атау берсек, «Оян, қазақ!» деген сөз тіркесі тура келеді. Осы кезеңдегі қазақ ағартушылары, оқыған азаматтар Ресейдің табанында отырған қазақ халқының көзін ашуды, басқа ұлттар мен ұлыстардан кем болмауды мақсат етті. Абайдың, Ыбырайдың, Сұлтанмахмұт пен Алаштың арыстары ұлтты қараңғылық пен надандықтан құтқаруды ойлады. 30-жылғы қазақ қоғамының идеялық бағыты екінші деңгейге көтерілді. Бұл кезеңдегі қазақ идеясын жасақтаушылар жеке мемлекет болуды көкседі. 30-50-жылғы сталиндік репрессиядан соң қазақ­тың ұлттық құндылықтары жойыла бастады; балаларын орыс мектептеріне беру, жерлерін көрші респуб­ликаларға тарату, жансақтау психо­логиясына көшу, «әйтеуір, аман болсақ, болды» деген ұстаныммен ассимиляция процесіне ыңғайлана бастады. 80-жылдары «біз – қазақ­пыз!» деген ой-пікір тағы да бас көтеріп, ол 1986 жылғы Желтоқсан, 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілістеріне алып келді. Егемендік, тәуелсіздігімізге қайтып келу идеясы жастар арасында кең тарай бастады. Алаш арыстарының еңбектері, бағдарламалары іздеп жүріп оқитын қат дүниеге айналды. Осылардың соңы – Кеңес жүйесінің ыдырауы мен Қазақ елінің тәуелсіздік жариялауына алып келді. Енді күн тәртібіне «Қазақ мемлекетін» құру мәселесі шыққанда, коммунистік партияның басшыларынан құрылған билік … елдің атын ауыс­тырып, қазақ мемлекеті емес, «Қазақ­тар тұратын жердегі мемлекет»  деген  атауға  көшті.

«Қазақ мемлекеті» деген атауды жойғанмен, 1991 жылдан бастап, қазақ қоғамының алдындағы басты мақсат – отаршылдықтың зардап­тарын жойып, сол кезеңдегі зорлық пен сан түрлі алдау, арбау тәсілдерімен құрып кеткен ұлттық құндылықтарды тірілту, жаңғырту бола­тын. Бұл қазақ халқының, қазақ елінің басты идеялық құндылығы болып табылатын. Алайда… бұл құндылықты  билік  қабылдаған  жоқ.

ҰЛТТАРДЫ  БІРІКТІРЕТІН  ТӨРТ  ФАКТОР

Осы  жерде  сәл  пауза алып, «идея», «идеология» деген сөздерге тоқтала кетсек. Кез келген мемлекет­тің дамуы – оның алдына қойған мақсатына тікелей байланысты. Миллиондаған адамды бір мақсатқа бағыттау, бір мақсаттың маңында топтастыру – аса қиын жұмыс. Идея­ны анықтау сол уақыттағы қоғамның тарихи жағдайына да байланыс­ты. Егер мемлекет соғыс жүргізіп, отанын қорғап жатса, мемлекеттік идея – патриоттық сипат алады. Бұл уақытта мемлекеттік идея­ны да, құндылықтарды да анықтау қиындық келтірмейді. Мақсат бәріне айқын. Ал бейбіт өмір кезінде халықты жұмыл­дыру, барлығына бірдей құндылықтарды ұсыну, көрсету оңай емес. Сондықтан болуы керек, «мемлекеттік идеология» дегенде – «жалпы­ұлттық мүдде», «жалпыұлттық идеология», «бірігу», «қазақстандық қоғам» деген сөздер жиі қолданылады. Демек, бір мемлекеттің азаматтарын біріктіретін идеялық құндылықтың жасақталуы – идеологияның бірінші шарты. Онсыз мемлекеттік идеология жұмыс істемейді. Қысқасы, біздер идеялық-құндылық бағдарын айқындау үшін, «Біз «Бір­тұтас ұлт» бола  алдық  па?» деген сұраққа  жауап  беруіміз  керек.

Зерттеушілер бір мемлекеттегі, бір қоғамдағы  азаматтарды  біріктіре­тін  4 фактор бар деп көрсетеді. Олар – дін, мәдениет, тарих және тіл. Қазақ­стан болмысына осының алғашқы екеуі  жұмыс  істемейді  деп  білемін.

Бірінші – дін  факторы. Бізде түрлі дін, түрлі діни конфессия бар. Олардың бір-бірімен кикілжіңге бармай, қатар өмір сүріп жатқанының өзі – үлкен жетістік. Әрине, өз басым, Қа­зақ елінде, басқа елдердегі сияқты «негізгі дін» деген ұғымның болғанын, 70 пайыздан астам адамдар ұстанатын мұсылман дінінің мемлекеттік дін дәрежесіне көтерілуін қалар едім. Алайда  бұл – басқа  тақырып…

Екінші – мәдениет факторы. Әр ұлттың  өзіндік ұлттық мәдениеті бар. Кеңес заманындағыдай «формасы – ұлттық, мазмұны – социалистік мәдениет» келмеске кетті. Ассимиля­цияға түспеген, өздерінің мәдени құнды­лықтарын толық сақтап отырған ұлт өкілдерін бір мәдениетке алып келу – үлкен қателік болады. Бірақ бұл жерде екі жүз жыл бойы отаршылдық­та болып, орыс мәдениетін бойларына сіңіріп қалған қазақтарды өздерінің мәдени құндылықтарына алып келу­дің де идеялық-құндылық бағдарына жататынын ұмытпалық. Бұған кейін­нен келерміз, ал қазір мәдениет факторының біздің республикамыз­да азаматтарды біріктіруші күштің рөлін атқара алмайтынын айтсақ та жеткілікті.

Үшінші – тарих. Кез келген елде сол елдің тарихы халықты бір ұлт ретінде ұйыстырушы фактор болып есептеледі. Қазақ жерінде тұратын барлық ұлт осы жердің, мемлекет құрушы ұлттың тарихын – өз тарихым деп есептеуі керек. Керек… бірақ, іс жүзінде солай болып отыр ма? Жоқ. Мүмкін, 20-30-дағылар, егемен кезде шыққан «Қазақ тарихын» оқыған адамдар Қазақ елінің тарихын, қазақ халқының ұлы тұлғаларын білетін болар, бірақ Кеңес үкіметі кезінде мектеп бітірген, жоғарғы оқу орындарында оқыған, өмір сүрген жандардың басым көпшілігі қазақ тари­хын мойындамайды, өздерінің миларында қалған Кеңес тарихын, шын мәнінде, Ресей тарихын ғана қабылдайды. Бұл, әсіресе, ономас­тикалық  жұмыстар кезінде анық көзге түседі. Әлі есімде, Павлодарда­ғы Кутузов атындағы көшенің атын ауыстыру үшін сол жердегі азаматтардың он жылдай уақыты кетті. Сол көшеде тұратын азаматтар және сол қаладағы шовинистік бағыттағы ұйымдар Кутузовтың орнына қазақ тарихындағы тұлғалардың аттарын беруге үзілді-кесілді қарсы болып, отырып алды. Олар үшін Ресейдің тарихи  тұлғасы болып саналатын Кутузов, Суворов, т.т. қазақ батыр­ларынан әрқашан жоғары. Олар тарих­ты  мойын­дамайды. Тарих оларды біріктірудің орнына бөлшектейтін фактор сияқты. Мен бірде Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелерінің алдын­да «Біздер, Желтоқсан көтері­лісіне қатысқан жандар, жыл са­йын 17 желтоқсан күні атап өтеміз. Желтоқсанға арналған ескерткіштің басына барып, гүл шоқтарын қоямыз, құран оқимыз. Неге Сендер де, ұлттық киімдеріңді киіп, бізбен бірге барып, гүл қоймайсыңдар, құран оқуға қатыспайсыңдар? Желтоқсан көтерілісі – Қазақстанның тарихы, демек Сендердің де тарихтарың ғой. Сонда ғана ұлттар арасындағы нағыз достық басталады» дегенім бар. Олардың көпшілігі «Иә, дұрыс айтасың…» деп, бастарын изеді, бірақ ешқайсысы қаралы күнде қасымыздан табыл­мады. Мүмкін, кейбір азаматтың келуге ниеті болған да шығар, бірақ жоғарыдан ондай нұсқау берілмеді. Қысқасы, біздің билік ұлттарды тарихтың бірлігі арқылы ұйыстырудың орнына өздерінің 86-жылғы опасыздықтарының артын жабуды ойлаған сияқты. Бұл жерде тарихты толық алу емес, өздеріне керекті жерлерін ғана таңдап алу бар. Компартиядан шыққан мемлекеттік идеологтар «Қазақ халқы мен Ресей империясының арасындағы екі жүз жылға созылған күрес» немесе «Желтоқсан көтерілісі» деген тарихи жағдайларға жақындағысы  да  келмейді.

