Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жылыту құралын апарып, қайта алып кетті»

02.12.2022, 9:45 361

HALYQLINE.KZ

Биліктегі «Аманат» партиясы (бұрынғы – «Нұр Отан») желіде тараған видеоға байланысты дауға қалды. Екібастұзда жылу орталығындағы апаттан соң жылусыз қалған көпқабатты үйдің тұрғыны желіге видео жариялап, журналистер үйіне жылытатын құрал алып келіп, «кейін алып кеткенін» айтады.

Желідегі видео авторы «телеарна тілшілері барлық тұрғынға жылыту құралын таратып жатқанын көрсеткісі келді» дейді.

Екібастұз тұрғындарына жылыту құралын апарған сюжет «Евразия бірінші арнасының» эфиріне шыққан. Сюжетте «тұрғындарға «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» еріктілері көмектескені, жүзден аса ерікті қаладағы тұрғындарға жылыту құралын таратқаны» айтылады.

Еріктілер мен тілшілерді түсіріп алған екібастұздық «сюжеттегі үй тұрғындары әлі жылусыз отырғанын» жеткізді.

«Евразия бірінші арнасы» телеграм каналында дауға ұласқан видеоға қатысы жоғын мәлімдеді. Телеарна ол жерде басқа сюжет түсірілгенін айтады.

«Желіде тараған видео түсірілген кезде телеарнаның түсірілім тобы ол жерден кетіп қалған» дейді телеарна баспасөз қызметі.

Қазақстандық Arbat.Media ақпарат құралы «Евразия бірінші арнасы» артынша сол үйден екінші сюжет жариялағанын жазды. Arbat.Media мәліметінше, телеарна тілшілері «Аманат» партиясының еріктілерінің жылыту құралын таратып жүргенін түсірген. Екі сюжетте де телеарнаның сол журналистер мен партияның сол қызметкерлері байқалады.

Азаттық тілшісі «Аманат» партиясының баспасөз қызметіне хабарласқанда партияның баспасөз қызметі «түсірілім көзбояушылық» дегенді жоққа шығарды. «Аманат» қызметкерлері жылыту құралын көпқабатты үйге алып барып, қайта алып кетті деген шындыққа жанаспайды деді.

«29 қарашада «Жастар рухының» волонтерлері жылытқыш апарып беру үшін Мәшһүр Жүсіп көшесі 58а үй мекенжайына барды. Зардап шеккен екібастұздықтар бұған дейін волонтерлер штабына өтініш қалдырған. Алайда волонтерлер барған кезде пәтер иесі үйінде болмай шықты.

Сондықтан волонтерлер тобы өтініш қалдырған адамдардың үйін аралауды ары қарай жалғастырды. Яғни, жылытқыш келесі үйде тұрып жатқан мұқтаж отбасыға берілді» дейді партиядағылар.

«Аманат» қызметкерлері «Жастар рухы» еріктілері Екібастұзда көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, көмекке зәру адамдарға 1700 жылыту құрылғысы, жылы жамылғы таратқанын айтады.

Өткен аптаның соңында 150 мың халқы бар Екібастұз қаласы жылу орталығындағы апатқа байланысты жылусыз қалған. 1 желтоқсандағы мәліметі бойынша қаладағы 132 көпқабатты үй, 114 жеке үйде және 13 әлеуметтік объектіге жылу берілген. Қазір кемі 17 көпқабатты үй жылусыз отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: