Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіп бастаймын дегендерге көмек көп

14.11.2022, 16:15 350

HALYQLINE.KZ Жалағаш ауданында жыл сайын түрлі бағдарламалардың көмегімен мемлекеттен қаржылай қолдау тауып, кәсіп ашып жатқан тұрғындар қатары артқан. Себебі іс бастаймын деген жандарға бүгінде пайыздық үстемақысы төмен несиеден бөлек қайтарымсыз қаражат та үлестірілуде. Былтыр 600 мың теңгеге дейін шағын кәсіпкерлікке бағытталған жоба авторларына қайтарымсыз қаражат үлестірілсе, биыл оның көлемі 1 млн 200 мың теңгеден асқан.

Биыл ауданда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа 367,6 млн теңге қаражат қаралған. 109 млн теңгесі ел қазынасынан бөлінсе, Ұлттық қордан 258,6 млн теңге қаралыпты. Негізінен жыл соңына дейін 300 адамды қайтарымсыз қаражатпен қамтамасыз ету көзделсе, жос¬пар қазірдің өзінде 100 пайызға орындалып, қарашаға дейін 300 жоба қаржыландырылды.

Жалпы ауданда қайтарымсыз грантты жоба авторларына үлестіруге арналған 4 рет комиссия отырысы өткен. Ең алғашқысында 2 адам үміткер болып қатысып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты былтыр «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуын аяқтаған 1 адам мал шаруашылығы бағытында комиссияның оң шешімін алса, келесісі қолдау таппаған. Ал келесі комиссия отырысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 79 адам комиссия отырысына қатысып, оның 62-сі бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған. 1 адам тұрақты жұмысқа орналасуына байланысты грант қаражатынан бас тартса, қалған 17 адамның жобасы қолдау таппаған.

Үшінші мәрте өткен отырыста жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 178 адам қатысуға өтініш беріпті, оның 92-сі бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, 86 адамның түрлі жобасы қолдауға ие болған жоқ. Ал соңғы рет қазан айында өткен жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 363 адам қатысуға өтініш беріп, оның 146-сы бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, керісінше 217 адамның жобасы қолдау тапқан жоқ.

Қайтарымсыз қаражаттың әрбір өңірге үлестірілу межесіне келсек, Жалағаш кенті бойынша негізінен 111 адамға грант беру жоспарланған. Десе де 165 адамның жарқын жобасы қаржылай қолдау тапты. Ал ауданға қарасыт ауылдық елді мекендерге келсек, Аққұм ауылы бойынша 17 адамның жобасы меже бойынша қолдау табуға тиіс болса, бүгінге дейін 10 ауыл тұрғыны қаржылай қолдауға ие болған. Шалғайдағы Аққыр ауылдық округі бойынша меженің орындалуы 50 пайызға да жетпейді. Мәселен, бұл елді мекеннен 10 адамның жобасын қаржыландыру межеленсе, бүгінге дейін 4 жоба қолдау тауыпты. Бұл ретте аталған ауылдан келген жоба авторларының саны аз болғанын айта кеткен жөн.

Аудан іргесіндегі Ақсу ауылы – негізінен кәсіп бастауға және оның жемісін көруге қолайлы жер. Кентке жақын орналасқандықтан бұл ауылда өнім өтпей қалады деген іскер азаматтарда күмән аз болатыны сөзсіз. Сондықтан болар, кешеге дейін комиссия отырысында ақсулық ағайындар бірнеше жоба қорғады. Олардың кәсіп ашуға ынталы екені анық байқалды. Мәселен, аталған елді мекен бойынша 12 жоба қаржылай қолдау табуы тиіс болса, бүгінге дейін 15 жоба сәтті қорғалған. Ал Аламесек ауылдық округі бойынша 14 жобаға дейін қолдауға мүмкіндік болған. Бірақ бүгінге дейін 8 жоба сәтті қорғалған.

Бұқарбай батыр ауылы бойынша 15 жобаны қолдауға мүмкіндік болды. Бірақ бүгінге дейін 13 жоба қаржыландырылған. Бұл елді мекенде де кәсіпкерлік саласына жергілікті тұрғындардың қызығушылығы басым екенін айта кеткен жөн. Еңбектен 10 жоба қолдау қажет болса, меже бүгінге дейін 60 пайызға орындалған. Ал Жаңадария ауылы бойынша меже 43,7, Қаракеткенде 78,6, Жаңаталапта 25, Мақпалкөлде 46,7, Мәдениетте 163,6, Мырзабай ахунда 46,7, Таңда 141,7, М.Шәменовте 66,7 пайызға орындалып отыр.

Тиісті қаражатқа қол жеткізгендердің алды бүгінде кәсіпті бастап кетті. Аудан бойынша 300 жобаның қолдау табуы өңірде 300 шағын кәсіпорын жұмысын бастағанын білдіреді. Ауданда бизнес жоба авторларының артуы аталған салада айтарлықтай серпін барын, оған мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиіп жатқанының белгісі болар.
 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: