Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыбайластық: жаңа көзқарас

21.01.2020, 13:13 1181

«Сыбайлас жемқорлық», «таныс», «сыбайластық» – бұл ұғымдар бізге қандай түсінік береді? Қазіргі заманда бұл сөздерді естіген сәтте санамыз тек негативті елестетіні айдан анық. Күн сайын көріп-естігенімізден түсінгеніміз: бұл сөздер ешқашан сен туралы айтылмауы тиіс. Айтылса, өмірің мен мансабыңның соңғы аялдамасына жеткенің. Тарих беттерін ақтарсақ, бұрын бұл сөздердің мәні тіпті басқаша болғанын білеміз. Бұл ұғымдар не себепті дәл қазіргідей негативке ие?

Хандық билік аяқталып, қазақтың соңғы әлеуметтік институттары құлдырап, Кеңес үкіметі орнаған шақта, бұрынғы «ақсүйектермен» таныс болуың сенің пролетариат, яғни жұмысшы табының арасында абыройыңның төмен болуына әкеп соғатын еді. Себебі, егер адам «ақсүйектермен» таныс болса, онда оның жағдайы басқа жұмысшылардан жақсырақ. Басқа пролетариат өкілдері қиналып, заманының «құрбанына» айналған шақта, жағдайы жақсы адамдармен таныс болу – оларды сатып кетумен бірдей еді. Кейін «құрбандар» билік басына келген тұста, жеңілген тарапты әбден езгі астына салады. Ол аз болғандай, кейін сол «құрбандар» билік дәмінің тым тәтті екенін түсініп, оны ешкіммен бөліспеу үшін, барлық «зиялылардан» құтылу үдерісін бастап кетеді. Олардың барлық таныстары да сол тозақтың отынына айналады. «Таныс болудың» алғаш негативке боялуы осы тұста басталады. Басқамен таныс болу тұлғаның кейбір дүниелерге «әділетсіз қол жеткізуін» меңзейтін болды, себебі ол «заман құрбаны» болып үлгермеді ғой.

«Сыбайлас жемқорлық» сөзі тікелей «пара» сөзімен байланысты. Алайда қазір тек бізде ғана бұл сөз заңсыз алынған ақшаны білдіреді. Бірақ, «пара» сөзінің негізгі мағынасы: жай ғана «ақша». Екеуі синоним сөздер. Басқа түркі тілдерінде «пара» өз мағынасын өзгертпеген. Түрік және әзербайжан халқы «акче» сөзіне қарағанда, «пара» сөзін көп қолданады. Коррупцияны білдіру үшін тек «жемқорлық» сөзін қолдансақ, мағынасы түсініктірек болар еді.

Қазір біздің «танысы бар», «танысының арқасында» деген секілді сөздерді теріс мағынада қолдануымыз абсурдқа жетті. Америкалық Дейл Карнеги, одан кейінгі Роберт Киосаки, Гэри Вайнерчук секілді бизнес-тренерлер өз аудиториясына жетістікке жетудің бір сатысы ретінде клиент қалаған сферадан таныс табуды атап көрсеткен. Оған арам ақша беріп, еңбек етпей, пайда көру үшін емес. Таныс адам бизнес әлемінде сені рекомендациялауы үшін, яғни сені басқаларға ұсыну үшін. Сенің еңбегіңді көріп, басқалар алдында саған гарант болуы үшін таныс табу – өте маңызды қадам. «Таныс таба білудің өзі – өнер» деп білетін америкалықтар, танысып, таныстықты өзінің бір плюсі ете білуді «communicative skills», яғни «коммуникациялық қабілеттер» деп есептейді. Коммуникациялық қабілеті жоғары адам ғана басқамен қарым-қатынас құруды «өнер туындысына» айналдыра біледі.

Посткеңестік елдер мен дамуы орташадан төмен елдерден басқа барлық ел халқы өз таныстарын еңбектерін бағалаушы күш ретінде таниды. Ал, ақшамен «марапатталу» этика заңдарымен реттеледі. Мысалы, егер адам ұйымның емес, өзінің ақшасына серіктестік кешкі ас ұйымдастырса және ол үшін ешнәрсе талап етпесе, бұл достық ишара ретінде түсіндіріледі. Кері жағдайда, мансап тауынан құлдырайды. Көп адам этика заңдарының қаталдығының арқасында жемқорлыққа бармайды. Алайда таныстық жұрт түсінігінде жемқорлықтың синонимі емес.

Шындығында, жатып ішер арамтамақтың жемқорлықпен көтерілгеніне қарағанда, алғыр білімпаздың таныспен қанат жайғаны жақсырақ.

Берік  Саймағанбетов, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының маманы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: