Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі кент тұрғындарымен кездесті

25.08.2022, 12:30 775

HALYQLINE.KZ Бүгін Шиелі ауданының әкімі Ахатов Нұржан Сәбитұлы кент орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы №219 мектеп-лицейде және Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде кент тұрғындарымен кездесіп, бірқатар атқарылған жұмыстардың барысын ақпараттандырды және кентімізде алдағы жүзеге асатын жоспарлармен бөлісті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Халықты толғандырып жүрген сауалдарын тыңдап, шешу бағытында тиісті шаралардың қабылданатындығын айтты. Кездесуге кент тұрғындары, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.

Шиелі кентінің тұрғындары өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды. Халықты толғандыратын мәселелердің басым бөлігі жол жөндеу, көшелердің түнгі жарығын жүргізу, жаяу жүргінші жолын салу, қоғамдық көлік және басқада ұсыныстардан құралды. Биылғы жылы кенттің тазалық жұмыстарына 65 млн теңге қаржы бөлінген болса абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына 105 млн теңге қаржы бөлініп, кент көшелерінің түнгі жарық бағаналарын орнатуға 67 млн 863 мың теңге қаржы бөлінді. Кент тұрғындарының салауатты өмір салтын жақсартуға және спортпен шұғылданушылардың санын арттыру мақсатында кенттің теріскей беткейінен жабық 180 орындық спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Сонымен қатар, жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 974 азамат жүгініп, 469 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларға мемлекеттік грантын 10 адам алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 45 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша 14 адам, жастар тәжірибесімен 43 адам, ақылы қоғамдық жұмыстармен 303 адам жұмыспен қамтылды.

Кездесу соңында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы әрбір көтерілген мәселе қараусыз қалмайтындығын, жан-жақты сала мамандарымен бірлесе отырып шешілетіндігін жеткізді.

Айта кетейік, аудан бойынша 123 шақырым жол бар. Оның 80 шақырымы – республикалық, 98 шақырымы – облыстық деңгейдегі жолдар. Ал аудандық деңгейдегі 145 шақырым жолдың 136 шақырымы асфальтталған. 401 көше болса, соның 87 пайызына тасжол салынған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: