Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бизнесті қолдау бәсеңдемейді

15.09.2022, 12:00 435

Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Көп уақытта өңірлердің өркендеуіне сол ауылдан шыққан кәсіпкерлердің сүбелі үлесі бар екенін білеміз. Қолында барын беріп, тартынып қалмай, елдің дамуына еңбек етіп жүр. Дегенмен, осы кезеңге дейін кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек қарас­тырылмады. Жақсылық жасайын десе, жолына бөгет болатын құжат пен келісімшарт секілді қағытпа қағаздар аз емес. Әйтпесе туған жерінің топырағын сағынып, жерлестерінің тұрмыс жағдайын жақсарту, елдің өсіп, өркендеуіне үлес қосуды ат үстінде жүрген әрбір азамат парызы ретінде қарар еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арна­ған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жол­дауында кәсіпкерлікті қолға алып, бір ізге түсіруге мемле­кет тарапынан барынша қолдау көрсетілетіні айтылды. Ел прези­дентінің орнықты ойынан кейін бұл сала бойынша даму­дың  жолын  айқындаудың маңыздылығын ұқтық. Сонымен қатар, бұл жолдауда «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту үшін барлығына бірдей мүмкіндік берілетіні және осы мақсатта нақты реформалардың қабыл­данатынын жеткізді.  Жолдауда есті сөз айтылған соң, қол­даушылар қатары көбейді. Президенттің пәрменімен кәсіпкерлерді қолдайтын нақты қадамдар және оларды қорғайтын заңнамаларды жетілдіру мақсатында тиісті жұмыстар да басталды. Десе де, президент айтқанмен, іс жүзінде нәтижесін көрсететін – ел ағалары. Оның ішінде, облыс әкімдерінің ықпалы зор. Өйткені облы­сы оңбай тұраласа, әкімнің тірлігі түкке алғысыз болатыны анық.  Сонда барып халықтың жон арқасынан жылан жорғалаған күйде қалатыны сөзсіз. Алайда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасы­мен, кәсіпкерлермен ашық форматта кездесіп, мәселенің мәйегін тыңдады. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының  орынбасары Тимур Нақыпбеков, облыс прокуроры Нұрлан  Бижанов  пен  салалық  құрылым  басшылары  қатыс­ты.

– Биылғы жылдың мамыр айында бизнес өкілдерімен өткен кездесуде мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды» құруға кәсіпкерлер атсалысуы қажеттігін атап өтіп, өңірлерде бизнеске қолайлы орта қалыптастыруды бізге тапсырды. Қолайлы бизнес ұйымды қалыптастыру заңдарды өзгертумен, субсидияларды бөлумен шектелмейді. Сол себепті кәсіпкерлермен жүздесіп, осы саланы дамыту бойынша ұсыныстарын тыңдағымыз келеді. Әрі қарай даму бағытымызды анықтап, көтерілген мәселенің шешімін бірге анықтайтын боламыз, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

Кәсіпкерліктің дамуын тежеп тұрған өткір мәселелерді хат түрінде емес, көзбе-көз облыс әкіміне айтуға мүмкіндік берілгені дұрыс шешім. Себебі экономиканы көтерудің төте жолы – кәсіпкерлікті дамыту. Әсіресе, шағын бизнестің үлесін көбейту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте кәсіпкерлік саласының әлеуетін көтеру үшін бизнес өкілдерімен пікірлесу маңызды екенін тағы да айтып өткен жөн. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, Ұлттық кәсіпкерлік палата­сы кәсіпкерлікті қорғаудың эко-жүйесін құрудың бизнес-жоспарын бастапты. Бизнес­ті қорғаудың эко-жүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілердің құқын бұзу фактілерін және мемлекеттік рет­теуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшіліктерді азайтуға бағытталған ұсыныстарды әзірлеу көзделген. Бүгінгі кездесу де эко-жүйе аясында жиі кездесетін мәселелердің шешімін табу  үшін  ұйымдастыры­лыпты.

– Мемлекет  басшысы  кәсіпкерлермен мамыр  айындағы  кездесуінде  нақты бағыттарды  көрсетті. Қалай кәсіпкерліктің  даму  қажеттігін, тежеуіш  фактілердің  болмауын,  сондай-ақ құқық  қорғау  органдары, жергілікті  әкімшілік, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының осы жұмыс аясында бағытын қалай қою қажеттігін атап өтті. Осы жұмыс бойынша еркін форматтағы кездесуіміз Қызылорда облысын  қосқанда  9  өңірде  өткізілді. Ал  кәсіпкерлік  мәселесімен айналысатын жұмыс тобын құрып отырған әзірге жалғыз облыс. Жергілікті мәселелерді әкімдік шешіп берсе, республикалық деңгейдегі проблемаларды Үкіметке біз жеткізіп отыратын боламыз. Алдағы уақытта мұндай кездесу түрі жылына  бірнеше  рет  өткізіліп  тұрады, – деді  ҰКП  Басқарма  төрағасының орынбасары  Тимур  Арсенұлы.

Жиында отандық өнім өндіру, азық-түлік қорын көбейту және жергілікті тауарөндіру­шілерді қолдау іс-шаралары мен өңдеу салаларының дамуы ашық қозғалды. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру, жеңіл өнеркәсіп,  құрылыс  және Байқоңыр қаласында босаған  ғимараттарды заңды түрде пайдалану  бойынша  сауалдарын қойып, сол мезет­те облыс әкімі мен жауапты мамандардан жауабын алды. Бизнес өкілдерінің көтерген мәселелерінің  барлығына  нақты  жауап  берілді. Тіпті тиісті мемлекеттік  органдарға  арнайы тапсырмалар  беріліп,  міндеттемелер  жүктелді.

Аймақ басшысы мұнай қорының сар­қылуына байланысты газ өндіру ісінің көлемін арттыруға басымдық берілгенін, өндіріс орындарының жанынан ілеспе зауыттар ашу арқылы жаңа жұмыс орындары құрылатынын жеткізді. Сондай-ақ, инвестиция тартуға қолай­лы жағдай жасау арқылы кәсіпкерлердің жаңа  жобал­арды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін  қаперге  салды.

– Инвесторларды қолдау мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының рөлі күшеюде. Оның құрамында «Қызылорда инвестициялық және талдау орталығын» ашып, инвестиция тартуға кең мүмкіндіктері мен қызметтік байланыстары бар ірі кәсіпкерлерді шақырамыз. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық береміз. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыруды қолға аламыз. Өнім өндіруге ынталы азаматтарды қолдаймыз. Келер жылы экспортқа шығарылатын томат концентратын өндіретін зауыттың құрылысын бастаймыз. Ал, әртараптандыру бағытында шетелде сұранысы көп азықтық жүгеріні егу қолға алынады. «Ақжарма и К» шаруашылығы СПК-мен бірлесіп жүгері өсіруге қажетті технологияны енгізуге инвестор тартуда. Мұнан бөлек, агроиндустриялық зоналар ашу жоспарымызда бар, – деді облыс  әкімі.

Ұлттық кәсіпкерлік палатасы құқық қор­ғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуде. Кәсіп­кер­лерді алаңдататын ең басты мәселелердің бірі негізсіз жауапкершілікке тартылу жағдайы екен. Осы орайда Президент жолдауынан ке­йін ҚР Бас прокуроры Б.Асылов 2 қыркүйек күні адал бизнесті қылмыстық орбитаға тарту фактілерін азайту мақсатында барлық қыл­мыстық қудалау органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін қатаң регламенттейтін нұсқау жолдаған. Сол себепті Нұрлан Бижанов кәсіпкерлер алдында баяндама жасап, оның орындалу  шарттарымен  таныстырды.

– Аталған  нұсқаудың  маңызды тұстары мынадай сипатқа ие. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласу немесе заңды қызметіне кедергі келтірудің әрбір дерегі бойынша кінәлі адамның жауаптылығын дереу шешу көзделді. Алдағы уақытта келесі жағдайларда кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істі тіркеуге жол берілмейді:

1. Екі тараптың арасында қаралып жатқан азаматтық-құқықтық даулары бар бұзушылықтар болса;

2. Шағымдану мерзімі өтпеген аудит, ревизия, тексеріс актілері бойынша;

3. Мердігер алған пайда орындалған жұмыстың сапасына теріс әсер еткені туралы нақты деректер айқындалған қорытындылар бойынша;

4. Уәкілетті органның актілерінде нақты қылмыстың белгілері туралы жеткілікті мәліметтері болмаған жағдайда;

5. Кәсіпкерлік субъектісімен заңсыз алынған кіріс немесе шығын туралы формальді белгілері бар маманның қорытындылары бойынша.

Одан басқа кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істі тіркеудің негізділігі мен заңдылығы 24 сағат ішінде қадағалаушы прокурормен тексерілетін болады. Сотпен санкцияланған жасырын тергеу әрекеттерінің негізділігі мен заңдылығы 48 сағат ішінде тексеріледі. Прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істің ақылға қонымды тергеп-тексеру мерзімін айқындайды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді алаңдататын тағы бір мәселе – мемлекеттік аудит қорытындысы негізінде қылмыстық істің қозғалуы. Осыны қылмыстық іс ретінде тіркеуге тыйым салу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде Бас прокуратураға ұсыныстар берілді. Бұған басты себептің бірі ретінде, мемлекеттік аудит қорытындысының негізсіздігі себеп болуда. Нақтыласақ, қолданыстағы заңнама бойынша қылмыстық істі тіркеуге негіз болатын мемлекеттік аудит қорытындысы мердігердің (кәсіпкердің) қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік береді. Кейіннен істі тергеу кезінде мердігермен ұсынылған қосымша уәждер мен құжаттар аудитордың тұжырымдарын жоққа шығарады немесе  келтірілген  залалдың  мөлшерін төмендетеді. Салдарынан  кәсіпкерлердің қылмыстық  қудалау  орбитасына негізсіз тартылуына әкеп соғады. Осылайша, Президент жолдауында көрсетілген кәсіпкерлік бағытты дамыту мақсатында мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, ерекше қолдау көрсетілуде, – деді  ол.

Келелі кездесуде Нұрлыбек Нәлібаев шетел­дік кәсіпкерлердің тәжірибесі мен иннова­цияларын  енгізу ісі басталғанын тілге тиек етті. Естеріңізде болса, егінге орақ түскенде өзге елдің білікті кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасқан болатынбыз. Мәселен, украиналық инвесторлармен тұкым шаруашылығын дамыта отырып күріш, бидай, жүгері, соя дақылдарының жаңа сорттарын шығаруда ынтымақ­тастық орнатсақ, аустралиялық «Rubicon Water» компания­сының суды пайдалану тиімділігі тәжірибесі қолға  алынған  еді.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының  басшысы Мұса Қалдар­беков  кәсіпкерлерді қолдауда әртүрлі көздер­ден 20 миллиард теңге шамасында қаржы қаралып, бүгінде 700-ден астам жобаға жеңілдікпен несие берілгенін айтты. Ауылдық елді мекендердің  кәсіпкерлері үшін шағын несие­лер  беру  бағытында  кәсіпкерлердің  393 жобасы  6,1 миллиард теңгемен  қаржыландырылған. Оның айтуынша, осы жылдың 1 тамыздағы жағдайға өңірде 60 627 бірлік кәсіпкерлік субъектісі  тіркеліп, көрсеткіш 70,4 процентке ұлғайыпты. Оның ішінде, заңдық тұлғалар  8326, жеке кәсіпкерлер 40175, шаруа қожалықтар 12126 бірлік болды. Кәсіпкерлікте жұмыспен   қамтылғандардың саны 6,06 процентке өсіп, 104383 адамды құраған. Бұл – облыстағы жалпы  жұмыспен  қамтылғандардың 3/1 бөлігі.  Жалпы, кәсіпкерлердің 39,3% қызмет көрсету, 30,3% сауда саласын­да, 22,7%  ауыл  шаруа­шылығында, 6,7% өнеркәсіпте жұмыс істейді. Өңдеу өнеркәсібінде  кәсіпкерлердің үлесі 6,7 процентті құрап, облыста өндіріс орындарының  саны  1600-ге  жуықтаған  екен.

Басқосуда «Жан-Арай» ЖШС дирек­торы Бақдәулет Махашов көтерме-тарату орталығы­ның әлеуетін жоғарылату арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жолдарын ұсынды. Жиырма жылдай осы салада қызмет етіп келе жатқан маман 90-жылдары алып-сату­дан бастап, уақыт өте келе «өзіміз өндірмей ешнәрсе алға баспайды» деп шешім қабылдап, өндіріске  бет  бұрыпты.

– Кәсіпкерлерге қолдау жоқ емес, бар. Дегенмен, көп уақытта жарты жолдан шорт кесіліп жататыны ақиқат. Бізде көбіне қаржы жағынан қиындықтар туындайды. Біріншіден, қаржы мәселесі шешілсе, мемлекет тарапынан арзандатылған несиелер берілсе екен. Екінші  дәрежелі  банктерде  несиені 12  айға  береді. Алайда сіз келісімшартқа отырып, ол ақшаны аласыз, салыққа тіркейсіз, затты аламын деп жүргенше 8 ай өтеді. Бір рет үлгерсеңіз айналым жасай аласыз, үлгермесеңіз ол да жоқ. Енді мемлекет басшысы айтып өткендей, ауылға 2,5 проценттік несие шығарды. Бірақ біз соған дайынбыз ба? Ұлттық палатамен бірге бүгіннен бастап  жұмыс  істесек, – деді  Бақдәулет  Махашов.

Ал, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов егін шаруашылығын әртараптандыру туралы тәжірибесімен бөлісіп, бақша дақылдарын көбейтудің желісін жандандыру мәселесін көтерсе, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Нұрқожаев кәсіпкерлікке берілетін жер телімдері, инфрақұрылымы, перспективасы жөнінде баяндама жасады.  Бұған қоса, «Q-Med» компаниясының жобалық менеджері Ботогөз Жұмағұлова жекеменшік медицина саласының қызметтер ауқымын кеңейту мәселесін қозғады. Нұрлыбек Нәлібаев бұл тұста 20 мың адамды мәжбүрлі түрде бір орталыққа үгіттеп апарып беру ұсынысы ерсі екенін мәлімдеді. Бірақ бос ғимараттар тауып бере  алатынын  жеткізді.

Айта кету керек, аймақ басшысы азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкелу тәуелділігінен арылу үшін бақша дақылдарын егу ісінде жергілікті кәсіпкерлерді, ынталы бизнесмендерді әрдайым қолдайтынын ашық айтты.

– Көкөністердің біразын көрші аймақтардан алатынымыз жасырын емес. Картопты Павлодардан, сәбізді Қостанайдан әкелудеміз. Қалғаны Түркістан облысынан келеді. Бұл проблеманы жою үшін егін егуге ынталы шаруаларға жер бөлуді тапсырып, оларға жағдай жасадық. Бақша өнімдерін, көкөністі егуге біздің өңірдің мүмкіндігі жетеді. Істі ілгерілетіп әкеткен шаруалар да бар. Күрішке ғана иек артып қоюға болмайды. Артылса, өнімді сатуға мүмкіндікті де қарастырамыз, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі құр сөзбен мынаны істеуге болады, бүйтуге болады дегенді қабыл­дамайтынын ашық айтты. «Жай сөздің қажеті жоқ. Біз бұның бәрінен өткенбіз. Талай ұрандатып, форумдар өткізіліп, үйіп-төгіп уәделер  берілгенмен,  соңында нәтижесі болмады. Кейде ойланамын, сол ақшаға конференция  өткізгенше, біраз нәрсе ашуға болатын еді. Бізге нақты  ұсыныс  пен  соған  қатысты  жүйелі  жұмыс керек. Сол кезде біз қолдауды аямаймыз. Мен де кәсіпкердің арасынан шыққанмын, шет жағасын  білемін. Болатын, болмайтын дүниенің аражігін ажырата аламын. 15 жыл әкім қызметінде келе жатырмын ғой,  ауданы бар, қаласы бар, басқа қызметтерді есептемегенде. Көп ұсыныс әдемі айтылады, бірақ соңына дейін жеткізбейді. СПК арқылы қаржыландырылғанның 90 проценті іске асып тұрған жоқ. Шипажай сияқты қажеттілігі аз дүниеле­рге қаржы бөлінген. Бұған экс-әкімдерді кінәламаймын. Өйткені кәсіпкерлер сөздерін жинақ­тап, жобаны дәлелдеп, бірақ іске келгенде қолы байланып қалады. Қысқасы, ауызбен орақ орудың хас шебері. Сондықтан кәсіпкерлер нақты жобаны алып келіңіздер, қолдауды міндетті түрде көрсетеміз» деп пікірін білдірді. Аймақ басшысының талабы үлгілі  үдеріске  үндегендей  болғаны  сөзсіз.

2050 жылдан бері Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясының иелігінде екенін білеміз. Қазіргі таңда Ресей тарапынан қазақ кәсіп­керлеріне бос тұрған ғимараттар берілуде. Алайда ғимарат берілгенімен, жері берілмей тұр. Сол себепті  кәсіпкерлер бүкіл қаражатын  кәсіпке құйып, жұмыс істегісі келгенімен ең соңында жер  иесі келіп, өз құқын айтып, алып қоя­ды деген қорқыныш пен үрей бар екенін байқоңырлықтар жеткізді. Аймақ басшысының  айтуынша, Президенттің өкілі  және облыс  әкімінің  орынбасары Қайрат Нұртай  осы  мәселемен  айналысып   жатыр.

Сондай-ақ, бірқатар кәсіпкерлер жаңа емхана ашу, бос тұрған ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану, туризмді дамыту, жеке балабақшал­арға субсидия бөлу, жеңіл өнеркәсіп саласына жағдай жасау сынды өзекті мәселелерін  ортаға  салды.

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде бизнес климатты жақсарту үшін кәсіпкерлердің ұсыныстары мен жобаларын қарайтын арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді. Бірқатар мәселені мүмкіндігінше  шешетінін айтты. «Кейде қаражаттың қол байлауы кедергі болып жатады, дегенмен уәдеде тұратын азаматпыз» деп сөзін аяқтады. Ал, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков мұндай жұмыс тобының алғаш болып Қызылорда өңірінде бастау алатыны қуантар­лық жағдай екенін айта кетті. Келе­лі кездесуде кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы еске­рілді. Енді кәсіпкерді ширатып, біліктіге білек түргізіп тастайтын күн де туар. Бұрынғы жүйеде  сіріскен сең бұзылып, жұмыс алға жылжиды  деп  сенейік.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: