Ақиқатқа анық қарасақ, ғаламдық қауіпсіздік қыл үстінде тұр. Тіпті, сонау 1962 жылғы АҚШ пен КСРО арасындағы тарихқа «Кариб дағдарысы» атауымен енген текетірестен де ауыр күй кешіп отыр әлем. Айналамыздың бәрінде алауыздық. Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстар соңы алапат соғысқа әкелді. Тіпті, ядролық қару қолданыла ма деген үрей басым. Алатаудың арғы бөктеріндегі Қырғыз бен Тәжік ағайындардың текетіресі, Армения мен Әзірбайжан арасындағы дүрдараздық та әлем елдерін алаңдатуда. Сонымен қатар Ирандағы ереуілді алыңыз. Одан қалса, Қытай армиясы толық жауынгерлік дайындық жағдайын жариялады. Бәр-бәрі – сіз бен бізді ойландыруы тиіс оқиғалар. Себебі, ірі державалар арасындағы өзара сенім күн өткен сайын сетінеп барады. Бұл біздің Қазақстан үшін кері әсерін тигізбей қоймайды. Дәл осы сәтте арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей шығу оңайлыққа соқпайды.
Анығында, Қаңтар оқиғасынан кейін кейбір сарапшының Қазақстанның көпвекторлы саясатының келешегі бұлдыр дегенін де оқып білдік. Өйткені, әлемдегі геосаяси қысымның күрт артуына байланысты өңірлік деңгейдегі «ойыншыларға» бейтараптық таныту күн өткен сайын қиындап барады.
Одан қалса, «Қаңтар қасіретінен» және Еуропа парламентінің қарарынан кейін елімізге санкция салына ма деген қауіп туындағаны ақиқат.
Алмағайып тұста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломаттық қадамы нәтижесін берді. Еуропа парламентінің қарары объективті емес деп танып, ондағы бірнеше депутат Қазақстанның мүддесін қорғады.
Осы сәттерде шығыстағы Қытай, Үндістан, Шығыс Азия елдерімен, іргеміздегі Ресей және орталық Азия мемлекеттерімен, тіпті, мұсылман әлемімен, батыстағы халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту бойынша маңызды қадамдар жасалғанын көрдік. Әңгімеміз «дәмсіз» болмасын, дәйектермен «тұздайық».
Естеріңізде болса, 25 қаңтарда «Орталық Азия – Қытай» онлайн саммиті өтті. Арасына көп уақыт салмай 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатынан кейін Бейжіңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин келіссөз жүргізу мақсатында дөңгелек үстел басында бас қосты. Нәтижесінде, сауда-экономикалық байланыстар нығайып, «Бір белдеу және бір жол» мегажобасын дамытуға басымдық берілді.
Аталған сапар барысында Қытайдың мемлекеттік резиденциясына үш елдің ғана басшылары орналасқан: Ресей Президенті Владимир Путин, Пәкістан Премьер-министрі Имран Хан және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Қытай билігінің бұл қадамы да көп нәрседен хабар берері ақиқат.
Үндістан елімен ынтамықтастық байланыс та өз жемісін беріп келеді. «Оңтүстік векторды» нығайтуға жасалған қарекет нәтижесінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларына жеткен. Күні кеше Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Астанаға ат басын бұрды. Екіжақты келіссөз нәтижесінде екеуара сауда-саттық айналымын 1 млрд долларға жеткізуге уағдаласты.
Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өтуі де – маңызды оқиға. Оған Рим Папасының өзі қатысқанын көріп отырмыз. Кейіннен екі жыл бойы резиденциясынан алыстамаған Си Цзиньпин алғашқы сапарын Қазақстаннан бастады. Әлбетте, бұл қадам қазақ көшбасшысының алпауыттар алдындағы абыройының асқақтығын айғақтап тұр.
Астанада өткен Азия саммиті де елімізді жаңа белестерге көтергенін байқап отырмыз. Әлем назары Ақордаға ауып, аумалы-төкпелі тұста бірлігімізді бекемдей алған мемлекетімізге таңдана әрі қызғана қарады. Батыс басылымдары саммит жайында ой қозғағанда Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр деп жарыса жазуда.
Рас, осынау елең-алаң сәттің өзінде «қауіпсіздік мекеніне» айналып, үздіксіз даму жолынан жаңылмағанымыз – бағалауға тұрарлық еңбектің көрінісі. Себебі, қазіргі уақытта жаппай ашаршылық көптеген елдің шаңырағын шайқалтуда. Деректерге сүйенсек, әлемде күн сайын 828 миллион адам ас-ауқатсыз күн кешуде. Аштыққа ұшырағандардың 60%-ы – қарулы қақтығыстар болып жатқан аумақта немесе олармен іргелес мемлекеттердің азаматтары.
Ол аз десеңіз, сарапшылардың пікірінше, еріксіз көші-қон мәселесі де күн санап артып келеді. Биыл 7,3 миллионнан астам азамат атамекенінен алыстап, шетелден баспана іздеуге мәжбүр болған.
Әлемдік экономикадағы жағдай инфляцияның өсуімен, жұмыс орындарының қысқаруымен және экономикалық құлдыраумен сипатталады.
Осыған орай Ресей-Украина арасындағы соғыс әлем бойынша азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқты. Бүгінде халықаралық валюталық қор 2022 жылы жаһандық инфляция болжамын 8,3%-ға дейін көтерді. Тіпті, алпауыт деген АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде инфляция деңгейі соңғы 40 жылда болмаған рекордтық көрсеткішке жетті. Нақтыласақ, АҚШ-та 8%-дан асты, ал Еуроаймақта – 10%.
Әйткенмен, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, оңтайлы жүргізілген дипломатиялық келіссөздер, жоспарлы стратегия нәтижесінде елімізде тұрақты экономикалық өсім сақталуда. 2022 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құраған.
Бюджет кірістері бойынша жоспар 125 млрд теңгеге асыра орындалған.
Әр қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны белгілі. Ал сол мүмкіндіктерді мүлт жібермей, оңтайлы сәтті ұтымды пайдалана білу – көрегенділіктің көрінісі. Бұл тұрғыда да Президентіміз нақты тапсырма берді: «Біз инвестициялық капитал үшін болып жатқан жаһандық күрестің куәсіміз. 1400 ірі шетелдік компанияның әрбір екіншісі қызметін тоқтатты немесе Ресей нарығынан біржола кетті. Олардың Қазақстандағы релокациясы үшін Үкімет қолайлы жағдай жасауы керек. Бұл біздің орта және жоғары шектегі тауарлар өндірісін арттыра түсуге жақсы мүмкіндік береді», – деді.
Демек, орайлы ортада келісті келіссөз жүргізіп, елімізде бұрын-соңды болмаған өндірістік революция жасаудың алғашқы қадамдары жасалды. Нәтижесінде, елімізге 50 компания келуге ниетті. Мұның өзінде олар Қазақстанға 400 млрд доллар инвестиция салмақ. Қосымша 270 компаниямен келіссөздер жүргізілуде. Аталған өндіріс ошақтары ең бірінші біздің елдегі тұрақтылық пен тұтастықты ерекше құрмет тұтып отыр. Екіншіден, Қазақстанның географиялық орналасуына қызығушылық танытуда. Ақиқатында, шығысымызда миллиард тұтынушысы бар Қытай тұр, теріскейде Ресей, тіпті, орталық Азияның жүрегіндеміз. Демек, инвесторлар үшін де тәуелсіз еліміз аймақтарға ашылатын алтын қақпа болмақ.
Демек, дүние дүрбелеңге түскен сәтте кежегені кері тартпай, әр нәрсені Абай айтпақшы «ұғынысып, келісіп, жанжалсыз шешу» маңызды. Әрі айналасы үш жылдан астам уақытта Қасым-Жомарт Кемелұлының демократияға бастаған қадамын айқын көріп, біліп отырмыз. Нәтижесінде, «ақиқаты осы» деп қос өкпемізді қолымызға алып, шаужайланып тебінгенде алдымызға жан салмайтынды шығардық. Әрине, дұрыс. Әйткенмен, жалқылық ақиқат, жалпылық кесел тудырмауын пайымдауымыз маңызды.
Анығын айтқанда, қазір саяси ойын ойнап, бәсекелесетін сәт емес. Себебі, таразы басында тәуелсіздік тағдыры тұр.
Әлемдік дүмпуді оңтайлы пайдаланып отырған кейбір ел ішіне іріткі салушылар қазір ақпараттық майданға бел сыбана кірісті. Олардың арамза ойы – ел ішін ыдырату. Дәл осылай «Қаңтарда» қол жеткізе алмаған билікті басып алу.
Шындығында, қазақтың басынан не өтпеді дерсіз. Бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп күн кешті. Тәуелсіздік таңы атқанға дейін «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», қолдан жасалған ашаршылық пен соғыстан көз ашпадық. Тіпті, ядролық қарудың да кесепатын көрген біздің қазақ.
Ендеше, еліміздің аузы енді ғана аққа, жамбасы таққа тигенде дербестіктің қадірін қашырып алмайық.
Тарих төреші «Күш – бірлікте» екенін дәлелдеп келеді. Бұл қадам – көне заманнан қазақтың арман-аңсары. Себебі, бабаларымыз «Бірлік қылмай ел оңбас» деген.
Мен біреуді мақтап, ендігісін даттаудан аулақпын, тек ақиқатқа анық қарап, ердің еңбегін бағалай білуіміз маңызды деп есептеймін. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әйткенмен жоғарыда атағанымдай, мемлекетке пайдасы тұрмақ, қолындағы баласы, қойнындағы қатынына шамасы келмегендер ақылманға айналғанына күйінесің.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қадамы мен саяси сауаттылығы әлем елдерін таңдандырып отырғанын ғаламтор дәлелдеп береді.
Шындығында, ғаламдық сын сағатында кәсіби дипломат, сұңғыла саясаткерлер ғана елін тығырықтан алып шығатыны ақиқат.
Сондықтан қазіргі президенттік сайлауға асқан жауапкершілікпен қараған абзал. Себебі, ендігі кезеңде абыройымыздың асуы да, берекеміздің қашуы да өзімізге байланысты.
Қайнар ЖҰМАҒОЖА,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!