25 қазан – Республика күні
«Бар жақсы – балаларға». Біздің елімізде болашағымыз – балаларға жасалып жатқан қамқорлық, жанашыр көзқарас аз емес. Мұндай көрініс Қазалы ауданына да тән. Сөзімді нақты дерекпен өрбітсем.
Өзім басшылық жасайтын №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1986 жылдан бастап балаларды өкпе ауруына қарсы емдеу, сауықтыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Өткен жылдан бері балабақша әлсіреген, жиі және ұзақ ауыратын, аймақтық дәрігерде әртүрлі диагнозбен «Д» есепте тұратын балалар, яғни анемия, өкпе-тыныс алу жолдарының, жүрек-қан тамыр жүйесінің, асқазан-ішек жолдарының, эндокриндік жүйенің, аллергиялық және бүйрек-зәр шығару жолдарының ауруларымен есепте тұратын бір жастан алты жас аралығындағы балаларға арналған емдеу-алдын алу, сауықтыру шараларын атқаруда. Қазіргі таңда балабақшада 6 топ бар.
Халқымыздың ұрпағының жайын терең ойлауында үлкен даналық жатыр. Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керектігі көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған: «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», – деген сөздер біздің көңілімізге серпіліс әкелді.
Бұл сөздерден Президенттің бала тәрбиесіне және тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесіне баса мән беретінін аңғаруға болады. Расында да өз ісіне адал азаматтар ғана еліміздің дамуына зор үлес қосады. Қазақстанда жаңа ғимараттағы, соңғы үлгідегі балабақшалар көбейіп, білікті мамандардың артатынына сенімім мол.
Міне, мерейлі мереке – Республика күні де келіп жетті. Қуанышты бөліссең, көбейеді. Жуырда аудан орталығы Әйтеке би кентінде балаларға арналған ойын алаңы салынғанын айта кеткен жөн. Онда балалар үшін сырғанақ, әткеншек сияқты ойын жабдықтары мен әртүрлі спорт құрылғылары орнатылған. Бұл тұрғындар мен бүлдіршіндерді үлкен қуанышқа бөледі.
Қоғамдағы әрбір оң өзгерістер, жақсы бастамалар «басты байлық – адам» екендігін тағы да дәлелдей түсті.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, ардақты ағайын!
Эльмира Нұрмағанбетова,
№7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасы» КММ меңгерушісі
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!