Төртінші – тіл. Бір мемлекетте тұратын сан түрлі ұлт өкілін біріктіретін ең басты фактор, идеялық құндылық – мемлекеттік тіл болып табылады. Қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында қолданылуы және сондай қажеттіліктің салдарынан мемлекеттегі барлық ұлт өкілінің қазақ тілін меңгеруі – өздерін «көпұлтты елміз» деп айтудан жалықпайтын мемлекет үшін ең бас­ты фактор екені даусыз. Алайда бұл бағытта осы отыз жылдың ішінде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Әрине, қазақ мектептерінің саны біршама көбейді, қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың саны артты, т.т. Бірақ қазақ тілінің қолданыс деңгейі, оны жақсы меңгерген басқа ұлт өкілдерінің саны баяғы күйінше қалды, ең бастысы, қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілік жасалған жоқ. Ол түсінікті де, қазақ тіліне нақты, заңдық негізде қажеттілік жасалса, біздің саяси элитаның, билік басындағы мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігінің жағдайы өте қиын болар еді. Олар қазақтілді ортада бәсекеге түсе алмайтындарын біліп, қазақ тілін екінші деңгейде ұстап тұруға тырысты және сол мақсаттарын қазір де толық жүзеге асырып отыр. Сол арқылы республикадағы ұлт өкілдерін тіл арқылы біріктіру мәселесіне де «крест» қойды. Қысқасы, билік өздерінің топтық мүддесі үшін ұлттық, мемлекеттік мәселені құрбандыққа шалды.

Міне, жалпыұлттық, мемлекеттік идеялық құндылықты қалыптас­тырудың басты құралы болып та­бы­латын тарих пен тілдің бүгінгі жағдайы  осындай.

МЕМЛЕКЕТТІК  ИДЕЯ,  МЕМЛЕКЕТТІК  ҚҰНДЫЛЫҚ  ЖӘНЕ  ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Меніңше, әлі де шешуін таппаған, керек десеңіз дискуссияға шығарылмаған тағы бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік идея мен ұлттық идеяның ара қатынасы. Ұлттық идея мемлекеттік идея болып табыла ма? Мемлекет құрушы қазақ ұлтының арман-тілектері, мақсат-мүдделері мен ұлттық құндылықтары осы Қазақ мемлекетінде шешуін таппаса, онда қазақ ұлты неліктен өз мемлекетін құруға ұмтылды? Рулық топтардан тайпалық одақтарға, одан кейін даму барысында «халық» деңгейіне жетіп, одан мемлекет құруға дейін көтерілген ұлт өз мемлекетін құрған уақытта өзінің идеологиясын жүр­гізе алмаса,  ондай мемлекет кімге керек? Мүмкін, мемлекеттік идеология мемлекет  құрушы  халықтың құндылықтарынан жоғары болар. Білмеймін. Әрине, барлық мемлекетке тән, мемлекеттік  идео­логияның  болуын жоққа  шығармай­мын, алайда, одан  да  маңызды идеология – сан ғасыр­лар бойы күресте сол мемлекетті құрған ұлттың  идеология­сы. Қысқасы, «Осы мемлекетті кімдер құрды?» «Бұл мемлекет кімдерге керек болды?», «Осы мемлекетттің құрылуы  үшін кімдер еңбек сіңірді?», «Егеменді мемлекет құрылғанда олардың құндылықтары не болмақ?» деген сұрақтарға  нақты жауап бергенде ғана бір шешімге келе­тін болармыз. Егер Қазақ еліндегі басқа ұлт өкілдері Тәуелсіздік үшін күреспесе, оларға қандай мемлекетте өмір сүргені бәрібір болса, олардың мүдделері неліктен ескерілуі керек? Біздің елдің азаматы болғаны үшін ғана ма? Өз басым, қазақ ұлтының идеялық құндылықтарын мемлекеттік құндылықтардан жоғары қоямын. Мен үшін Қазақ елінің идеялық құнды­лық бағыты – қазақ мемлекетін құру бағыты болуы шарт. Осы жерде түсіндіре кететін бір мәселе бар сияқты. Біз «қазақ мүддесі», «қазақ құндылықтары», «қазақ мемлекеті» дегенді мемлекеттегі басқа ұлттардың құқығын бұзатын немесе негативті әсер ететін жалаң ұлтшылдық деп түсінбеуіміз керек. Қазақ мемле­кетіндегі барлық адамның, барлық  ұлт  өкілінің  азаматтық-саяси  құқықтарының бірдей болуы  шарт.

Мемлекеттің беделін көтеріп, әлемге танымал ету, адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету, демократия институттарын орнату және оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету сияқты мемлекеттің идеялық құндылықтары ұлт құнды­лықтарына кері әсер етпейді, қайта ұлттық құндылықтардың жүзеге асуына жағдай жасайды. Бізде осы күнге дейін «қазақ мәселесі» көтерілсе, басқа ұлт өкілдерінің қарсылығына ұшыраймыз деген қорқыныш болған сияқты. Қазақ ұлты өзінің мемлекетін өзінің ұлттық идеясын жүзеге асырып, ұлттық құндылық­тарын дамыту үшін құрды. Біз егемендікті осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін үлкен күрес үстінде, қан мен тер арқылы ғана алдық. Ал осы елде бізбен бірге өмір сүреміз, балала­рымыздың болашағы Қазақ елінің, қазақ халқының болашағымен тікелей байланысты деген шешімге келген кез келген азаматқа жол ашық. Керек десеңіз, қазақ тілін меңгеру деңгейіне байланысты Президент те бола  алады…

Мемлекеттік идея, мемлекеттік құндылықтар дегенде тағы бір таласты көзқарас барын ұмытпалық. Көптеген елде, оның ішінде Ресейде де, біздің түсінігіміздегі мемлекеттік идеология жоқ, немесе олар оны мемлекеттік идеология деп атамайды. Ресей Федерациясы Конституция­сының 13-бабында «Ешқандай идео­логия мемлекеттік идеология бола алмайды» деген жазу да бар. Кейбір саясаттанушылар плюралистік мемлекетте мемлекеттік идеология болмауы заңды деп есептейді. Меніңше, бұл – әлі де болса талдауды, сараптау­ды қажет ететін тұжырым. Екінші­ден, егер ұлттық идеология болса, сол ұлттың құрған мемлекетінде жеке бір мемлекеттік идеологияның болмауы ақылға қонымды сияқты. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік идеология шартты мәселе болса, ұлттық идеология – мәңгілік  құндылық.

ТӘУЕЛСІЗДІК  ҚАЙТА  КЕЛГЕН  КЕЗЕҢДЕГІ  МЕМЛЕКЕТТІК  ИДЕОЛОГИЯНЫҢ  СИҚЫ

Мемлекеттік идея және одан туа­тын идеологиялық жұмыстар жаңа бастама, жаңа ұранмен шектелмейді. Кейде мемлекет, бұрынғы қате идеологиядан құтылу, арылу жолын да идея есебінде қоғамға ұсынады. 1945 жылы Германияның билік басына келген адамдар «Біз фашистік тоталитарлық жүйеден шықтық. Енді Жаңа Германияны құру үшін өткен идеядан арылуымыз керек» деген мақсат қойды. Олар халықты тоталитарлық санадан арылтуды көздеді. Онсыз Жаңа Германияны құру мүмкін  емес  еді.

Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған Қазақ елі Кеңестік идеологияда, тоталитарлық жүйенің тәсілдерінен, коммунистік партияның ұрандары­нан арылу мақсатын қойған жоқ… Керісінше, сол уақыттағы, сол жүйе­дегі болған әділетсіздіктерді сылап-сипап, айналып өтуге тырысты. Оның екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншісі – жоғарыда айтып кеткен­дей, билікті сол тоталитарлық жүйе­ге қызмет жасаған, компартияның номенклатурасындағы жандар алды. Әрине, олар сол уақыттағы қылмысқа, әділетсіздіктерге жауап беру­ден қашты. Екінші себебі – олар мемлекетті басқару үшін демократия­лық институттарды жасақтаған жоқ, өздері ғана білетін әкімшілік-әміршілдік жүйені пайдаланды. Айта кету керек, демократиялық құрылымдар орнағанда бұлардың көпшілігі биліктен кетуге мәжбүр болар еді. Қысқасы, біздің елдің бұрынғы да, қазіргі де идеологиясының бағдары – өздерін және өздері құрып отырған билікті барынша сақтап қалу болды. Ол үшін олар жаңа құндылықтар ойлап тапты және соны сан түрлі тәсілмен азаматтардың санасына ендіруге тырысты.

Оның біріншісі – экс-президент Н.Назарбаевты ерекше ақылды, кемеңгер, данышпан, әділ басшы етіп көрсету. Әрине, мемлекет басшысының беделі – соның қасында билікте жүрген басқа жандарды да жақсы сипатта көрсететіні белгілі, демек осы идеологияның нәтижесі – мемлекет­ті өте ақылды, мамандар, адал да әділетті жандар басқарып отыр екен деген ойға алып келеді. Бұл идеологияның нәтижесінде Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған, қазақ ұлтының мінезіне де, салт-дәстүріне де жатпайтын жеке басқа табынушылық деген аса қауіпті құбылыс пайда бола бастады. Мемлекеттің идеология­лық аппараты, жергілікті атқарушы орындар, ішкі саясат басқармалары, т.т. бұл идеяны таратуды өздерінің басты міндеті, мақсаты деп санады. Өкінішке  қарай, Н.Назарбаев осы бір өте ыңғайсыз, қасиетсіз құбы­лысқа қарсылығын білдіріп, қатаң баға  беріп, тоқтау  салған  жоқ.

Екіншісі – халықты сан түрлі жаңа ұранмен «қарық  қылу». «Жаңа Қазақ­стан», «Әділетті Қазақстан», «Сен мемлекетке не бересің?», «Біз бірге­міз» т.т. Өте жақсы ұрандар. Осының алдында «Қазақстандық жол», «Мәңгі­лік ел», «Қазақстан-2050», оның алдында «Қазақстан – 2030» деген бағдарламалар болған сияқ­ты. Бірақ ұран деңгейіндегі құндылық­тардың ерекшелігі де осында – оларды  талдау,  сараптау оңай жұмыс  емес… Биліктің қателігі – жоғары­дағы жаңа ұрандардың артында сол ұран сөзі тудыратын бірнеше сұрақ­тың тұратынын түсінбеген сияқты. «Жаңа Қазақстан» дегеннің артында «Ескі Қазақстан қандай болып еді?», «Оны кімдер жасады?» «Бұл екі Қазақстанның қандай айырмашылығы бар?», «Ескі Қазақстанның жаман жағы неде?» деген сияқты жауапсыз сұрақтар туады. Ең басты сұрақ – неге осы отыз жыл бойы Ескі Қазақ­станның кемшілігін көріп, оны дұрыстауға қадам жасалмады?» деген сұрақ болар. «Әділетті Қазақстан» деген сөзден кейін, сөз жоқ, «Осы уақытқа дейін біздің еліміздің әділетсіз қоғамда болғаны ғой» деген ой келеді. Ал «Сен мемлекетке не бере­сің?» деген ұран – нағыз кеңестік идеологияның көшірмесі. Тоталитарлық кезеңде де «өзіңді ойлама – мемлекетті ойла» деген идея бірінші орында тұрды. Қысқасы, өзің аштан өлсең де, мемлекет бірінші орында тұруы шарт. Мемлекет сен үшін ештеңе жасамаса да, сен ол үшін барыңды беруің керек. «Біз – біргеміз» деп ұран тастап жүргендердің тең жартысы келесі жартысының тілдерін түсінбейді, ол жерде қандай бірлік болмақ…

Үшінші бағыт – мемлекеттің атын әлемдік деңгейде шығару, танымал ету, Қазақ елінің басқа елдермен қатар екендігін, олармен тең дәре­жеде өмір сүріп жатқанын көрсету. Бұл, меніңше, барлық елдің сыртқы саясатының негізгі бағыты болып табылатын, қажеттілігі мойындал­ған бағдар. Өз басым, Алматыдағы қысқы Азиялық Олимпиада болсын, Астанадағы Халықаралық көрме болсын, керек десеңіз, ЕЫҚҰ-на (ОБСЕ) төрағалық етуіміз де, тағысын тағылар елімізге белгілі бір дәрежеде имидж беретін қадамдар деп есептеймін. Бұл – мемлекеттік деңгейдегі құндылықтар. Алайда, осы жұмыстардың өзінде екі түрлі кемшіліктер, негативті жағдайлар болғанын ұмытпайық. Біріншіден, осыларды жүзеге асырушылар барлық жетістікті бір адамның атына таңуға тырысты, екіншіден, кейбір жобаға жіберілген халықтың қаржысы – алған беделіміздің салмағына сай  келмеді.

ЕНДІ  БАСТЫ  КЕМШІЛІКТЕРГЕ  КЕЛЕЙІК

Бірінші. Отаршылдықтан шыққан кез келген ел, мемлекет, ең бірінші, сол отаршылдық кезеңде сан түрлі айла-тәсілмен, зорлықтың әсерінен жоғалып кеткен, жоғалуға жақындаған ұлттық құндылықтарын қалпына келтіруге тырысады. Мойын­дауымыз керек, екі жүз жылдай Ресей империясының, жетпіс жыл сол империяның отаршылдық саясатын большевиктік жолмен жалғас­тырған Кеңес үкіметінің қоластында болған қазақ халқы өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, тілі мен дінінен толық дерлік айырылды. Халықтың менталитеті өзгерді. Әрине, ұлттық психологияны қайта орнына келтіру ұзақ жылдарды қажет етеді, бірақ тілімізді, жергілікті тұрғындардан рұқсат сұрамастан өзгертілген елді мекендердің атаулары, мәдение­ті­мізді, тарихымызды орнына келтіру Тәуелсіз қазақ елінің басты идеоло­гиясы, басты құндылығы болып табылатын. Өкінішке қарай, олай болмады. Билік «отарсыздандыру» бағдарламасын жасап, құндылық­тарымызды қайтару мәселесіне аттап баспады. Керек десеңіз, сол Кеңес жүйесінің ұлттық, ұлтаралық идеологиясын  әрі  қарай  ұстана  берді.

Мен жылына отыз-қырық елді мекенде кездесулер өткіземін. Сол кездесулердің арасында жергілікті мұражайларды аралаймын. Ең қызы­ғы, 1991 жылдан бастап, біздің қоғамдық формациямыз 180 градус­қа өзгерсе де, мемлекеттік идеоло­гияның бір құралы болып табыла­тын мұражайлар өзгермей, сол қалпында қалған… Өзгеріс екі ғана бағытта. Біреуі – жеке басқа табыну идеологиясының көрсеткіші ретінде мұражайларда Н.Назарбаевқа арнал­ған бөлме ашылған, екіншісі, ол да кейбір мұражайларда ғана, Алаш қайраткерлеріне арналған деректер, суреттер мен құжаттар. Басқасы – сол Советтік заманның «мызғымас» идеясын насихаттау бағытындағы жәдігерлер. Бұл – азамат соғысы, тың игерушілер, т.т. Менің «Сіздердің аудандарыңыздан Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтар шықпаған ба?» немесе «Тәуелсіздік үшін  күрескен «Азат» қозғалысының  мүшелерінің  деректері  жоқ па?» деген сұрағыма мұражай қызметкерлері таңдана қарайды. Олар үшін мен Марстан келген адам сияқты көрінемін. Біреулері «Бізге ондай бұйрық түскен жоқ» десе, енді біреуі «Иә, біздің ауданда Желтоқсанға қатысқан, сол үшін жазаға тартылған екі азамат бар, бірақ олардың барлық құжаттарын облыс сұрап алған» деп құтылды. Орал қаласында Пугачевтың, Чапаевтың мұражайлары әлі де «идеологиялық» жұмыстарын белсене атқарып жатыр… Мен үшін біздің елдің мұражайлары – идеялық-құндылықтардың нақты көрсеткіші. Біз еліміздің болашақ азаматтарын осы мұражайлар арқылы тәрбиелейміз. Мұражайдың идеологиясы сол бұрынғы Кеңес жүйесі кезіндегідей қалса, демек, біздің идеологиямыз да сол қалпында өзгеріссіз қалды деген сөз.

Екінші. 90-жылдардан бастап елімізге «демократия» деген сөз кірді. Кеңес одағындағы Ресейден басқа елдердің барлығындағы Ұлт-азаттық қозғалысы мен демократиялық мемлекет құру ұранымен бірлесе, қосақтала енген сияқты. Азаматтар өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құрғысы келді, сонымен қатар бұл мемлекеттің басқару жүйесі, азаматтардың еркіндігі мен құқығына сүйенген демократиялық қоғам болса екен деп аңсады. Шынымызды айтсақ, сол кездері демократияның не екенін толық түсінбесек те, тоталитарлық жүйедегі әкімшілік-әміршілдік басқарудан халықтық басқару жақсы болар деп есептегеніміз анық. Тоталитарлық жүйенің қайтпас жауын­герлері – биліктегі коммунис­тік номенклатураға демократияның қажеті шамалы болатын, бірақ олар демократияның құрылымдары мен тәсілдерін өздерінің авторитарлық жүйесін ұстап тұруға тиімді пайдалана бастады. 1995 жылы Конституцияны бүкілхалықтық референдум арқылы өткізді. Меніңше, халықтың 98 па­йы­зы Конституцияның баптарын оқыған да жоқ, бірақ сол 98 пайыз Конституцияны қолдап дауыс берді. Қысқасы, Қазақстанда демократия деген ұғым сахнаның артына қойылатын декорацияға айналды… Қазақ елінде демократия құрылымдары, адам құқығы мен еркіндігі, азаматтық қоғамның принциптері мемлекеттік идеяға айналған жоқ. Соның салдарынан біздер митинг пен бейбіт шерулердің мәдениетін меңгере алмадық, саяси плюрализмнің көрсеткіші болып табылатын көппартия­лық жүйе орната алған жоқпыз, әділ де ерікті сайлау жүйесінің жеңісіне куә бола алмадық. Біз биліктің әкімшілік-әміршілдік жүйесінен шыға алмадық. Біздің елде демократия  мемлекеттік құндылық деңгейіне  көтерілген  жоқ.

Үшінші. Ұлтаралық қатынас бағытында, қоғамдағы тұрақтылықты ұстау мәселесінде мемлекеттік идея өте тиімсіз, бұрынғы кеңес заманындағы тәсілдермен жүргізілді. 90-жылдарға дейінгі жүргізілген орыстан­дыру бағыты ешқандай өзгеріссіз қалды. Ұлтаралық қатынастарды жақсарту, халықтар арасындағы дос­тық пен түсіністікті қалыптас­тырудың қажеттілігі мойын­далды, бірақ оны мемлекеттік құндылық есебінде қоғамға енгізу жолдары кеңестік форматта қалды. Осының салдары Қазақстан Халқы Ассамблеясын өмірге алып келді. Ассамблеяның міндеті – Қазақ еліндегі барлық ұлт өкілін қазақ ұлтының маңына топтас­тыру емес, «қазақ ұлтының проблемаларын шешуді» кейінге қалдыру, жасанды бірлікті насихаттау болып шықты. Билік қордаланған қазақ ұлтының отаршылдық кезеңде жоғалып кеткен құндылықтарын басқа ұлт өкілдерімен бірлесе  отырып, мемлекет, қоғам болып шешудің идеясын да, жолдарын да ұсынған жоқ. «Ештеңе жасамайық,  бәрі өзінен-өзі  шешіледі» деген тұжырыммен жұмыс істеді. Бұл, әсіресе, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілін дамыту бағытында анық көрінді. Қазақ тіліне қажеттілік тудырудан қашқан билік осы отыз жылдың ішінде екі түрлі – қазақ және орыстілді әлем, екі түрлі тілдік орта жасақтап шығарды. Қысқасы, қазақстандағы ұлтаралық қатынас­ты нығайтудың нәтижесі – қоғамды тілдік белгісіне қарап екіге бөлуге алып келді. Бүгінгі Украина-Ресей арасындағы соғыс және оның Қазақ еліндегі көрінісі ұлтаралық қатынас­тағы мемлекеттік идеологияның қателігін анық көрсетіп отыр. Орыстілді қауым осы отыз жылдың ішінде сол Кеңес жүйесінің менталитетінде қалды, олардың басым бөлігі өздерін Қазақ елінің азаматтарымыз деп есептемейді… Оны мен «Хабар» мен «Егемен Қазақстаннан» емес, 7 жыл бойы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы барлық дерлік елді мекендердегі жергілікті тұрғындармен, славян ұлт өкілдерімен тікелей кездесулер өткізген адам ретінде анық айта аламын. Менің соңғы кездесулерім, осыдан бір ай бұрын Солтүстік Қазақстанның 28 елді мекенінде өтті. Олар: Краснознаменное, Воскресновка, Буденное, Чапаевка, Благовещенка, Чапаево, Ленинское, Рублевка, Келлеровка, Кременчуг, Драгомировка, Иван-город, Чкалова, Ильичевка, Ленинградское, Боголюбова, Корнеевка, Советское, Сергеевка, Тимирязево, Комсомольское, Буденное, Рузаевка, Кирилловка, Саумалкөл, Петропавл, Октябрьское, Советское ауылдары. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бізде өзге ұлттардың өзгеріссіз, бұрынғы кеңестік кездегі өмір сүрулері үшін, мемлекет құрушы ұлттың отаршылдық кезеңдегі құлдық өмірін өзгеріссіз қалдыру керек болды. Біз өзге ұлт өкілдеріне Қазақ елінде өмір сүріп отырғанын көрсете алмадық. Шынын айтқанда, көрсеткіміз де келмеді. Мемлекет басындағыларға Билік пен Байлық қана керек болды.

Төртінші. Өкінішке қарай, басқа ұлттарды сөз қыла отырып, отыз жылдың ішінде қазақ қауымын да біріктіру бағытында ешқандай идео­логиялық жұмыстардың жүргізілмегенін айта кетуіміз керек. Метрополияның өзінің қоластындағы отар елдерге жүргізетін басты саясаттарының бір бағыты – елді, ұлтты бөлшектеу екенін білеміз, алайда, біздер, қазақтар соңғы жылдары тілге байланысты – «шалақазақтар», «орыс­танған қазақтар», «нағызқазақтар», дінге қатысты – «салафиттер», «яс­сауишілдер», «дәстүрлі дінді ұстану­шылар», «басқа сектаға кіргендер», әлеуметтік  бағытта – «жаңақазақтар», «мәмбеттер», саяси ұстанымға байланысты «билікті жақтаушылар», «оппозицияны жақтаушылар» болып сан салаға бөлініп кеттік. Мемлекет басты құндылық болып табылатын Қазақ халқын біріктіру идеясын таба алмады, ал осы бағытта өз бетінше жұмыс істеп, бастама көтергендерді қолдамады. (Қуат Ахметов (қазақ тіліне қажеттілік орнату бағытында), Құрмет (жұтқа ұшыраған аймақтарға асар арқылы көмек беру бағытында), Марат Тоқашбаев (қазақ мәдение­тін бірізділікке келтіру бағытында), Бурахан (қазақтарды орыстілді аймақтар­ға  көшіру  бағытында ), т.т.

Бесінші. Биліктің екіжүзді саясаты ұлттық бағыттағы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды ұлықтай отырып, олардың мақсат-мүдделерін жүзеге асырудан бастарын ала қашты. Бұл өте аярлықпен жүргізілген идеологиялық жұмыс еді. Мысалы, Алаш арыстарының қазақ халқына жасаған еңбектерін бағалау мемлекеттік деңгейде жүргізілді де, олардың мақсаттарын жүзеге асыру бағытында бір қадам жасалған жоқ… (айта кету керек, осы отыз жылдың ішінде, Алаш­орданың алдарына қойған нақты мақсаттарының  ішінде тек біреуі ғана – жеке  мүфтилік  болу мәселесі жүзеге асыпты). Билік оларға ескерткіш қоюмен, кітаптарын шығарып, той жасаумен, т.т. шектелді. Желтоқсандықтардың мәселесі де осыған ұқсас: Халық қаһарманы берілді, суреттері Алматының көшелеріне ілініп қойылды, бірақ олардың көтерген ұрандары ескерусіз қалды. Егер идеологиялық жұмыстың нәтижесі нақты практикалық деңгейге көтерілмесе, бұл идеологиялық ойын деп аталады. Біздің «идеологиялық ойын» – ұлыларды мақтау, тойын өткізу, ескерткішін жасау, бірақ олардың арман-мұраттарын жүзеге асырмау.  Халық  соған  мәз.

Бірде, осыған ұқсас «ойынның» біріне тікелей қатысуға тура келді. 2009 жылы Ассамблея дайындаған «Ел бірлігі» доктринасына Мұхтар Шахановтың бастамасымен ұлтшыл­дар қарсылыққа шықты. Билік қазақ ұлтшылдарын тыныштандыру үшін әуелі «Ел бірлігі» доктринасын талқылауды тоқтатты да, кейін ұлтшылдар мен билік тарапынан тұратын жұмысшы тобын құрып, доктри­на жазуды соларға тапсырды. Біз (Дос Нұрахмет, Айдос Сарым, Амангелді Айталы және осы жолдардың авторы) доктринаны өзіміздің көзқарасымызға сай жазып шықтық. Оны Ассамблея бірауыздан қабылдады, Президент қол қойды… сонымен іс бітті. Келесі қадам – доктринаны идеологиялық құрал ретінде пайдалануға арналған іс-шаралар жобасын Үкімет жасаған да жоқ. Бұл да – «идео­логиялық ойын­ның»  бір  түрі.

Сөз соңында, біздегі мемлекеттік идеологияны жүргізудің жолдары да сын көтермейді. Мысалы, 2006-2007 жылдардан бастап, Президенттің Жолдауын әрбір әлеуметтік топтарға түсіндіру үшін үкіметтік емес ұйым­дарға жыл сайын қомақты қаржы бөлінді. Қазақстанның азаматтық қоғамы өздерінің алдарына қойған мақсаттарын жүзеге асырудың орнына Президенттің айтылған, жазылған, талай жерде талқыланған жолдауын «халыққа түсіндірудің» жолында кетті. 2019 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа 49 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 57 млрд теңгеге жетті. Бір сөзбен айтқанда, идеологиялық жұмыс коррупцияның көзіне айналды. Осы бағыттағы зерттеулердің бірінде фокус-группаның бір өкілі өзінің пікірінде тамаша баға беріпті: «Если СМИ на дотаций государство, они не будет освещать негатив в его работе. Тогда государс­тво им за это не будет платить. Поэтому СМИ показываеть сказку, а не жизнь. Поэтому я не доверяю этой информации». Қысқасы, мемлекет өзіне сенбейтіндерді көбейту үшін өзі ақша төлейді. Бұндай ақымақтық ешқандай  елде  жоқ  шығар.

Идеология халықтың ұраны да, мұраты да болып табылады. Ал ұраны да, мұраты да жоқ ел қайда бармақ, қайда бет алмақ?

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: