Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

16.04.2020, 10:42 819

Алдажар ӘБІЛОВ

13.  Тұтқын  ба,  тұтқын  емес  пе?

Далаға шығып келді, тұман тағы да қалың түсіпті. Сонау Ақмешіт  жақта  күн күркірей­ді, мұнда қар аралас жаңбыр сіркірейді. Аздап сергімек болы­п далаға шыққан еді, адыра­ қалды бәрібір, денесі құсеттеніп мұздады да, үйге асықты. «Әт-тә-ңе нә-лет-ай, бүкіл әлемнің жауын-шашынын Жаңақорғанға жинап қойған ба, немене өзі?!».

Кеше Сағадатты қамады, мұны бос қойды. Бос қойғаны бар болсын, не ұйқы жоқ, не тамақ батпайды. Тіпті қара су да  өтпей  қойғанын  қайтерсің. Қабағы сирек ашылатын қайыс қара қатыны мұны қайдан ұқсын: «Қылтамақ болып қалған жоқсың ба?», – деп қақылдайды. Сірә, жер бетіндегі қанішерлердің ту ұстары осы қатын болар, аузынан бір жөні түзу әңгіме шықпайды ғой албастының. Жаны қыдырып, не істерін білмей отырса, айтып отырған әңгімесінің сиқын­  қарамайсың ба, өй… өзі қылтамақ болғырдың! Бірақ, бұған  бәле  жолайды дейсің бе, құдайыңның  өзі «Осы бәледен аулақ  жүрейін»  дейді-ау.

Бұдан да бар, әкесі марқұм баяғыда-ақ айтқан: «Қатын жіберген жалғыз сен емес, мына  албастыны  құрт!» – деп. Бұл оған бармады, кекілі желпілдеген ұлды қимады ма, әлде… Бұл қайыс қараң енді төсекке келгенде пері ғой, ойын­ының  ғаламаттығы  сондай  өзіңді  жұмақта  жүргендей сезінесің ғой. Мүмкін соныс­ын… Кім білген… Әкесі болса бұлқан-талқан болған: «Нағашыңа тартқан ынжық, иіс алмассың» – деп. Ау, ол шал қалай күймесін, шайпау келін­нің әрекеті қанын қайнатып тұрса.

Ауылда айта береді ғой «Асыңды әкел!» деудің орнына «Аталаңды әкел!» деп, соны мұның әкесі де айтпай ма, сөйтсе келіні атасына атала көже істеп  әкелген ғой. Кә­дім­гі  көтерем  малға  беретін жүгер­іден істелген атала дейді әкеп жүргені. Шал шатынап, шалқасынан түссе, келіні отырған көрінеді: «Істеп бер деген тамағын бір тегеш қып алдына қойсаң да бұл шалға жақпайсың», – деп. Сонда айтқан­ еді әкесі: «Балалар шеті­ней бергесін, әулиеге түнеп көрген бала едің, шал­қытып той жасап, атыңды Тұрғанбай  қойып ем, қайтейін оңбадың ғой, жасық болдың-ау. Ау, сорлым-ау, біз осы піленде жүрген сияқтымыз ғой» – деген  болатын. Иә, кесір келіннің піленінен шал өліп құтылды.

Шынында да бұл өмір бойы тұтқында жүргендей екен. «Ананы істеуге болмайды, мынан­ы істеуге болмайды» дегенн­ен көз ашпапты. Әуелі пионер, комсомолдың тұт­қынында болыпты, «Өйт­пей­мін, бүйтпеймін» деп серт беріпті, одан соң да таусылмайтын «Болмайдылар» құр­сауынан  босатпапты.

Тіпті түсініксіз… Ау, енді қатының, бала-шағаң бар  екен деп бір сұлу қыз кездессе оны ұнатпауым керек пе сонда?­! Оған ғашық болуға болмайды ма сонда? Ау, мен адам емеспін бе? Түсінбейсің адамдарды… Байларға бәрі болады,­ ғашық болмақ түгел, бірнеше қатын алады, оларға: «Мұның ел-жұрттан, туыстан, бала-шағадан ұят» – деп ешкім айтпайды, керісінше: «Өй, нағыз­ азамат, нағыз еркек» – деп мақтайды. Сол байларың ертең өлетінін, біреулерді алдап­, біреулердің тағдырын күл-талқан  етіп тапқан  дүние-байлығының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін білмей ме екен…             О жаққа ешкім ештеңе алып кетпейді ғой… Мұны олар білетін шығар… мұны тіпті мен де біліп тұрған жоқпын ба… Білмей не көрініпті… Құдай-ау,  сонда  да  бірақ  байи  бер­гісі келеді… Елде жұмыс жоқ, ұрлық істесең – сотталасың, ал байлар  вагондап  ұрлап  жатыр. Оларға бәрі болады… Бәріне рұқсат… Осы ма демәкратияң, осы ма теңдігің… Өкімет қайда,  үкімет  қайда?».

Санада сапырылысқан ойлар­дың ішінен біреуі еңсе тіктеді, сөйтті де бұған дейінгі ойларына қарсы шыға бас­тады. «Өй, сорлы! Өле алмай жүріп өкімет сенің не теңің, үкімет сенің не теңің? Өй, көр­пеңе қарап көсілсейші қасқа-ау, ау, тыныш жүрсең сенде біреудің не шаруасы бар. Байиты­ндар байи берсін, аштан­  өліп  бара  жатсаң солар­дан алатының белгілі емес пе, ұрлап аласың ба, тартып аласың ба, сұрап аласың ба – оны уақыт көрсетеді. Олар арқа-жарқа болып отырғанда сен  аштан  өлуің  керек пе? Жо-о-қ, олай болмас. Енді не… ». Ойлар майданында бәрібір  бұрынғы  ой  үстем  түсе  берді.

«Ана жылы, алғаш ауыл әкімдіктері ашылып жатқанда мұның қайыс қарасы айтқан еді: «Ауыл әкімі болайын» – деп,  бұл  мазақ  қылған, сөйт­се, ағып тұрған май екен ғой әкімдік дегенің. Алла-ау, соны мына қатынның білгені ғой, бұл ақымақтың ойына ондай шаруа түсу қайда… «Жоғары білімің жоқ қой» – дегенде «Шымкенттен сатып алмаймын  ба сырттай оқып» – деген еді, башкасы істеп тұр екен ғой сонда… Шынында да солар не істеп отыр, тек бос сөз, ондай сөзді біздің қатын да тас қылатын еді. Ішің удай ашиды, ай, үкімет-ай, қаншама ақшаны далаға шашып, өлген адам мен туған баланы тіркеп отыратын, малға анықтама беретін бір қатын жететін еді ғой сол жерге,­ қазір отыр жеті адам айлық алып… Осы ма еркін­дігің… осы ма әділдігің…

Жоқ, шындығында да бұл – тұтқын екен. Ау, зонадағыларыңның жағдайы жақсы дейді ғой қазір, жұмысына сағатымен барып келеді, үш мезгіл тамағы, жылы орны, жұмсақ төсегі бар, көргені – телевизор, концерт, оқығаны – кітап мен газет. Бәрінен бұрын мерекелерді құр жібермей, атап өтетінін қайтерсің. Негізі солар­ бостандықта, бұлар – қамақта сияқты. Қызық… түсініксіз… Бұл адамнан ба, қоғамнан ба… Әйтеуір зонада бір болған адамның сол жаққа кеткісі келіп тұрады дейді ғой… Рас шығар, кім білген…

Ойбай-ау… ойбай-ау… ойбай­, өткенде ана жыпық Өтештің баласы мұның ұлын ұрып жіберіпті, шешесінің шорбайына тығып жіберейін деп, киініп, ұлын ертіп шығып еді, қарсы алдынан қасқайып қайыс  қара  шықты. «Әй, қай­да барасың? Тыпыршымай отыр… Табатын бір тиының жоқ, намыс сенің не теңің… Оның баласын ұрма, қайта айнал­ып-толған, біздің ұлдың ештеңесі кеткен жоқ, қай балан­ың мұрны қанамайды, мұныкі де қанады да қойды. Бітті. Мисыз-ау, бүкіл прадөк­тіні соның дүкенінен қарызға алып отырған жоқпыз ба… Бермей тастаса не істейсің. Кесесің бе… Әлде сені қуырамыз  ба скәбөредкіге…».

Бұл сылқ ете қалды, сөйтсе, бұлар жыпық Өтештің дүке­ніне де пілен болған екен ғой. Ой, Алла-ай…

Әкесі марқұм көп айтатын: «Қазақты ұрып өлтіретін адам жоқ, дос болып, арақ ішіп отыры­п, бірін-бірі пышақ­тайды, бірінің тауығын екін­шісі ұрлайды, сонда ол иттер қыз  алыспайтын  туыстар  бола тұра тірліктері әлгі. Әне қара, бәрінің көкірегі аспанда, өздерін пайғамбар санайды, бірін-бірі отырғаны кекетіп, мұқатып. Оу, қазақ сорлы қайда­н оңсын: қазақтың жын­дысы­н – жынды, қожаның жынды­сын – әулие деп отырғанда» – деп. Сөйтсе, шалың бірдеңе біледі екен ғой… Башкасы варит етеді екен… Біз ғой ақымақ болып жүрген… Бас­қаны білмеймін, бірақ, менің ақымақтығым өзіме аян. Әйтпесе, нем бар Сағадат пен Ордабекте? Дым көрмегендей солардың  төбелесін қызықтап. Ойбай-ау… ойбай-ау… ойбай, менен гөрі Мәтеновтің құрт шабақтары ақылды болды ғой, Сағадаттың айғайына артын­ да сүртпей, қашып кеткен­. Енді олар тек куә ғана. Сомадай болы­п мұныкі не десейші.­ Ау, артыңды қысып, тайып тұрсаң, біреу саған бір­деңе дей ме. Енді отырсың сарыуайымның теңізіне батып.

Сорлылығым-ай ұшыраттың-ау! Ау, Сағадат – кім, Ордаб­ек – кім?  Ордабек  бұған аталас туыс емес пе… Неден қара басты мұны… Түбі ашылып  отыр, сол кезде Ордекеңді кім өлтіргенін айтса ғой, шір­кін, мұның ары да, қолы да таза болар еді. Енді не болды… Сағадаттың қолшоқпары болып отыр… «Өлікте қолыңның ізі қалды, енді сотталсақ – бір­ге  сотталамыз, атылсақ – бірге атыламыз, егер ұсталып қалсам – Ордабекті екеулеп өлтір­дік», – деп айтамын деген Сағадат­тың сөзінен соншама қорқып… Елдің бетіне қалай қарайды  енді… Қайыс қара ма, қайыс қараны қойшы, ол өлмейді – жұртты өлтірмесе, сорлы балаларымның жай-күйі не болады, осы ауылдың көрінген дөрагы көздеріне шұқитын болды-ау енді. Ойбай­-ау… ойбай-ау… ойбай, ең болмаса марқұмның қал­тасындағы ақшада нем бар десейш­і… Болса да мына тір­лікке пілен екем, неден қо­рыққам  сонда…

Ақымақтық-ай, сонда бұ­лар неге төбелесіп жүр деп те ойламағаным ғой. Неге Сағадат «Ақшаны ал!», – десе алып, «Малды айда!», – десе айдай бергенмін? Құдай еркек қылып жаратып абырой бол­ған ғой, әйел қылып жаратса, көрінген еркектің астында кетерд­ің нағыз өзі болады екем. Сорлы басым-ай…

Қайыс қараның дауысы шықты.

– Не болды, таң атпай қақаңдап? Алтын сарай жақтағы қатындарға қарап ұлып тұрсың ба, немене?

– Әй, жағың қарыссын сенің, жағың қарысқыр. Бір дұрыс сөз айтпайсың ғой… Өзі адам не істерін білмей тұрса?

– Ө-лә! Жын ұрды ма, немене?­ Не істерін білмеген несі, жатқан жоқпыз ба міне, кер маралдай керіліп…

– Өй, марал болмай кет… Болмай  кеткір…

– Болмаса адамға ұйқы бер, мешайт етпе… Онсыз да жұрт «Байың тұтқын ба, тұтқын емес пе» – деп миымды ашытты..­

– О, не пәле, тағы?

– «Сағадатпен бірге қа­малуы­ керек еді, неғып үйде жүр?» деп сұрайды да адам болғас­ын.

– Сен не дедің?

– Не дейін… Обылыста пыркарол ағам бар еді, «Қ­а­сымда болсын» деп сұрап алдым­ – дедім та, пыркарол дегенд­і есіткесін біраз қатын жым болды. Сол керек өзде­ріне…

Бұл Тұрғанбайды  ұйқыдан оятқандай болды. «Пүркорор дейді, ә?!  Шынында  уайымдай бергенше, құдайдың өзі мәулет беріп тұрғанда таныс іздемей ме. Құр жатқаннан болмас, кейде осы қайыс қараның  басы кантачет етіп кетеді, ағайын-туыс, таныстардан сұрастырып, грамотный адвокат  іздейін».

Бір қолына оқушы дәп­терінен жасалған телефон анықтамалығын, екінші қолына телефон тұтқасын ұстап, кішкене қара телефонның шыңылдағанын тыңдап біраз отырды. Құлқын сәріден оятқаным дұрыс болмас, ең болмаса сағат тоғыз болсын, сосын­ хабарласармын деген ойға табан тіреп, тұтқаны орны­на қойды. Ойынан Ақ­мешіттен келген тергеушінің сөзі шығар емес. Жүдә, қатты пәлекет екен, «Соучастник болып­ кетуің мүмкін дей ме, қылмысты жасырдың дей ме, жалған куәлігің үшін жауаптысың дей ме», әйтеуір, таусылмайтын айып, бұл соны әдейі істеп пе, соны неге түсінбейді екен осы жұрт, шындық айтамын деп өліп кетуім керек пе сонда. Шакалдар адамды аяйды деп пе едің, кеше ғой анау камерсантының келіп: Сенен бір сыбыс кетсе үй-орманыңмен, қатын-балаңмен қосып өртеп  жіберем – деп  отырғаны, ойбай-ау, ойбай… нефті­мен айналысып отырған оған бір бензавозды жіберіп, үйге құя салу сөз боп па. Не болса да  өлмес қамды жасау керек…».

Жатын бөлмеге бет алды, санасында бір сұрақ: «Тұтқын ба бұл, тұтқын емес пе? Сонда бұл кім? Енді адвокатқа тұт­қын болайын деп тұрған жоқ па, ол да сұрайтын шығар өкіртіп, бәрі көрініп тұрған нәрсе, оның мені қорғайтындай несі қалды, босқа шығындалам ба? Ал, адвокат таптың делік, сонда оған бере қоятын ақша қайда? Бірде-біреуіміз жұмыс  істемегесін банк кредит те бермейді. Енді не істеу керек?­ Әй, қу тірлік-ай…

Тергеуші неғып Ордабектің сексен жеті бас малы туралы сұрамады екен, ә? Әлде білмей отыр ма… Менің айдасып барғ­анымды Сағадат жазып берген жоқ па жауабында. Онда неғып ол туралы сөз қозғама­й отыр екен?». Ол теңсел­е  басады, аяғы да  өзі­нікі  емес  сияқты.

Осы кезде жаңбыр күшейе түсті, терезені тасырлата ұрған тамшылар «Сен тұтқынсың, сен тұтқынсың» деп тұрғандай.

(Басы  өткен  сандарда.   Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: